
Біздің өңірде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету оңтайлы жолға қойылған. Біз бұған облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында болған кезімізде көз жеткіздік. Аталған орталыққа келуіміздің себебі де жоқ емес. Бұл орталықта 550 бірінші және екінші топтағы мүгедектер қызмет алады.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жасап отырған облысымыздағы ең үлкен мекеме. 400 қызметкер еңбек етеді. Бұл мекеме Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігінің 2023 жылғы «Халықты әлеуметтік қорғау саласына арнайы әлеуметтік қызметтер ұсыну» стандартын бекіту туралы бұйрығы және орталықтың Жарғысына сәйкес жұмыс істейді.
Қызмет алушылар жасына, жынысына, диагнозына қарай және психологиялық үйлесімділігіне қарай қарай бөлімдерге орналасады. Келушілерге (қызмет алушының ата-анасы, туыстары) орталықтың кіре берісінде бөлме беріліп, барлық жағдай жасалған. Қызмет алушыларды емдеуге, оңалтуға, оқытуға жағдай жасалып, тынығу жұмыстарына қатысты қызметтер ұсынылады. Оларға психологиялық күйі мен жеке деңгейіне қарай, үйлесімділікті ескере отырып, төсек орын беріледі. Қандай сенім – нанымына қарамастан, діни ғұрыптарды орындауына жағдай жасалады.
Мұнда барлық мамандар өздеріне жүктелген жұмыстарын жақсы біледі. Медициналық қызметкерлер дәрігерге дейінгі алғашқы қызметті көрсетеді. Мекемеде 10 дәрігер, 86 мейірбике бар. Олардың қызметі қашанда күрделі. Білікті дәрігерлердің жасаған қорытындысы бойынша мүгедектерге дәрі-дәрмек, гигиеналық құрал жабдықтар беріледі. Шипаның даруы – Алланың құдіретіндегі іс. Дегенмен, осынау орталыққа өте қиын жағдайда келіп оңалып кеткендер аз емес. Қызмет алушы Нұрбол Абсаттаров сүйектері сынып, арбаға таңылып келген. Ұзақ жасалған емнің нәтижесінде қазіргі таңда балдақсыз жүре алады. Екінші топ мүгедегі Елена Уткинаның сол жақ сүйегінің мойын бөлігі жоғары ығысқан.
Дәрігерлер мен мейірбикелердің көмегімен оңалту, дене шынықтыру жұмыстары үздіксіз жүргізілген. Тізе мен жамбас буындарын бүгу, аяқ-қолдарын қозғалыста ұстау жұмыстары да бақылауда болғандығы оң нәтиже берген. Қазір ағаш аяғымен балдақсыз өзі жүре алады. Келесі бір қызмет алушы туберкулез спондилитпен ауырған. Өздігінен тамақтану және күнделікті гигиеналық қызмет түрлерін жасай алмайды. Орталық мамандары аталған қызмет алушымен тұрақты жұмыс істеп, бұлшық еттің қызметін жақсартқан. Нәтижесінде қызмет алушы өзіне өзі көмектесе алатындай жағдайға жетіпті.
Надежда Верика деген кісі үйінде жарақат алып, аяқ-қолы қимылсыз қалған. Қазір қимыл қозғалысы жақсы. Өзіне тұрмыстық қызмет жасай алады. Әр қызмет алушымен таңғы жаттығу жүргізіліп, стол теннисі, дойбы ойнауға мүмкіндіктері бар. Олардың домино, нарды, волейбол, футбол ойындарын ойнауға барлық жағдай жасалған. Қызмет алушылардың ішінде он саусағынан өнер тамған шеберлері де бар. Соның бірі – Ирина Никитина. Ол әуелі ешқандай еңбекке қызықпапты. Сондықтан, онымен арнайы мамандар жұмыс істепті. Нәтижесінде қазіргі таңда түрлі бұйымдар мен кәдесыйлар жасай алады.
Картиналарды кестелі бисермен әрлеп, жіптерді жапсырып тігу арқылы көрнекті бұйым жасай алады. Ондай сапалы бұйымдар орталыққа келушілердің назарын аударады. Ал, спорт түрлерінен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында жүлде алып жүргендер бар. Мәселен, екінші топтағы мүгедектігі бар Әйгерім Әбенова, Закида Сабырова, Александр Волков үстел теннисінен облыстық жарыста алтыннан алқа тағынып, республикалық кезеңге жолдама алды. Енді олар мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өтетін республикалық жарыста облыстың және орталықтың намысын қорғайтын болады.
Мұндағы жұмыстар көзге көріне бермеуі де мүмкін. Бірақ, өте ауқымды. Денсаулықтарында ақауы бар, қимыл-тірек аппараты бұзылған қызмет алушылар арасынан мүмкіндігі шектеулі азаматтар жарысында спорт, өнер, руханият саласынан жүлде алатын жүйріктерді дайындау нағыз мықты маманның қолынан келсе керек. Оның бастауында ерен еңбек пен қамкөңіл жандарға берілетін мейірім мен жылылық тұрады. Осы орайда бас мейірбике Анар Махамбетованың ұзақ жылғы еңбегін атап өткен жөн.
Әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Рабиға Мырзахметова, тазалық санитарлары Қанат Әбдіхалықов, Күләш Әлімжанова, Жазира Бөгембай 10 жылдан астам уақыттан бері мекемеде тер төгіп жүр. Әрине, мұндағы жетістіктер өз ісін ерекше ұнататын, мамандығына деген құрметі жоғары кісілердің еселі еңбегімен келеді. Осы орайда функционалдық диагностика кабинетінің мейірбикесі Гүлнар Қарашолақова, бас аспаз Қалдыкүл Еркебұланова, аспаз Ақжан Нұрсейітова – өз істерінің шеберлері. Кір жуатын бөлімнің меңгерушісі Гүлмира Бәйтерекова тек алғысқа бөленуде.
Бұл жерде тағы бір ескеретін ерекше мәселе бар. Өздері мүмкіндігі шектеулі бола тұра жарымжан жандарға қол ұшын созып, аса қиын жағдайдағы қызмет алушыға көмектесіп жүргендер бар. Мәселен, 3-топ мүгедегі Еркебұлан Әлішев тігінші, 2-топ мүгедегі Гүлеш Өмірзақова мен 3-топ мүгедегі Айнұр Байпақова тазалықшы ретінде қызмет алушыларға жәрдемдерін беріп жүр. Нағыз үлгі алатын іс осы болса керек.
«ӘЛІ КҮНГЕ БЕС ЖАСАР БАЛАДАЙМЫН...»
Орталық директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Гүлжан Көпеевамен бірге мекеменің ең күрделі бөлімдерін араладық. Солардың бірі – «Үміт» бөлімі. Бұл бөлімде 23 қызмет алушы жатыр, барлығы 1-топ мүгедектері. Біз бөлімге кіргеннен күлімдеп қолдарын созып, әлденені айтып сөйлеп жатыр. Бір сөзбен «Мүмкіндігі шектеулі жандар» десек те, мұнда түрлі тағдырлар бар. Екі аяғы немесе екі қолы жоқ. Ақыл есінде кемістік бар, сөйлей алмайтындар. Бірақ, жылы жүректері бар. Сол жылы жүректерімен ерекшеленеді. Олардың әр кірген адамға күлімдеп қарайтыны, есіктен адам кірсе қуанатыны өмірде он екі мүшем бүтін деп жүрген мыңдаған адамдардан артық асыл қасиет. Бөлімдегі мейірбике қыздың кішкентай балаға ем-дом көрсетіп жатқанын көзімізбен көрдік. Көрген адам ол баланың жасын 7-8 жасар деп шамалайды.
«Міне, осы сіздерге 7 жасар шамасында болып көрініп тұрған азамат биыл 20 жаста. Осылайша, қажетті гармондары жетілмей, бүлдіршін баланың қалпында қалған. Бірақ, жүрегінің соғуы өте жақсы. Мұндай тағдырға қалай бей-жай қарай аласың.
Бұл жігітті де бір ананың өмірге әкелгені анық. Жаңылмасам, Қонысбай Әбілов сөзін жазған:
Талай жерді ойыммен аралаймын, Мен ешкімге қызғана қарамаймын. Жасым асып 14-тен кеткенімен, Әлі күнге 5 жасар баладаймын, – деген әнді естіп өстік. Жүрегіміз талай ауырған еді. Енді журналистік жұмысымның барысында сондай тағдырға бетпе – бет куә болып отырмын. Әрине, мұндай жағдайды көру кім-кімге де ауыр. Ал, Ақнұр атты бір қызымыз да осы бөлімде жатыр. Осы бөлімде жатқанның бәрінің жағдайы күрделі. Сол Ақнұрдың анасын іздеп таптық. Бірақ, ол қызын көруден және қызымен байланыс жасаудан бас тартты. Осындай мейірімсіз аналарды да көзіміз көріп жатыр. Әрине, басымызға ауырлық түспесін. Бірақ, қандай баланы өмірге әкелсе де, ананың аты – ана. Енді бұл балалардың анасы да, әпкесі де – біз. Біз барсақ қуанып қарсы алады. Бұлардың денсаулықтары аса күрделі. Қазір сөйлеп отырып, артынша не айтқандарын ұмытып қалады. Қазір танып отырып, артынша бізді де танымай қалады. Арасында сондай жағдайлар да болып тұрады. Тағдыр қанша ауырлық берсе де, дәл осы балалардай жүрегі таза, дәл осы азаматтардай жаны мөлдір адам жоқ. Осындай тағдырлармен күн сайын жұмыс істеп, қиын жағдайларға үнемі ұшырасып отырмыз. Оларға әр кірген сайын, оларды әр сәтте көрген сайын жүрегіміз ауырады», – дейді Гүлжан Азаматқызы.
Паллиатив деген бөлімде де денсаулығы ең төмен қызмет алушылар жатады екен. Жас аралықтары 18 бен 90 жасты қамтиды. 90 жастағы орыс әже осы бөлімде жатыр. Олардың баршасына көрсетіліп жатқан қызметтің сапасы жоғары. Әлеуметтік жұмыс маманы Фарида Оспаналиева барлық қызмет түрлерін бақылауына алған. Мекеменің тазалықшы қызметкерлері барлық төсекті тазалап, әр қызмет алушыны жуындырып, таза киім кигізіп, жақсы көңілімен қарайды. Денсаулығы өте нашар қызмет алушыларға арнайы тасымалдаушы арбалар арқылы күніне 4 мезгіл тамақ жатын бөлмелеріне жеткізіледі. Мекеме қызметкерлері олардың барлық қызметіне дайын. Оны барған кезімізде өз көзімізбен көрдік.
ЕҢБЕККЕ БАУЛУ – ҮЛКЕН ТӘРБИЕ
Орталықта жатқан қызмет алушының баршасы ауыр жағдайда емес. Біз жоғары да айтып өткендей, спорт, өнер жарыстарына қатысып жүлде алып жүргендері бар. Мекеменің кітапханасына барып, кітап, газет-журнал оқитын қызмет алушылар да жетерлік. Кітапханашы Әсет Әбілдаева олардың бәрімен жақсы байланыс жасап, жеке-жеке сөйлесуден де жалықпайды. Кітапханада 2 мыңнан астам әдеби кітап қоры бар. Кітапханаға 20-ға жуық түрлі газеттер мен журналдар келеді. Мерзімді басылымдар мекемеден үзілген емес. Қызмет алушылардың ішінде кітапханаға жиі келетіндері де бар. Олардың ішінде көзі ашық, арнаулы және жоғары білім алғандары да кездесті. Тағдырдың түрлі тәлейімен осы мекемеге тап болғандардың арасында күнделікті уақытын кітапханамен байланыстыратындар аз емес.
Осындағы үлкен мәжіліс залында түрлі мәдени іс-шаралар, белгілі әншілердің қатысуымен концерттер өткізіліп тұрады. Ол іс-шаралардың бәрі қызмет алушыларға оң әсер ететіні анық. Бұл мекеменің тағы бір жарқын қадамы – еңбекке баулу. Осында тігін цехтары, шаштараз жұмыс істейді. Қолынан түрлі бұйымдар жасау келетін қызмет алушылар осындай жұмыстарға тартылады. Мұнан бөлек мекеменің тазалығына қатысты бірқатар жұмыстар бар.
Орталықтың аумағы үлкен болғандықтан, мекеме айналасына егілетін талдардың көшеттері де аз емес. Оларды суару, күтіп баптау да – үлкен іс. Мекеменің арнайы жұмысшылары да бар. Бірақ, қызмет алушылар еңбекпен қамту бойынша осындай жұмыстарға да қолқабыс береді. Бір сөзбен айтқанда, қызмет алушыларды жұмыспен тәрбиелеу мәселесі жолға қойылған.
