Мойынқұмда 20 гектар жерді жалмаған өрт туралы хабар 16 сағаттан кейін түскен
- author «Ақ жол»
- 22 мамыр, 2025
- 450

Жалпы алғанда 2023 жылы облыста 7 өрт оқиғасы тіркеліп, 1,5 мың гектар жерді өрт шалған болатын. Ал өткен жылы мемлекеттік орман қорының аумағында 38 өрт оқиғасы тіркеліп, 20,2 мың гектар жер отқа оранды. Яғни, өткен жылы өрт оқиғасы 5 есеге артқан.
Енді биыл қалай болады? Осы аптада Amanat партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Экологиялық мәселелер» жөніндегі аймақтық кеңесі отырысында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы атқарылған жұмыстардың барысы сарапталды.
Жамбыл облысының аумағында 26 наурыздан бастап Өрт қауіпті кезеңі бекітілді. Алайда бекітілген алгоритмге қарамастан, өзара ақпарат алмасу тиісті деңгейде атқарылмай жатыр. Мәселен, Мойынқұм ауданындағы 20 гектар жерді жалмаған орман өрті 16 сағаттан кейін және Байзақ ауданындағы 0,8 гектар жерге жайылған өрт 1,5 сағаттан кейін хабарланған.
Яғни, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ералы Орынбасар ауыл-аймақтарда өрт шыға қалса жергілікті тұрғындар өздері сөндіруге тырысып, бекерге уақыт жоғалтатынын айтады. Өртті ауыздықтай алмайтындарына көздері жеткен кезде ғана өрт сөндіру қызметіне хабарласады екен.
Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдардың 1074 шақырым қашықтықта, облыстық маңызы бар автожолдардың 712 шақырым қашықтықта және теміржолдың 104 шақырым қашықтығында орман екпе ағаштары бар жерлерде өртке қарсы жолақтарды жырту жұмыстары жоспарланған.
Бұл жұмыстар мамыр айының соңына дейін аяқталу қажет. Осы тұста 2024 жылы өртке қарсы жолақтарды жырту жұмыстары аудандарда біршама төмен деңгейде атқарылғандығын айта кеткен жөн.
Сондай-ақ облыс аумағындағы 9449 өрт гидрантының 1719-ы жарамсыз. Яғни, 18 пайызы жұмыс істемейді деген сөз. Бұл жағынан Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Мойынқұм аудандарында аталған көрсеткіш ең төмен деңгейде. Мысалы, Тараз қаласында 572 гидрант жұмысқа жарамсыз, оның ішінде 197 гидрант картада белгіленген орындарында анықталмаған.
Дәл осылай Байзақ ауданында 367 гидрант, Жамбыл ауданында 337 гидрант және Мойынқұм ауданында 78 гидрант жұмысқа жарамсыз. Облыс аумағындағы мемлекеттік өртке қарсы қызметіне қарасты 20 өрт сөндіру бөлімі, қызмет көрсету радиусына сәйкес 106 елді мекенді қорғайды. Қалған 271 елді мекенді қорғау жергілікті атқарушы органдардың кезең-кезеңімен құрылатын 36 өрт сөндіру бекетімен жүзеге асыру жоспарлануда.
Бүгінгі күнге дейін 22 өрт сөндіру бекеті құрылған. Алайда кейбір өрт сөндіру бекеттері формалды түрде құрылғанын атап өткен жөн. Мысалға, Шу ауданының Шоқпар ауылында және Мойынқұм ауданында орналасқан өрт сөндіру бекеттері құрылғаннан бастап өрт және жану оқиғаларына шықпаған. Себебі аталған өрт сөндіру бекеттерінде жеке құрам мен техниканы орналастыратын ғимарат жоқ. Осындай фактілер Қордай және Т.Рысқұлов аудандарында да орын алуда.
Облыс аумағындағы ауылдық округтерде 2128 адамнан тұратын 165 ерікті өрт сөндіру жасағы құрылған. Бүгінгі күні Шу, Талас және Мойынқұм аудандарындағы ерікті өртке қарсы құрылымдардың жағдайы төмен деңгейде. Нақтырақ айтсақ, еріктілердің саны аз, арнайы өрт сөндіру киімдері, аяқ киімі, респиратор, сабалақтар, байланыс құралдары, тіркемелі су цистерналары жоқ.
Мысалы, Мойынқұм ауданы, Шығанақ ауылдық округінің ерікті өртке қарсы жасағы мүлдем құрылмаған десе де болады. Өйткені өрт сөндіру бекетінің жылытылатын гаражы бола тұра өрт сөндіру техникасы ашық алаңда орналасқан, цистернада су жоқ және корозияға ұшыраған, су сорғы жүйесі жарамсыз, өрт-техникалық жарақтар ақаулы жағдайда, осыған байланысты техника өрт сөндіруге жарамсыз.
«Өрт қауіпті маусым басталмас бұрын облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп, облыс аумағындағы 15 орман шаруашылығы мекемелерінің өрт қауіпті маусымға дайындығын тексеріп, бірқатар бұзушылықтар анықталды. Сондай ақ тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Жалпы саны 82 адамнан тұратын 16 бірлескен мобильдік топ құрылды, олар өрт қауіпті кезең басталғалы 155 рейдтік іс-шараны жүзеге асырды. Құрғақ шөп пен қоқысты өртегені үшін 94 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 363 мың 710 теңге көлемінде 11 тұлғаға айыппұл салынып, 83 тұлғаға ескерту берілді», – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ералы Орынбасар.
Биылғы жылдың сәуірінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өртке қарсы маусымға дайындық шаралары қаралып, жауапты мекемелерге өрт қаупі жоғары кезеңде орман қорында тұрақты кезекшілік ұйымдастыру, орман шаруашылығы мекемелерінің дайындығын жіті тексеру, құрал-жабдықтар мен жанар жағармай қорының жеткілікті болуын қадағалауды тапсырған болатын.
2023 жылы Абай облысында орын алған алапат өртті және оның салдарын ел жақсы біледі. Бұл өрт сөндіру қызметінде айтарлықтай кемшіліктердің бар екенін көрсетті. Сол оқиғадан кейін өрт сөндіру қызметінің кемшіліктері ашық айтыла бастады.
Ендеше өрт сөндіру қызметінің мәселесін шешу үшін міндетті түрде алапат өрт оқиғасы орын алуы керек пе? Алла тағалам ондай апаттан сақтасын. Дегенменде бұл саланың жағдайына назар аударатын уақыт жеткен сияқты.
Оралхан ДӘУІТ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- Бүгін, 12:16
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді