«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаздық лагерьлер мен жағажайлар тексеріледі

Жаздық лагерьлер мен жағажайлар тексеріледі
Ашық дереккөз
Осы аптада жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейту мәселесін қараған Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жыл сайын өрт қауіпсіздігіне байланысты білім беру нысандары тексеріліп, тәжірибелік жаттығулар өткізілетінін атап өтті.

Оқу жылы ішінде төтенше жағдайлар кезіндегі мінез-құлық ережелерін түсіндіру және оқушылар, педагогикалық құрам мен ата-аналар арасында алғашқы көмек көрсету бойынша профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Сондай-ақ оқу орындарында кадет сыныптары, әскери-патриоттық клубтар, «Жас құтқарушылар» және «Жас өрт сөндірушілер» үйірмелері белсенді түрде енгізіліп, дамуда.

«Балалардың жаз мезгіліндегі бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында осы жылғы маусымда «Жас құтқарушы» республикалық жарысын Көкшетауда өткізуді жоспарлап отырмыз. «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде 29 мамырда «Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда» тақырыбымен министрліктің барлық аумақтық бөлімшелерінде балалар мен ата-аналарға арналған іс-шаралар мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылатын болады», – деді Шыңғыс Әрінов.

Министрдің айтуынша, жыл барысында әкімдіктермен бірлесіп балаларды жүзу дағдыларына үйрету сабақтары өткізіледі. Қазіргі сәтте «Ұлттық бірыңғай тестілеу» мен «Мектеп бітіру кештері» шараларын өткізу кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайындық жүргізілуде. Бүгінде балалар лагерьлерінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін және жағажайларға қойылатын талаптардың сақталуын тексеру басталды.

Сонымен қатар суға шомылу маусымын қауіпсіз өткізу шеңберінде министрліктің бөлімшелері су айдындарына патрульдер мен рейдтер жүргізеді. Былтырдан бері жүзу құралдары мен құтқару жабдықтары кезең-кезеңмен сатып алынуда, ол өз кезегінде су айдындарындағы азаматтарды құтқару жұмыстарын уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта министрліктің 70 құтқару стансасы жұмыс істеуде, оған қосымша қауіпті учаскелерге мобильді бекеттер қойылады. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп суға шомылу орындары белгіленуде. Рұқсат етілген орындардың тізбесі «2ГИС» қосымшасында жаңартылатын болады. Осыған орай жергілікті әкімдіктер аталған бағыттағы жұмыстарды мамыр айының соңына дейін аяқтауы қажет», – деп атап өтті Ш.Әрінов.

Тағы бір тоқталатын маңызды жайт, су қоймаларында балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру – бұл бала өліміне әкелетін негізгі себеп болып табылады. Каналдар мен арық жүйелері сияқты шағын су объектілерінің өзінде бала өлімінің фактілері жиі орын алады. Осыған байланысты жазғы каникул басталғанға дейін Оқу-ағарту министрлігі ата-аналар мен балалар арасындағы профилактиканы күшейтуі тиіс.

«Жаз мезгілінде балалардың терезеден құлауы жағдайларының көбейіп кететінін ерекше атап өткім келеді. Министрліктің тарапынан терезелерге қорғаныш құрылғыларын өтеусіз негізде орнату және тұрғын үй кешендерінің аулаларында ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы халықты ақпараттандыру жұмыстары жүргізіледі. Бала өлімінің алдын алу мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігі кең ауқымды акция өткізуі қажет. Сонымен қатар жазғы кезеңде адамдар көп баратын туристік орындар мен көрнекті жерлердегі қауіпсіздік шараларының сақталуын тиісті ведомство қамтамасыз етуі керек. Төтенше жағдайларға уақытылы ден қою және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін министрліктің күштері мен құралдары әрдайым дайын», – деп түйіндеді министр.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Ұқсас жаңалықтар