БІЗДІ БАУЫРЫНДАЙ КӨРЕДІ
Орталық қызметкерлері өздерінің міндеттеріне сай жұмыстарын бірнеше бағытта атқарып отыр. Соның бірі – ата-анамен жұмыс. Ата-анамен жұмыс жасау да оңай емес. Осында баласын тастаған кезде де әр ана мен әкенің жүрегі ауырады.
Ол туралы есімін айтпауды өтінген бір ана:
«Осында ұлым жатыр. 13 жылға жуық уақыт болды. Өз қолыммен әкеліп тапсырғанмын. Менің балам психологиялық жағынан ауырады. Әйтпесе, бір кісілік күші бар, зіңгіттей жігіт. Бірақ, кейде ұстамасы ұстағанда өзінің ісіне жауап бере алмай қалады. Көбінесе қалыпты жағдайда. Қазір 37 жасқа келді. Үйімізге де кейде алып барамыз. Орталықта сондай шешім бар, қызмет алушыны үйіне жіберіп тұру қарастырылған. Он күн отбасымызда бірге болып, қайтадан әкеліп тастаймыз. Себебі, біз осы мекемеге денсаулығының ақауы бар ұлымызды сеніп тапсырғанбыз. Осы мекеменің барлық қызметкерлеріне алғыс айтамын», – дейді ол.
Біз орталықтың директоры Балабек Нарбаевты да сөзге тартқан едік.
– Мемлекеттің қолдауымен ашылған бұл мекемеде барлық қамқорлықтар мен қолдаулар қарастырылған. Біздің мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандарға, психологиялық ауытқуы бар кісілерге үнемі қамқорлық көрсетеді. Мұнда білікті мамандар жұмыс істеп, қызметтің ең қолайлы түрлерін көрсетеді. Қызмет алушылардың тамақтары тоқ, көйлектері көк. Қызмет алушының ата-аналарымен байланыс жасау үнемі назарда. Бала – адамның бауыр еті. Көптеген ата-аналар психологиялық ауытқуы бар балаларын ұзақ жылдар бойы үйлерінде ұстайды. Мемлекетке бергілері келмейді. Ауырлау болса да айтайын, бұл дұрыс емес. Мұндай диагнозы бар балаларды арнайы орталыққа беру керек. Науқас баланың психологиялық жағдайы әр отбасыдағы басқа денсаулығы жақсы болып туылған балаға әсер етеді. Біз осыны ұмытпауымыз қажет. Ата-аналардың да көңіл-күйін, ауырып тұрған жүректерін біз түсінеміз. Бірақ, мемлекет қамқоршылық жасап тұрғанда, ондай азаматтар біздің орталықта болуы тиіс. Орталықтың жарғысына сай қызмет алушыларды үйлеріне белгілі бір мерзімге жіберіп тұруға болады. Мұндай мүмкіндік бар. Ал, қызмет алушылардың көпшілігі мейірім мен жылы сөзге зәру. Біздің қызметкерлерді анасындай, бауырындай көреді, – дейді ол.
ТҮЙІН: Біз орталықты аралау барысында түрлі тағдырларды көргенде жүректің ауырғанын жоғарыда айттық. Ал енді осы жағдайға кімдер кінәлі? Неге бұл қызмет алушылардың тағдыры осындай болды? Осыған жауап іздеп басымыз қатты. Өмірде әр адам өз жауапкершілігін сезінуі керек. Кейбір ата ана отбасындағы ұл-қызының тәрбесін бақылаудан шығарып алады. Тіпті өзін де тәрбиелей алмайтын жағдайға жетеді. Өзін тәрбиелей алмай шектен тыс ішімдік, басқа да жамандыққа бой алдыру жақсы қасиет емес. Біреуге қиянат жасау, некесіз адамдардың айтуға ауыз бармайтын жағымсыз әрекеттері, қылмыстық істерге бару – орны толмас қателіктер. Сол қателіктердің салдарынан тағдырлары бұзылып жатады. Біз он екі мүшесі сау, денсаулығы дұрыс адамдар мұндайға мән бермейміз. Сол жасалған жамандықтар мен келеңсіздіктердің соңы қайда апарарына назар аудармаймыз. Оның соңы – ауыр тағдырлар. Біз Тараз қаласындағы №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына барғанда, мүмкіндігі шектеулі жандарды көріп осындай ой түйдік. Сіз он екі мүшеңіздің саулығына шүкір деп, денсаулығыңыздың қадірін біліңіз. Өмірде басты байлық – денсаулық.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда ауқымды Креаторлар форумы өтті
- 28 мамыр, 2025
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді