
Сондай-ақ «TazaLike» іс-шарасы шеңберінде көгеріштендіру және санитарлық тазалау жұмыстары қолға алынса, бас-аяғы 21,6 мың жасыл желек отырғызылған. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, «Жасыл белдеу» құру мақсатында «TazaLike» және «Әр ауылдық округке 2000 тал егу» іс-шараларына зерделеу жүргізілген.
– Аталған іс-шаралар аясында бүгінгі күнге 286,9 мың көшет отырғызылды. «Жасыл белдеу» іс-шарасының күзгі жоспарында 108 700 көшет отырғызу көзделген. Дегенмен зерделеу нәтижесінде кейбір ауылдарда тал дарақтарға бөлінген жер телімдерін қоршау, суғару жүйесін күшейту қажет екендігі анықталып, көп жағдайда егілген көшеттердің әлсіздігі байқалады. Бұл ретте көшеттер санын артығымен отырғызу ұсынылады. Себебі олардың бестен бірі ғана өсіп-өнуі мүмкін. Осы орайда күз айында отырғызған көшеттер санын қайта қарап, толықтыру қажет – деді Ғалым Исабайұлы.
Сонымен қатар басқосу барысында «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі саналатын телеграмм-бот арқылы түскен өтінімнен нәтиже шығаруда кейбір ауданның белсенділігі төмен екені де сөз болды. Бұл кемшіліктер Тараз қаласы мен Талас, Қордай, Т.Рысқұлов аудандарында орын алған.
Ал Мойынқұм ауданында әлі күнге дейін тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметімен айналысатын мекеменің жоқтығы сын садағына ілінді. Өз кезегінде облыс әкімі Тараз қаласы мен тиісті аудан әкімдерінен жауап алып, жауаптыларға тазалық пен экологиялық тәртіпті сақтауды, ауылдық округ әкімдерінің жұмысын күшейтуді және кездейсоқ тасталған қоқысқа қарсы күресті жандандыруды тапсырды. Бұдан бөлек тұрғындардың шағымдарына жедел жауап беру, қоғамдық бақылауды арттыру және өңірдегі санитарлық ахуалды жақсарту мақсатында телеграмм ботты халық арасында кеңінен насихаттауды міндеттеді.
– Көктемгі екі айға арналған абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарының іс шаралар жоспары барлық аудандарда бекітілген. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тазалық сақтау және абаттандыру жұмыстарын сапалы әрі уақытылы орындау – басты міндет. Алайда мониторинг нәтижесінде кейбір ауылдық округтер мен аудандарда бұл жұмыстардың ойдағыдай ұйымдастырылмағаны байқалады. Әлеуметтік нысандардың, іскерлік аймақтар мен балалар алаңдарының тазалығы мен қауіпсіздігіне баса назар аударылып, тиісті шаралар қабылдануда. Облыс тұрғындарына тазалық мәдениетін сақтау, тұрғылықты жерін таза ұстау қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстары күшейтілуі тиіс. Тұрмыстық қалдықтар полигондарының жағдайын жақсарту, заң талаптарын сақтау, қоршаған ортаға эмиссия рұқсаттарын алу және санитарлық қорытындылардың болуы қатаң бақылауға алынуы керек, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Келесі кезекте жиынның күн тәртібіне байланысты ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық пен оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру шаралары қаралды. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековтың сөзінше, биылғы оқу жылын 523 орта білім беру ұйымынан 250 мыңға жуық оқушы аяқтайды. Оның ішінде 23 462 оқушы 9-сыныпты, 14 570 жас түлек 11-сыныпты бітіргелі отыр.
Ведомство басшысы өз сөзінде білім бөлімдерінің басшылары мен мектеп директорларына ата-аналардан қаражат жинауға, аниматорлар, агенттіктер, жеке студияларды тартуға және көлік жалдап, шерулер ұйымдастыруға тыйым салынғандығы жөнінде қатаң ескертілгенін жеткізді.
– 714 мектеп бітіруші «Алтын белгі» төсбелгісіне, 990 мектеп бітіруші үздік аттестатқа үміткер. «Алтын белгі» аттестаттарын алуға үміткерлердің жазбаша емтихан жұмыстарын облыстық білім басқармасы жанынан құрылған комиссия қарайды. Облыс аумағында 2 Ұлттық бірыңғай тестілеу пункті Жоғары білім және ғылым министрлігімен бекітіліп, тестілеу өткізіліп жатыр. 2025 жылғы ҰБТ электронды форматта, компьютерлік тест түрінде «1 тестіленуші – 1 компьютер, 2 камера» қағидаты бойынша электрондық форматта өткізіледі. Ұлттық бірыңғай тестінің екеуі қаңтар, наурыз айында өтсе, мамыр, шілде айында өтетін тестілеуге қатысушылар мемлекеттік білім беру грантын алу үшін конкурсқа 2 рет қатыса алады. 11-сыныпты бітіретін 14 570 түлектің 12 091-і ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірді, – деді Нұрбек Әбубекұлы.
Атап өтерлігі, жазғы кезеңде балалардың демалысын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру үшін ведомствоаралық 2024 2026 жылдарға арналған іс шаралар жоспары бекітіліп, облыстық штаб құрылған. Балалардың сауықтыруын ұйымдастыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 786,6 миллион теңге қаражат қарастырылса, оның ішінде қала сыртындағы лагерьге 588,9 миллион теңге және мектеп жанындағы тамақтанумен ұйымдастырылатын лагерьге 197,7 миллион теңге бөлініпті. Жалпы, жазғы демалыс пен сауықтыру шараларымен 1-10- сынып оқушыларын қамту жоспарланып отыр.
Жиын соңында аймақ басшысы жаз мезгіліндегі балалар қауіпсіздігі мен олардың демалысын ұйымдастыру мәселесіне айрықша назар аудару қажеттігін баса айтты. Осыған байланысты жауапты басқармаға бұл бағыттағы жұмыстарды жан-жақты бақылауда ұстауды тапсырды. Облыс әкімі жазғы демалыс лагерьлерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, алдын ала дайындық шараларын сапалы жүргізу, ас мәзірінің құндылығы мен теңгерімділігін қамтамасыз ету, медициналық бақылау мен лагерьлерде санитарлық талаптардың толық орындалуын назарға алу қажеттігін жүктеді.
– Оқушылардың өз өңіріміздің демалыс орындарында алаңсыз тынығуына қолайлы жағдай жасау – негізгі міндеттердің бірі. Жергілікті демалыс нысандарын қолжетімді әрі жайлы ету – балалардың сапалы демалуына мүмкіндік береді. Ата-аналармен бірлескен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жауапкершілік туралы ақпарат берілуі қажет. Облыстық полиция департаменті осы бағытта тиісті шараларды қабылдауы керек. Әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қолға алынуы тиіс. Бұл ретте мектеп оқушыларының заңды өкілдерімен бірлескен түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып, жазғы демалысты тиімді өткізу жолдары қарастырылуы керек. Облыста балалардың демалысын ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында әлі де шешімін табуы тиіс мәселелер бар. Балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау – ең басты басымдықтардың бірі. Осыған байланысты барлық жауапты мекемелер тарапынан қауіпсіздік шаралары ерекше назарда болуы қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Өңірлік кадр резервінің екі мүшесі лауазымға тағайындалды
- 17 маусым, 2025
Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды
- 17 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді