«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ерекше баласы бар ата-анаға психологиялық көмек керек

Ерекше баласы бар ата-анаға психологиялық көмек керек
Ашық дереккөз
Көптеген дамыған елдерде жалпы адами құндылықтар мен әлеуметтік талаптарға сай білім беру жүйесінде барлық балалар тең және тосқауылсыз білім алулары қажет деген шешімге келген. Қазақстан Республикасының заңнамаларында балаларды қорғау аясындағы халықаралық құжаттарға сәйкес «ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалар және барлық оқушылардың жекелік мүмкіндіктері ескеріле отырып, сапалы білім алудағы тең құқығы және ата-аналарды дамыту жұмысына белсенді тарту, оларға психологиялық қолдау көрсету «қажеттілік алаңын» ұйымдастыру» ұғымы енгізілген. Осы орайда өз тәжірибеммен бөлісетін болсам, Алматы облысындағы «Жарқын Өмір» әлеуметтік жоба 2022 жылдан бері жұмыс істейді, осы уақыт барысында әлеуметтік қолдауды қажет ететін 1200-ден аса адаммен жұмыс істедік. Соның ішіндегі 600-ден астамы ерекше, назардағы балалардың ата-анасы. Жоба аясында ата-аналардың психо-эмоционалды жай-күйін реттеу, психологиялық-рухани бағытта білім беру, өзін тану, даму бағытында және психотерапевтік негізде жұмыс істелді. Анықтағанымыздай, аналардың 98 пайызы психологиялық күйзелісте жүреді. Шарасыздық адамды әлсіреуге жеткізеді. Оларда «Бізді жеткілікті деңгейде қолдамайды» деген ой болады.

Эмоционалды күйзелу – физикалық және эмоционалдық сарқылу күйінің динамикалық симптомдық кешені, оны дамытудың әр сәтінде шиеленіс, қарсылық немесе эмоциялардың сарқылуы жоғары болады. Отбасындағы күй, яғни ерінің қолдау көрсетпей, тастап кетуі, тіреудің жоқтығы тағы бар. Өзін кінәлау, өзгені кінәлау, теріс стереотиптердің басым болуы да жүйкеге ауырлық салады. Ашу, агрессия, өшпенділік, қызғаныш, «Неге менің балам?» деген сұрақтың жегідей жеуінің нәтижесінде ангедонияға, апатия, депрессияға әкеп соқтырады.

Әлемге деген өкпенің негізінде мемлекетке деген өкпе-реніш, қарсы позиция да туады. Өзіне «бақыт пен қуанышқа» рұқсат бермеу және тағы басқа күйге түседі. Осындай құр сүлдесі қалған жандармен 4-5 күндік тән мен жанды демалдырар жұмыс жүргізгенімде, релакс пен психологиялық жұмыстардың ықпалы негізінде оң, өнімді өмір сүру принципіне қарай белең алды. Қатысқан аналардың 100 пайызы осы жобадан кейінгі өмірдің жақсы, сапалы өзгерістерімен бөлісіп отырды. Эмоционалды күйзелу синдромы деген не? «Күйзелу синдромы» (грек. syndrome – «үйлестік» және ағылш. burnout – «жанудың тоқтауы») терминін америка психиатры Герберт Фрейденберг 1974 жылы ұсынды.

Ата-аналардың эмоционалды күйзелу дәрежесі қалай пайда болатынына тоқталайық. Алдымен ескерту кезеңінен өтеді. Ата-ананың барлық күші мен эмоциясы баланың айналасында шоғырланады. Олар ата-ана болудан үлкен қуаныш алады, бірақ олар осыған өздерінің жеке мүддесін құрбан етеді ме, соны білу маңызды. Жалпы сарқылу белгілеріне назар аударсақ, үнемі шаршау сезімі, ұйқының бұзылуы – бұл эмоционалды күйзелудің алғашқы белгісі. Содан соң белсенділіктің төмендеуі байқалады. Баланың өміріне үнемі қатысу және белсенді болу қиын.

Эмоционалды және физикалық ресурстар біртіндеп таусылып, астенияның, шаршаудың алғашқы белгілері пайда болады. Осыған байланысты ата-ана баламен аз қарым-қатынас жасай бастайды, шынайы қызығушылық пен қатысу азаяды. Бұл жағдайда ата-аналар баладан өзін тыңдауды, тыныштық және тағы басқа көп нәрсені талап етеді. Ата-ана баламен аз байланыста болады, жауап ретінде бала назар аударуды қажет етеді. Ересек адам ашуланады, бірақ өзін кінәлі сезінеді. Үмітсіздік сезімі пайда болады.

Бұл – эмоционалды реакция. Деструктивті мінез-құлық, яғни шаршау мен жағымсыз эмоция пайда болады, психика олардан қорғана бастайды. Баламен қарым қатынас немқұрайлы, автоматты түрге көшеді. Созылмалы эмоцияны басу және тұрақты стресс психосоматикалық ауруларға әкеледі. Эмоционалды күйзелудің маңызды кезеңі – ата-ана немқұрайлы болып, тіпті жақында өмір қызығы болған нәрестеге мағынасыз қараған кезде пайда болады. Бұл жағдай жедел кәсіби көмекті қажет етеді. Мұғалімдер ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарды «қиын адам» немесе «мінезді адам» деп қабылдамай, олардың мінез-құлқының себептері мен олардың қалыптасуына келтіретін кедергілерін түсіну маңызды.

Ата-аналарды тарту процесін сипаттайтын Гувер Демпси мен Сэндлер моделіне сәйкес, отбасының әртүрлілігі мен жиілігіне әсер ететін үш негізгі фактор бар.

Біріншісі – ата-аналардың жеке ынтасы мен белсенділігі.

Екіншісі – ата аналардың қатысуға шақыруларды қабылдауы, жеке қатынасқа мән беру.

Үшіншісі – ата-аналардың өмір сүру жағдайындағы өзгерістер. Отбасы өмірімен хабардар болу, отбасы дәстүріне мән беру. Бұл кедергілерді түсіну мектеп қызметкерлеріне отбасы мен мектеп арасында берік байланыс орнатуға немесе ата-аналар өздерін жайлы сезінетін орта құруға көмектеседі.

Ал қазіргі кезде ата-аналарға, отбасыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету жеткіліксіз деңгейде екені жасырын емес. Сондықтан, әсіресе, ерекше қажеттілігі бар бала өсіріп отырған ата-аналарды оңалту және әлеуметтендіру процесіне тарту, олар үшін кеңес беру және тренингтер өткізу аса маңызды. Отбасын қолдау орталықтары барлық аудандарда ашылуда.

Алайда, сол орталықта білікті психологтар жетіспейді. Сол орталықтарда ата аналарға арналған қолдау топтарын құру керек, онда олар тәжірибе алмасып, мамандардан көмек ала алар еді. Педагогтер мен психологтардың ерекше балалардың ата-аналарымен жұмыс барысындағы психологиялық жай-күйі де өте маңызды. Қырық түрлі қылыққа әркім төзе бермейді. Яғни бұл жағдай ата-аналарға, балаға және маманның сапалы өмір сүру салтына да әсер етеді.

Қорыта айтқанда, психологтар ата-анамен, ерекше қажеттілігі бар баламен жұмыс істегенде эмоцияларды басқара білуі керек. Әрине «эмоцияларды басқару» жаттығуларын үнемі орындау үшін психологтар біліктіліктерін арттыру курстарынан тұрақты өтіп отыруы қажет.

 

Саламат МОМЫНОВА,

психология магистрі, ментор, халықаралық дәрежедегі тренер, психокатализ, гештальт бағытындағы психотерапевт.

Ұқсас жаңалықтар