«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жамбылдық филиалда – жаңа төраға

Жамбылдық филиалда – жаңа төраға
Автор
Бүгінде еліміз бойынша 100 мыңға жуық мүшесі, 20 филиалы бар, «Таза ауа, таза су, таза жер – таза адами қарым-қатынас!» ұранын ұстанып, осы бағыт бойынша тың бастамалар көтеріп жүрген «Байтақ» жасылдар партиясы табиғат пен адамдар үйлесімді өмір сүре алатын орнықты және салауатты қоғам құруға ұмтылып келе жатқан ұйым. Партияның біздің өңірде де филиалы құрылып, екі жылдан аса уақыттан бері жұмыс істейді.

Жақында «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевтың қатысуымен партия облыстық филиалының IV конференциясы өтті. Жиынды филиал төрағасы Серік Қойбақов ашып, партияның атқарған жұмыстары туралы баяндама жасады. 2023 жылдың басында ресми түрде тіркелген облыстық филиалдың қазіргі таңда бес бастауыш ұйымға топтастырылған 3 мыңнан астам мүшесі бар.

Баяндамашының айтуынша, облыстық филиал өңірдегі экологиялық мәселелерді билікке жеткізіп, жоғары мінберлерден көтерілген бірқатар проблемалардың шешілуіне тікелей себепші болып келеді.

«Партияның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау және халықтың денсаулығы. Сонымен қатар өңірдегі әлеуметтік мәселелер де партияның назарынан тыс қалмайды. Осы құндылықтар бір-бірімен байланысты болғандықтан да, партияның ұраны – таза жер, таза ауа, таза су – таза адами қарым-қатынас. Осы орайда партия өз жұмысында бірқатар өзекті мәселелерді назарға алып, сол бағытта жұмыс атқарды. Атап айтсақ, мемлекеттік орман шаруашылығындағы орманшылардың жалақысы 100 пайызға өскенде, қалған қызметтегілер мен жұмысшылар қосымша төлемсіз қалды. Партия атынан облыстық мәслихаттың депутаты ретінде орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақылары тең еместігіне байланысты облыс әкіміне депутаттық сауал жолдадым. Нәтижесінде облыстық бюджеттен 175 миллион теңге қаражат бөлініп, тиісті санаттағы жұмысшыларға төленді. Сондай-ақ өңірдегі экологиялық проблемаларды кешенді шешу мақсатында 2023 2026 жылдарға арналған жол картасы әзірленді. Тараз, Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларында партияның ұсынысымен қалдықтарды басқару бағдарламалары қолға алынып, жобалар қалалық және аудандық мәслихаттарда бекітілді. Облыс орталығындағы кәріз тазарту кешенінің құрылысы бойынша жұмыстар да партияның бақылауында тұр. Жобалау жұмыстары басталды, ал құрылыс биылғы жылдың аяғында басталып, кемінде 2-3 жылдың ішінде салынып бітуі тиіс. Сонымен қатар Тараз қаласында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауытын салу үшін қала маңынан 10 гектар жер бөлініп, инвестициялық жобаның көлемі 18,8 миллиард теңгені құрап отыр», – деді С.Қойбақов.

Жиында «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев, партияның Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ерәділ Үббиниязов, партия мүшелері Ихтияр Мырзахметов, Марат Мәзімбаев, Жапар Сатылғанов, тағы басқалар сөйлеп, партия алдында тұрған міндеттер, оның жұмысын жақсарту жолдары туралы ой-пікірлерімен бөлісті.

Конференцияда партия облыстық филиалының төрағасы және саяси кеңестің мүшелері сайланды. «Байтақ» жасылдар партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағалығына Нұрсұлтан Баймұратовтың кандидатурасы ұсынылып, оны партия мүшелері бірауыздан қолдады.

– Біздің партияның алда атқаратын міндеттері көп. Жамбылдық филиалдың жаңа төрағасы Нұрсұлтан Шәріпұлы қоғамдық жұмыстармен жылдап айналысып жүрген белсенді азамат, әсіресе спорт саласына сіңірген еңбегі мол. Ал партиямыз тіркелгелі осы облыстағы филиалдың басшылығын қолына алып, көптеген экологиялық игі істердің басы-қасында жүрген, облыстық мәслихатта депутаттық мандатқа ие болған Серік Қойбақов ағамыз өз өтінішімен төрағалықтан босатылғанымен, ол партия саяси кеңесінің құрамында қалып отыр. Енді жаңа төраға ол кісінің жүйелі жұмысын жастық жігермен жалғастырады деп сенім білдіреміз, – деген партия көшбасшысы Азаматхан Сайлауұлы облыстық филиал төрағасының жұмысына сәттілік тіледі.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

Ұқсас жаңалықтар