
Денсаулық сақтау бөлімі жас маманды облыстық қан құю станциясына дәрігер етіп жіберді. Анығын айтқанда, гематологиялық зертханасында дәрігер зертханашы болып еңбек жолын бастады. Сол жерде қызмет атқара жүріп, Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында білімін жетілдіріп, гематология және қан құю орталық институттарынан мамандығын терең меңгерді. Білімін жетілдіріп оралған соң, аудандарға іссапарға шығып, аудандық аурухана дәрігерлерімен тәжірибесін бөлісті.
Аудандық мекемелерде қан құюдың өзекті мәселелері бойынша дәрістер өткізіп жүрді. Өзінің мол білімінің арқасында талай науқасты өлім аузынан аман алып қалған кездері болды. Сол уақытта науқастың туыстары бұған алғыстарын қарша жаудырған сәттер туралы талай жақсы естеліктер бар.
Тұрсынкүл дәрігер осы күні ойланып есіне алса, ондай қиын сынақтар, аса күрделі сәтте науқастың жазылып шығуына ықпал еткен кездері көп болған екен. Ондай жетістігімен мақтану ойында жоқ, адамға арашашы болуды дәрігерлік міндеті санап жүре берген нағыз антына адал маман осы кісі. Облысымыздың денсаулық саласы тарихында Жамал Апбасованың есімі аса құрметпен аталады. Міне, осы барша жұртқа құрметті болған майталманның өзі Тұрсынкүл Әшірбекованың болашағынан үміт күтіп, қолдау білдіргені нағыз жанашырлығы деп түсінген жөн.
Бұл 1973 жылдар болатын. Жамал Апбасова облыстық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы болып келген сәттен болашақта бас дәрігер болуға қабілеті бар мамандарға көңіл аудара жүрген тәрізді. Сол уақытта назарына түскендердің бірі – Тұрсынкүл Әшірбекова. Осынау жұмысына өте жауапты жас маманды әуелі аталған қан құю станциясы резустық зертханасының меңгерушісі етіп тағайындап, жұмысын жетілдіруіне мүмкіндік берді. Тұрсынкүл Ілиясқызына бұл қызмет ауыр соққан жоқ. Дөңгелетіп әкетті. Соны байқаған Апбасова арада бірер жыл өткенде облыстық қан құю станциясына бас дәрігер етіп тағайындады.
Бойында талабы мен жігері бар жас дәрігерге сенім артты. Жас басшы қан құю станциясын абыройлы басқарып, сенім үдесінен шықты. Мекемеге қойылған талап-жоспар, міндеттер дер кезінде орындалып, ұжым өздерінің бірлігі мен ынтымағын көрсетті. Бұл абыройдың бастауында бас дәрігер Тұрсынкүл Ілиясқызы тұрғаны анық. Он жылға жуық аталған мекемені басқарып, тек алғысқа бөленіп жүрді. Сондықтан болар, 1981 жылы облыстық денсаулық бөлімінің басшысы лауазымына лайықты кісіні іздегенде, таңдау тағы да Тұрсынкүл Әшірбековаға түседі.
Тәжірибелі маман, жоғары білімді дәрігер-гематолог бұл ұсыныс туралы көп ойланды, тіпті қуана қойған жоқ. Себебі облыстық денсаулық саласы деген үлкен қозғалыс, басшы үшін үлкен жауапкершілік. Бір ғана Тараз қаласымен шектелмейді. Он аудан, қаншама ауыл бар. Ауылдық аурухана, кішкентай медициналық пункт жұмысына дейін мойныңда жауапкершілігі бар. Сонда отағасы, физика-математика пәнінің озат мұғалімі Тоқтар Үмбетәлиев жігерлендіріп, дұрыс бағыт берген екен.
«Облыста қаншама бас дәрігерлер бар. Таңдау саған түсіп тұрғаны бекер емес. Сенім артып тұрған жерге тәуекел жаса», – деп қолдау білдіріпті.
Тұрсынкүл Ілиясқызы 1981-1985 жылдар арасында облыстық денсаулық бөлімін басқарып, абыройға бөленді. Таңның атысы, күннің батысы тыным тапқан жоқ. Өзінің жақсы білетін саласы. Дегенмен облыс бойынша барлық жауапкершілікті мойнына алу деген оңай шаруа емес. Уақытпен санасқан жоқ.
Аудан, ауылдарға ерте кетті, кеш келді. Алыс ауылдардағы талай күрделі науқастарға көмекке барды. Ауылдағы мәселелерді өз көзімен көріп, дұрыс шешілуіне ықпал етті. Ол денсаулық саласын басқарған жылдары облыстық аурухананың хирургиялық корпусының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Шу аудандық ауруханасы типтік үлгіде кеңейтіліп салынды.
Инфекциялық аурухана кешенінің, облыстық перинаталды орталығының құрылысы сапалы аяқталды. Сол кездегі партия кеңес ұйымдарының қолдауымен бірнеше медициналық ғимараттар бой көтерді.
Атап айтқанда, көз ауруханасы, облыстық балалар ауруханасының хирургиялық корпусы, Меркі аудандық ауруханасы, тері-венерологиялық диспансері, қалалық балалар емханасы, Тараз қаласының 3-шағынауданындағы жеті қабатты емхана сол жылдары жаңадан салынып, елдің игілігіне берілген. Ал алыс ауылдарда да шағын аурухана мен медициналық пункттер салынып, тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар жүзеге асып жатты.
«Қаншама денсаулық мекемелерінің құрылысы салынғанымен, денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық техникалық базасын жақсартуды үнемі назарымда ұстадым», – дейді ол.
Біраз жыл бейнет кешіп, үлкен саланың салмағына шыдамдылық танытты. Т.Әшірбекова 1986-1996 жылдары Тараз қаласындағы «Былғары аяқ киім бірлестігі» емханасының бас дәрігері болып қызмет атқарды. Бұл жерде де бекер қарап жүрген жоқ. Тараз қаласының барлық науқастарына травмотологиялық, емханалық қызмет көрсетуге арналған емдеу мекемесінде орталықтандырылған травмотологиялық бөлімше ашылып, елге қызмет көрсете бастады.
Мекемеге қарасты физиотерапевтік бөлімше де орталықтандырылды. Бөлімшелерді осылай орталықтандыру науқастарға да ыңғайлы болды. Бір сөзбен айтқанда, үлкен емхананың бас дәрігері ретінде де талай науқастың сырқатының алдын алып, халықтың алғысына бөленді. Тұрсынкүл Ілиясқызы денсаулық саласында еңбек еткен мыңдаған білікті қызметкерлердің ұстазы.
Қазіргі таңда Тұрсынкүл Әшірбекова денсаулық сақтау комиссиясын басқарып, қоғамдық жұмыста белсенділік танытып отыр. Жасы 85-ке келсе де сергек. Жамбыл облысының Құрметті ардагері, Тараз қаласының Құрметті азаматы, сонымен қатар денсаулық саласы қызметкерлері үшін ең абыройлы «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері.
«Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» төсбелгілері де еңбегінің лайықты өтеуі. Бұл күнде өмірден озған асыл жары екеуі үш ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Ол перзенттерінен немере-шөбере сүйіп отыр.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ауруын анықтау үшін адамнан жымиюды сұраңыз
- 14 маусым, 2025
Бала шыр етіп дүниеге келгенде қатты қуанамын
- 14 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді