«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

2025 жылы үйлі болу оңай

2025 жылы үйлі болу оңай
Ашық дереккөз
«Талпынған жетер мұратқа» дегендей қайтсем де баспаналы боламын деген адам биылғы жылы жетістікке жетіп, үйлі болмақ. Бұлай дейтініміз –2025 жылдан бастап баспана алу шарттары айтарлықтай жеңілдеді. Тұрғындардың қуанышына орай, жаңа әрі тиімді бағдарламалар іске қосылды. Қайсысы шын, қайсысы миф екенін біздер саралап көрдік.

Баспаналы болуды армандау – дұрыс, алайда оған саналы түрде дайындалу мүлде бөлек нәрсе. Барлығымыз өз шаңырағымыздың болғанын қаласақ та, үй алу үшін нақты әрекетке көшіп, депозит ашуды кейінге қалдырып жатамыз. Қазіргі таңда баспана алуға бағыт-бағдар беретін кеңесшілер де, ипотека рәсімдейтін банктер де аз емес. Алайда ең маңыздысы – алғашқы жарна үшін депозитте қаражаттың жиналуы. Егер ай сайын табысыңыздың кемінде 10 пайызын депозитке жинап отырсаңыз, үй алуға мүмкіндік туады.

Бүгінде Таразда отырып-ақ, өзге қалалардан баспана сатып алуға болады. Тіпті кей жағдайларда тұрақты жұмысыңыз болса, алғашқы жарнасыз-ақ бөліп төлеу арқылы үйлі болуға мүмкіндік бар. 2025 жылдың басты жаңалығының бірі – атыңызда үй болса да, 20 пайыз депозитпен жаңа баспана сатып ала аласыз. Бұл мүмкіндік «Жасыл ипотека» және «Ұмай» бағдарламалары арқылы жүзеге аспақ.

БАСПАНАСЫ ЖОҚ КЕЗ КЕЛГЕН АДАМ ҮЙ КЕЗЕГІНЕ ТҰРА АЛАДЫ

Ең қуанышты жаңалық – енді басында баспанасы жоқ кез келген адам үй кезегіне тұра алады. Бұл 2025 жылдың екінші тоқсанынан бастау алмақ. Әзірге заң күшіне енбеді. Президент тұрғын үй саясатын реформалауға арналған заңға қол қойды. Яғни, кез келген кәмелет жасқа толған азамат ешқандай санатқа кірмесе де, тізімге кіреді. Баспана кезегін «Отбасы банк» жүйелеп реттейді.

Осылайша, құзырын кеңейткен банк, тұрғын үйді бөлу кезінде баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке қою күні мен табыс деңгейіне баса мән береді. Бұл бірінші кезекте, ұзақ уақыт кезекте тұрған адамдарды баспанамен қамтуға мүмкіндік береді. Әзірше, құжаттарды Egov порталы арқылы тапсыруға болады. Заң күшіне енгенімен, «Отбасы банкі» 6 айдан кейін жұмысты толық бастайды.

– Үй кезегінде облыс бойынша 38 мың, қала бойынша 23 мыңнан аса адам бар. Ең бірінші кезекте 8 санат бойынша халыққа үй беріледі. Иә, Президентіміздің Жарлығымен кез келген адам онлайн түрде үйге кезекке тұра алады. Бірақ атында бес жыл бойы баспанасы болмауы керек. 2024 жылы «Отбасы банк» тарапынан бір шаршы метрі 160 мың теңге тұратын «Ұлы дала» шағынауданынан 1000-ға жуық пәтер берілді. Біздер халықты жаппай үйлі етуді бұрыннан қолға алғанбыз. Қалай заң күшіне енеді, қандай бағдарламамен береміз, оның бәрі толықтай шешілсін. Арнайы хабарлап айтамыз. Халықтың осал топтары үшін мемлекет тарапынан үй беріледі. Қайсысы тегін үй сертификатымен немесе ипотекалық бағдарламамен алады бәрі санатқа байланысты. Мемлекеттен берілетін үйлердің бірінші, екінші және үшінші қабаттары міндетті түрде мүгедек жандарға, көзі әлсіз көретіндерге беріледі. 4-қабаттан бастап көпбалалы аналарға, толық емес отбасыларға беріледі, – дейді облыстық «Отбасы банк» филиалының директоры Нұрлан Сұлтанов.

Ендеше баспананы жалға алып өмір сүріп жүрген қазақстандықтардың осы жылдан бастап өз үйі болмақ.

АЛҒАШҚЫ ЖАРНАСЫЗ ҮЙ – ӨЗІҢДІ ӨЗІҢ АЛДАУ

Халық арасында «бастапқы жарнасыз да үй алуға болады екен» деген алып-қашпа әңгіме жүр. Осының растығын сұрап табан тоздырдық. Елдің бәрі үй алғысы келеді. Өз отауы болғанын кім армандамайды. Бұл күндері расымен де жекеленген үй соғып жатқан компаниялар тұрақты жұмысы бар адамдарға, айлық жалақысы жоғары жандарға бастапқы жарнасыз пәтерлерді ұсынуда. Алып жатқан жандар да бар.

