
Бүгінде елімізде бұл жүйемен 6,8 миллионнан аса адам қамтылған. Ал облыс бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры 273 мыңға жуық адамды қамтыған, 2024 жылы 80 мыңнан аса адам жалпы сомасы 61,8 миллиард теңгеге жуық төлем алған. Бұл төлемдердің мөлшері жыл сайын арттырылады. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдердің мөлшері автоматты түрде 6,5 пайызға өсті.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Нұрахмет Искаковтың айтуынша, облыста 4911 алушыға еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайға және 3195 асыраушысынан айырылған жанұяға төлемдер мөлшері ұлғайтылыпты.
– Халықты әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша түрі болып саналатын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі шектеулі ынтымақтастық қағидатына негізделген. Яғни, әлеуметтік аударымдар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жұмыс істейтін халық үшін төленеді. Бұл ретте олар үшін қорға әлеуметтік аударымдар түскен және әлеуметтік тәуекел жағдайы туындаған адамдар ғана әлеуметтік төлемдерді алушылар болып табылады. Бұл жерде баса айтқымыз келетіні, әлеуметтік төлемдер жұмыскердің жалақысы емес екенін түсіну қажет. Бұл әлеуметтік тәуекел туған кезеңдегі адамды әлеуметтік қолдаудың бір түрі. Осылайша әлеуметтік төлемдер жүйенің есебінен жекелеген жосықсыз адамдарды байытуға мүмкіндік бермей, әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған. Төлем құрылымындағы негізгі үлес ана мен балаға байланысты төлемдерге тиесілі. Жыл сайын осы мақсатқа қордан төленетін төлемдердің жалпы көлемінің 82 пайыздан астамы жұмсалады. Бұл ретте еңбекке қабілеттілігінен айырылуы және асыраушысынан айырылуы жағдайы бойынша екі ұзақ мерзімді әлеуметтік маңызы бар төлем көзделген. Ұзақ мерзімді төлемдерден басқа, жұмысынан айырылу жағдайына да қолдау бар. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының тексеру шараларының нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілері жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді алуға жүгінушілермен еңбек қатынастарын растамаған кезде «жалған» еңбек қатынастары фактілері анықталған болатын. Осындай фактілердің себептері көбінесе жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік тәуекелдің алдында, яғни жүктілікке және босануға байланысты еңбекке жарамсыздық парағы берілген күнге дейін жекелеген әйелдердің нақты еңбек қатынастарының болмауына қарамастан, бір кезеңде бірнеше жұмыс берушіден әлеуметтік аударымдарды төлеп, өздерінің кірістерін жасанды түрде арттыру тәжірибесінің таралуынан туындайды, – дейді Нұрахмет Сейдахметұлы.
Қабылданған өзгерістерге тоқталайық. Жұмыс берушілердің санына қарамастан, жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем мөлшерін есептеу кезінде орташа айлық кірісті 7 ең төменгі жалақыға дейін шектеу қарастырылады. Сондай ақ, жүктілікке және босануға, бала күтімі жағдайлары бойынша кірісінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер мөлшерін есептегенде, әлеуметтік тәуекелдер туындаған күннен кейін төленген әлеуметтік аударымдарды алып тастау көзделеді.
Бұл өзгерістерді жүзеге асыру сақтандырылған кірістерді жасанды түрде арттыру мүмкіндігін азайтуға және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған. Нақты орташа айлық табысы белгіленген лимиттен асатын әйелдер үшін жұмыс беруші арқылы қосымша төлемдер алу мүмкіндігі қарастырылған.
Еліміздің Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленген соманы шегеріп, орташа жалақысын сақтай отырып, жүктілік және босану жағдайына байланысты демалысқа ақы төлейді. Бұл еңбек шартында немесе ұжымдық шартта көзделуі мүмкін. Егер мұндай ереже болмаса, қызметкер оны сол құжаттарға енгізуді талап етуге құқылы. Бұл Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 3-тармағы және Еңбек кодексінің 99-бабының 4-тармағына сай жүзеге асады.
Бүгінгі күні Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, республикамызда заңсыз әрекеттермен төлем алған 113 төлем алушы бойынша құқық қорғау органдарымен қаралуда. Қандай шаралар қолданылатыны құзырлы органдардың құзырында.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді