«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мен білетін Бекет

Мен білетін Бекет
Автор
Уақыт қалай тез зымырап өтеді, десеңізші! Алды-артына қарамайды. Мен Бекет Момынқұлмен 1977 жылы таныстым. Сол жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің «журналистика» факультетіне түскенмін. Ол кезде 1-курс студенттерін Алматы қаласының маңындағы «Горный гигант» кеңшарында алма теруге жібереді. Кәдімгі аңыз болған аппорт алмаларды жинайтынбыз. Сол жиын-теріннен келген кезіміз. №5 жатақханада жатамыз. Бір күні бір топ жоғары курстың студенттері келді. Ол уақытта студенттер арасында үлкеннің кішіге әлімжеттік көрсететін жаман әдеті жоқ. Танысып жатырмыз. Басқа жігіттер де өз жерлестерін тауып, сөйлесіп кетті. Ал 3-курс студенті Бекет екеуміз бір облыстан, яғни, жерлес болып шықтық.

Мен Қаратау қаласынан, ол Жуалы ауданынан екен. Әңгімелесіп жатырмыз. Ол онша көп сөйлемейтін. Нақты-нақты жауап береді. Ол сені жақтырмағаннан емес, мінезі сондай. Сол кезде Бауыржан Момышұлының аты аңыз болып, дүрілдеп тұрған кезі. Бекетті сол батырдың немере інісі деп естісек те оған мән бермедік. Себебі ол кезде біздің университетте министрлер мен облыстық партия комитетінің бірінші хатшыларының ұл-қыздары оқитын.

Асқар Қонаевтың, Ермек Серкебаевтың, Олжас Сүлейменовтың, Әнуар Әлімжановтың ұл қыздары білім алатын. Сондықтан, ол жағына көңіл аудара қоймадық. Бекет Момынқұлмен Шерхан Мұртазаның баласы Батыл бірге оқыды. Бірте-бірте Бекетпен жақсы сөйлесіп, оның ескі сабақ жазбаларын сұрап алатын болдым. Жоғары курс болғандықтан, көмегін көрсетіп жүрді. Мен мектеп бітіре салып, студент атанғанмын. Бекет болса мектептен соң бір жыл жұмыс істеп, әскерге барып келіп, университетке асықпай түскен екен.

Тағы бір таңғалғаным, Бекет сол кезде орыс тілінде жарық көретін Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінде жұмыс істейді екен. Ол уақытта табақтай дипломы бар журналистің өзі жұмыс таппай жүретін уақыт.

Бұл – Бекеттің өзін сұранысқа сай тәрбиелей білуі. Сол уақытта Бекетпен бірге кейіннен республикалық «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы болған Олег Никанов, кейіннен «Қазақстан – Пен» клубының басшысы болған, жазушы Бигелді Ғабдуллин бірге оқыды. Солардың ортасында Бекеттің білімі мен беделі жоғары болды. Бір сөзбен айтқанда ол зерек, елгезек студенттің біреуі болды. Кейіннен екеуміз де дипломдарымызды алып, Әулиеата жеріне оралдық. Бекет облыстық партия комитетінде нұсқаушы, мен облыстық «Знамя труда» газетінің Қаратау, Жаңатас қалаларындағы меншікті тілшісімін. Бір жолы біреулер менің үстімнен шағым түсіріп, соны тексеруге Бекет Момынқұл келді.

Бүлініп кеткен ештеңе де жоқ болатын. Сонымен, ол мәселе өз жөнімен шешілді. Ескерту де, сөгіс те алмадық. Ол арыз туралы тіпті ешқашан естімедім де. 1990 жылдары Бекет облыстық «Знамя труда» газетіне бас редактордың орынбасары болып келді. Вениамин Чундеров деген кісі – бас редактор. Нағыз партияның тапсырмасымен жүретін адам. Оған облыстық партия комитетінің көлдей-көлдей қаулылары мен материалдары салынса болды. Газеттің оқырман үшін қызығы азайды. Оны Бекет аңғарып, шығармашылық жағына, жастардың ой-пікіріне мән беруге талпынды. Сын материалдар бергісі келді.

Бірақ, ресми форматтан, қатып қалған қасаң жолдан шыға алмады. Сонда бұл азаматтың құлашын жаза алмай, қысылып, қиналып жүргенін байқадым. 1996 жылы облыстық «Знамя труда» газетіне Бекет Момынқұл бас редактор болып тағайындалды.

Жергілікті ұлт өкілдері арасында бас редактор болған тұңғыш азамат та өзі. Міне, осы кезде ол газетті көтеріп, өзінің ойлары мен жоспарларын жүзеге асыра бастады. Аудандармен жұмыс жақсарды. Аудандардағы меншікті тілшілермен жұмыс жанданды. Газеттің форматы өзгеріп, мазмұны жағынан байи түсті. Аудандардан жас мамандарды жұмысқа тартты. Оларды тәрбиелей білді. Редакциялар арасында алғаш компьютерлік жүйеге көшкен де – «Знамя труда». Бұл да – бас редактордың елгезектігі, жаңашылдығы. Ол кезде компьютер дегеннен ештеңе білмедік. Кейіннен жазуды үйрендік қой. Сол жылдары облыстық «Жамбыл» телеарнасына Мұса Рахманбердиев деген кісі басшы болып келді. Телеарнаны Мұса, «Знамя труданы» Бекет жандандырып, жаңа белестерге жеткізді. Бекет өзіне туыс болып келетін Шерхан Мұртаза ағасын өте жақсы көрді. Жас кезінде ағасының қамқорлығын да көрген болар. Өзі азамат болған уақытта әйгілі ағасына үнемі жақын жүріп, қолдау көрсетті.

Шерағаның ақсақал болған шағында келеңсіз жағдайға тап келді. Ол кезде Алматыда еді. Бір жолы Бекеттің кабинетіне кірсем, Шерхан Мұртаза ағасымен сөйлесіп жатыр екен. Арғы жақтағы дауыс: «Бекет мені қазір келіп, Таразға алып кет» деп жатты. Шерағаның дауысы ызғарлы, ашулы шықты. Бекет сол кезде ештеңеге қарамай, жоспарлы жұмыстарының бәрін сырып тастап, өз көлігімен Алматыға тартты.

Шерхан ағасын алып қайтты. Бекеттің мұндай азаматтығын көп жерде байқадым. Беріректе Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалын басқарып тұрған кезімде, «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағы шыға бастады. Дәл сол атақтың біреуі Бекет Момынқұлға берілді. Сол кезде Қазақстан Журналистер одағының төрағасына ұсыныс айтып, құжаттарын әзірлеп, осы шаруаның бір жағында жүргенімді Бекетке деген інілік құрметім деп есептеймін.

Міне, сол Бекет Момынқұл жетпіс деген белеске жеткен екен. Бекең жетпістің ауылына үлкен табыс, жоғары жетістікпен жетіп отыр. Құтты болсын! Айгүл жеңешеміз екеуі бірге жүз жасай берсін! Ол кісі әлі де қоғамдық жұмыстарда жүр. Бекеттің әлі де еліне берері көп.

 

Жарылқасын НҰРАЛИЕВ

Ақпарат саласының үздігі.

Ұқсас жаңалықтар