Дегенмен баспананы алғашқы жарнасын төлемей алғандықтан ипотекаға төлейтін несие сомасы өте үлкен. Бұл дегеніміз жоғары тәуекелді қажет етеді. 19-20 жыл бойы 300 мыңнан не 500 мыңнан төлем жасап отыру – адамды жалықтырады және шаршатады.

– Қазақстан нарығында мұндай ұсыныстар жоқ. Дегенмен HalykBank пен «ЦентрКредит» банкі бастапқы жарнаның орнына жылжымайтын мүлік түріндегі кепілді ұсынуға мүмкіндік береді және олардың шарттарында «0 пайыздық бастапқы жарна» нақты көрсетілген.Бұл – өзіңді-өзің алдау. Бұл жерде кепіл зат бар. Егер сізде актив болса, оны сатып, жаңасын сатып алу оңайырақ. Егер бұл туыстарға тиесілі актив болса, онда туыстар үшін ықтимал тәуекелдер бар. Нарықта мұндай шарттар сирек кездеседі. Мұндай банк ұсыныстары нарыққа айтарлықтай әсер етпейді. Жекеленген мердігер компаниялар алғашқы жарнасыз ұсынып жатыр. Бірақ сіз кепілзат қоюкерексіз. Өз үйіңіз болса оны неге кепілге қою керексіз. Жұмыс орныңыз тұрақты ма? Ешкім де, ешнәрсе де тұрақты емес. Мәңгілік ештеңе жоқ. Барлығымыз да бала-шағаның қамы деп күйбеңдеп тірлік істеудеміз. Кейбір компаниялардың әлеуметтік желілерде жарнамасы жер жарып тұр. Мен олар туралы жаман нәрсе айта алмаймын. Сауатты адамдар ненің дұрыс екенін өздері шешеді, – дейді үй саласының жілігін шағатын маман, «Отбасы банк» облыстық филиалының директоры Нұрлан Темірбекұлы.

Ендеше әлеуметтік желілердегі айтылғандарға сене бермеңіздер. Жыл сайын баспаналы болудың мүмкіндіктері көбейіп келеді. Мәселен, 2025 жылдың қаңтар айынан бастап «Жасыл ипотека» бағдарламасы жүзеге аса бастады. Бастапқы жарна 20 пайыз болуы міндетті. Ал наурыз айынан бастап қазақстандықтар «Наурыз» бағдарламасы арқылы баспаналы болады. Бастапқы жарна – 10 пайыз.

КЕЗЕКПЕН АЛҒАН ҮЙДІ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРЕ АЛАСЫЗ

Баспана нарығында биыл ерекше жаңалық өте көп. Ең біріншіден санаты бар адамдарға мемлекеттен кезекпен берілетін үй мен екінші деңгейлі банктерден ипотекалық бағдарлама арқылы берілетін үйлерді шатастырмаңыздар. Үй кезегіне кімдер тұра алады?

Әрине, ҰОС ардагерлері, көпбалалы аналар, толық емес отбасылар, жетім балалар. 2024 жылдың 4 желтоқсанында қазақстандықтарға жалға берілген тұрғын үйді жекешелендіру туралы заң қабылданып, күшіне енді. Енді қазақстандықтар жалға берілген тұрғын үйді жекешелендіру арқылы баспаналы бола алады. Одан өзге ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайы ескеріліп, 8 категорияға жататын тұлғаларға арендалық және кредиттік тұрғын үйден кемінде 70 пайыз үлеспен бірінші кезектегі құқық берілмек.

Мұндай сүйінші жаңалық еліміздегі тұрғын үй саясатын реформалау арқылы өз жемісін беруге жақын. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметін атқарған Қанат Шарлапаев бұған дейін Үкімет отырысында тұрғын үй алуды қолжетімді ететін заң қабылданғанын хабарлаған болатын.

– Тұрғын үй саясатын реформалау шеңберінде, жергілікті атқарушы органдардың есепке қою және үйлерді бөлу функцияларын ұлттық даму институты «Отбасы банкіне» беруді көздейтін заң қабылданды. Бұл саясат тұрғын үй алуды қолжетімді етеді. Бұл ең алдымен ұзақ уақыт бойы кезекте тұратын азаматтарды үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарға жалға берілген үйлерді жекешелендіруге мүмкіндік берілді. Бұл норма биыл 4 желтоқсанда күшіне енді. Осы шараның арқасында 50 мыңнан астам азамат үйлі болады. Жалпы, реформалау бойынша қарастырылған жаңа өзгерістер келесі жылдың мамыр айында күшіне енгелі отыр, – деген болатын Қ.Шарлапаев.

