«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Инфекцияның таралуы ер адамдарда жиірек байқалады

Инфекцияның таралуы ер адамдарда жиірек байқалады
Ашық дереккөз
Медицинада күн сайын жаңалық. Медицинасы дамыған елдің болашағы жарқын болмақ. Өйткені медицина дамыса, елдің денсаулығы жақсарады, қоғам дамиды. Дамыған елдердің тәжірибелерін меңгеру арқылы озық елдердің қатарына енуді мақсат тұтқан еліміз соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына аса мән беріп келеді. Нәтижесінде жыл сайын салада өзгерістер орын алып, алға жылжу байқалады.

Мемлекеттің басты байлығы адам десек, әрбіріміздің денсаулығымызды бақылайтын ақ халатты абзал жандардың қоғам алдындағы еңбегі еселі. Халық саулығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында денсаулық сақтау саласында қолға алынған жұмыстар жетерлік.

Атап айтсақ, соның бірі осы жылдың 12–16 мамыр аралығында елімізде репродуктивтік денсаулыққа бағытталған апталық біздің облыста да жоспарға сәйкес өтті. Жалпы, бұл мемлекет бойынша қолға алынған ауқымды ақпараттық-ағартушылық бастама. Осы апталық шеңберінде тұрғындар, соның ішінде жастар арасында репродуктивті саулықты сақтау, зиянды әрекеттерден аулақ болу, адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) және жыныстық жолмен берілетін инфекциялар (ЖЖБИ) туралы танымын арттыру мақсатында түрлі форматтағы іс шаралар ұйымдастырылуда.

АИТВ жұқтырудың негізгі жолы – жыныстық гетеросексуалдық қатынас. Сонымен қатар гомосексуалдық байланыс, инъекциялық есірткі қолдану, анадан балаға берілу жолдарымен жұғу деректері тіркелген. Ер адамдар арасында инфекцияның таралуы әйелдерге қарағанда жиірек байқалады. Осы орайда облыстық ЖИТС орталығы алдын алу шараларын екі бағытта: жалпы халық және негізгі топтар арасында жүргізуде. Әлеуметтік жарнама құралдары, ақпараттық науқандар және қоғамдық орындарда экспресс тестілеу ұйымдастырылатын акциялар белсенді түрде қолданылуда.

2024 жылы эпидемиологиялық және профилактикалық бөлімдердің біріктірілуімен ЖИТС орталығының құрылымы оңтайландырылып, 2025 жылдың қаңтарынан бастап облыс тұрғындарына ақпараттық түсіндіру және тестілеу қызметтерін қолжетімді ету үшін арнайы мобильді топ құрылды. Бұл топтың басты мақсаты – халықты АИТВ ға кеңінен тестілеу және алдын алу шаралары жайлы толыққанды ақпарат беру.

Атап айтар болсақ, 2025 жылдың І тоқсанында мобильді топ білім беру ұйымдарында 17 семинар өткізіп, 1389 оқушы, студент және педагогті қамтыды.

Ал бизнес құрылымдарында 4 кездесуде 175 қызметкерді ақпараттандырды. Полиция департаментінде 2 семинар өткізіп, 137 адамға экспресс-тест жүргізіп, нәтижелерінің бәрі теріс болды. Әскери бөлімде (01731) 140 әскери қызметкерге семинар өткізіп, 125 адамның қаны иммундық ферментті талдау (ИФТ) зерттеуіне алынды. Медицина қызметкерлерімен 26 іс-шара өткізіп, оған 1040 адам қамтылды.

Сонымен қатар полиция госпиталінде мемлекеттік қызметкерлер мен әскери міндеттілерден күнделікті ИФТ тестілеу үшін қан алынып отыр. Ал Тараз қаласының орталық базарында ақпараттық радиохабарламалар арқылы тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Репродуктивтік денсаулық апталығы аясында дәрістер, семинарлар, консультациялар, онлайн-кездесулер, тренингтер мен ақпараттық науқандар кеңінен ұйымдастырылып, әлеуметтік желілер арқылы да ақпарат тарату жұмыстары белсенді жалғасуда. Жастар арасында АИТВ туралы бүктемелер таратылып, жоғары оқу орындары мен сауда-ойын сауық орталықтарында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда 18 мамыр – ЖИТС тен қайтыс болғандарды еске алудың Халықаралық күні екенін атап өткен жөн. Бұл күн өмірден өткендерді үнсіз еске алып қана қоймай, АИТВ инфекциясының алдын алудың, кемсітушілікпен күресудің және қоғамдағы бірлікті нығайтудың маңыздылығын ұғындыратын сәт.

Бұл әр азаматты жауапкершілікке, жанашырлыққа, сергектікке шақыратын ерекше күн. Облыстық ЖИТС орталығының мамандары мен мобильді тобы алдағы уақытта да АИТВ инфекциясының алдын алу жұмыстарын жүйелі және нәтижелі түрде жалғастыра бермек. Себебі салауатты ұрпақ – ел болашағының кепілі.

 

Бағлан ҚЫДЫРБАЕВ,

облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының бас дәрігері

Ұқсас жаңалықтар