Бұл заңның көп уақыт бойы кезекте тұрған ел азаматтарын үймен қамтуға мүмкіндігі бар. Жауапты ведомство 50 мыңнан аса тұрғынның баспаналы болатынын хабарлады. Егер сіздердің де тұрғын үй кезегінде 8 категория бойынша кезегіңіз болса «Kezekte» сайтынан тексере аласыз. Осы орайда біз арнайы «Қарасу» шағынауданында орналасқан Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөліміне бас сұқтық. Бізді бас маман Нұрбек Молдағазы қарсы алып, сұрақтарымызға жауап берді.

– Рас, кезекпен берілген үйлерді жекешелендіруге болады. Естеріңізде болсын, кезекпен берілген үйлердің бәрі – арендалық үйлер. Үйлер қала аумағынан берілуде. 2024 жылы кезекпен Саңырақ батыр көшесінен, әуежай маңынан, «Ұлы дала» шағынауданынан берілді. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне үй берілді. Барлығы үйді жекешелендіріп алған. Ата-анасыз қалған жетім балалар да, үйге мұқтаж мемлекеттік қызметкерлер де үйді жекесіне өткізе алады. Мұнда тек көпбалалы аналар ғана үйді жекешелендіре алмайды. Көпбалалы аналарға ақша республикалық бюджеттен бөлінеді. 2019 жылдан бастап жекешелендіру құқығынсыз пәтерлер  беріледі. Себебі есіңізде болса 2019 жылы бір үйдің бес баласы өртеніп кетті. Сол себепті көпбалалы отбасыларды әлеуметтік осал топтан шығарып, дара топқа қосты. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері де арендалық үйде жалдап өмірінің соңына дейін тұра береді. Бірақ жекешелендіре алмайды, – деп жауап берді.  

ТЕК ӘЙЕЛДЕРГЕ АРНАЛҒАН БАҒДАРЛАМА

Тек әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы 2021 жылы іске қосылған. Бірақ биыл бағдарламаға өзгерістер еніп, шарттары оңайлатылды. Осы жылы жобаға қатысу үшін қойылатын кіріс бойынша талап өзгерді. Бұл бағдарламалардың барлығы қарапайым адамдарға арналған. Биыл жылдық табысы максималды 900 мыңды құраса болды кез келген жұмыс істейтін келіншек «Ұмаймен» үй ала алады.

– «Ұмай» – ресми табысы бар жұмыс істейтін кез келген әйелге арналған ипотека. Оның мөлшерлемесі коммерциялық банктерге қарағанда төмен. Бағдарлама 2021-2023 жылдар аралығында іске асырылған. Бағдарлама бойынша сатып алынатын баспананың шекті құны 30 миллион теңгеден аспауы тиіс. Пайыздық мөлшерлемесі 14,4 пайыз, кейін 3,5-5 пайызға дейін төмендейді. Ипотекалық несиенің мерзімі 6 айдан 25 жылға дейін. Бұл ретте баспана таңдауда ешқандай шектеу жоқ. Заемдар жаңа үйлер мен қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алуға да беріледі. Соның ішінде баспананы үлестік қатысу шарты бойынша да алуға болады. Сондай-ақ бағдарлама бойынша пәтерді жөндеу жұмыстары үшін 3,7 миллион теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік бар, – дейді «Отбасы банк» облыстық филиалының клиенттермен жұмыс бөлімінің басшысы Жұлдыз Мейірманова.

ЕҢБЕК АДАМДАРЫ ҮЙМЕН ҚАМТЫЛМАҚ

Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі – қарапайым жұмысшылар да «Жұмысшы мамандықтары жылының» құрметіне орай арнайы корпоративтік бағдарлама арқылы үйлі болмақ. Түрлі кәсіпорындар мен зауыттарда, ауыл шаруашылығы нысандары мен коммуналдық мекемелерде еңбек ететін азаматтар үшін бұл үлкен мүмкіндік. Бұл жайында Президентіміз арнайы нұсқау берген болатын. Наурыз жұмыскер – жаңа тұрғын үй бағдарламасы наурыз айынан бастап іске қосылды.

Бұл бағдарлама өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, су ресурстары саласының жұмысшыларын қамтиды. Ол үшін 72 миллиард теңге көлемінде 2440 несие беру жоспарланған. Бастапқы жарна – 10 пайыз. Бағдарламаны «Отбасы банк» жүзеге асырады. Несиенің ең жоғары сомасы облыстар үшін 30 миллион теңге.

Астана мен Алматы қалалары үшін 36 миллион теңге. Өтінімдерді қабылдау 17 наурызда басталды. Бүгінге дейін 72 жұмысшының өтініші қабылданған. Оның 27-і жақында үйлі болыпты. 45 шақты жұмысшы әлі де баспана таңдауда екен.

Биылғы жылы қалай десеңіз де үйлі болуға бағыңызды сынап көріңіз. Баспана кезегімен алсаңыз да, депозитке салып, жиып, түрлі бағдарламалармен алсаңыз да, биыл нақты үйлі болуға мүмкіндігіңіз мол. Жылан жылы жайлы жыл. «Өз үйім – өлең төсегім» деп ақ отауыңыздың түтінін түтетіп отырғанға не жетсін!

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар