- Advertisement -

Елінің есінде, жақындарының жүрегінде…

118

- Advertisement -

Есенхан Рымқұловты осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын мәдениет саласының қызметкері, өнердің белді өкілі ретінде танығанмын. Ол кезде Есенхан Талас аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі. Бізді Жамбыл аудандық мәдениет бөлімінің сол кездегі меңгерушісі, досым Бақыт Сырлыбаев таныстырған болатын. Одан беріде Есенханның азаматтық қырларына қаныға түскендеймін. Өзім дегенге өзегін суырып беруге дайын ақкөңіл, адал азамат. Сыйластық жолынан жаңылған кезі жоқ, «аға» деп құрметтеп тұрады. Кейде орынды жерінде еркелеп, әзілдеп те қоятыны бар.

Сол Есенхан бір жолы әй-шәй жоқ: «Көке, сіз осы менің анам туралы неге жазбайсыз?», – дегені. Табанасты сөз таппай сасып қалдым.

– Жазамын ғой, неге жазбайын. Аналардың бәрі де қошемет пен құрметке лайық. Олардың кез келгені туралы том-том роман жазсаң да артық емес. Өйткені, кез келгенінің соған арқау болғандай өмір тарихы бар. Мені анаңа жолықтыр, әңгімелесейін, – деп жатырмын ақталғандай.

– Қайдағы әңгімелесу, ол кісі былтыр бақилық болып кеткен. Мен о дүниеден шақыртып ала алмаймын ғой, – деді Есен інім әңгіменің соңын әзілге тіреп.

– Шақыртудың қажеті жоқ. Ол кісінің нағыз шынайы өмірі енді басталған екен. Иманы саламат болсын! Бірақ, «өлді» дегенің – өтірік. Артында ұрпағы бар адам ешқашан өлмейді. Өйткені, ол кісінің өмірін сендер жалғастырып жатырсыңдар. Ал, бастай бер әңгімеңді, ол кісі туралы сенен жақсы білетін кім бар дейсің.

Әрі қарайғы әңгіме желісі Есенханның анасы туралы айтқандары бойынша өріледі.

Кеңестік кезеңде «Ардақты ана» алтын медалін, Тәуелсіз Қазақстан тұсында «Алтын алқасын» омырауға таққан алтын құрсақты ана Зейнекүл Қоңқабаева туралы мақала жазу жайы Есен екеуміздің арамыздағы осы әңгімеден туындаған.

Он перзентті дүниеге әкеліп, оларды әдібұлыққа жеткізіп, солардан 34 немере, 8 шөбере, 2 шөпшек көріп, 88 жасында Алланың аманатын тапсырып, шынайы өмірге аттанған Зейнекүл ананың өмір жолы тақтайдай тегіс болған жоқ. Ол да жалпы адамзат баласына тән бақытты сәттерді де, қиындықты да бастан өткерген. Бақыттан басы айналып тасыған жоқ, қиындықта осалдық танытып жасыған жоқ. Бақытқа шүкіршілік етті, қиындықты қара нардай қайыспай көтерді.

Қызыл әуіт ауылындағы бақуатты адамдардың бірі Бәйтайдың отбасында дүниеге келіп, ата-анасының алдында алаңсыз желкілдеп өскен Зейнекүл 18 жасында Рымқұлдың баласы Қойшыманға тұрмысқа шығып, Ханымбала апаның қолына келін болып түскен. Қойшыман Ақкөл ауылдық кеңесінде хатшы болатын. Арада жастарды жарастырған жеңгелер жүрген шығар, әйтеуір, бұйрық солай болды.

Ауылда «селсебеттің секретары» деген – әжептәуір беделді қызмет. Бүкіл мал-жанның есебі соның қолында. Осының бәрін хаттап- шоттап, реттеп қою ұқыптылықты талап етеді. Қойшыман ісіне құмбыл, тірлігі тап- тұйнақтай. Қандай мәлімет керек, кез келген уақытта дайын. Жұмыста беделді, ағайын- туыс арасында жақсы атымен танымал. Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған, Зейнекүлдің де оның отбасын құру жөніндегі ұсынысын қабылдағаны сондықтан шығар.

«Бас екеу болмай, мал екеу болмас», қорадағы ірілі-ұсақты он-он бес малдың өсімі бар, тұрмыстары жаман емес. Қойшыман дүниеден озғанға дейін Зейнекүл өкіметтің жұмысын істеген жоқ. Құдай етегіне беріп, дүниеге кезек-кезегімен кішкентайлар келіп жатыр. «Көп бала көгергенімізге жақсы» деп білетін Ханымбала апаның немерелерін күтіп- бағудан қолы босамайды. Ол үшін одан асқан бақыт жоқ.

Қойшыман мен Зейнекүл небәрі 14 жыл жұбайлық ғұмыр кешті. Алланың өлшеп берген өмірі түгесіліп, күйеуі дүниеден озғанда Зейнекүл 32 жаста, оныншы балаға жүкті еді. Кенже ұл әкесі Қойшыман дүниеден озғаннан кейін өмірге келген. Атын Ізбасар деп қойғаны да сондықтан.

Отбасының асыраушысы қайтыс болғанымен, балалардың ырзық-несібесі таусылған жоқ. Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір өтіп жатты. Осы жайын ойластырып жүргенде Құдай істің орайын келтіріп, аупарткомда қарауыл болып жұмыс істейтін қайынағасы Жаңабек сонда еден жуушының орны бос екенін айтқан.

Жұмыс сұрай барған Зейнекүл аупарткомның шаруашылық бөлімінің келісімімен техникалық қызметкер болып орналасты. Ресми түрде солай аталғанымен, кәдімгі еден жуушы. Ол осы жұмысты ширек ғасырдай атқарып, осы жерден зейнеткерлікке шықты.

Зейнекүл жұмысына өте жоғары жауапкершілікпен қарады. Қанша дегенмен ауданның беткеұстар ұйымының мекемесі ғой, аупартком ғимараты кіреберісінен бастап дәлізі, әр бөлмесі таза болуы керек. Тіпті, ғимараттың сырты, айналасы, ауласының тазалығы да басты назарда болғаны дұрыс.

Зейнекүл таңертең жұмысқа таза, ұнамды киініп кетіп бара жатады. Сырттан қараған кісіге еден жуушы дейтіндей емес, тура бір лауазымды қызметкер сияқты. Жұмыс киімдері де жинақы, іс-әрекетіне ыңғайлы әрі таза. Киімдерінің ыңғайлы, ұнамды болатын себебі бәрін де өзі тігеді. Он саусағынан өнер тамған шебер тігінші. Осы шеберлігінің арқасында он баланы асырап, оқытып-тоқытып, қатарынан кем қылмай жетілдірді.

Еден жуушының аз ғана айлығы қайсыбіріне жете қойсын, Зейнекүл қолы бос уақытында іс тігетін. Киімнің барлық түрін тігеді. Бірақ, сырт киімдерді тігу уақыт алады. Өзіндік қиындығы да бар. Көйлек-көншек, кеудеше секілді киімдер дайындау оңай. Сондықтан, орындалуы оңай әрі тез тігілетін киімдерге тапсырыстар қабылдайтын.

Киімнен кейінгі өтімді тауар – қыз жасауы. Ол дегеніңіз жиһаз, тұрмыстық заттар, ыдыс- аяқтан да жоғары бағаланады. Қыз жасауы қыздың төркіні ұялмайтындай болуы керек. Ол Зейнекүлдің шеберлігіне байланысты. Қыз анасы әкеліп берген мата, мақтадан келістіріп көрпе, көрпеше, бөстек тігеді.

Тура өзі үшін дайындап жатқандай, өзі тұтынатындай жанашырлықпен қарайды әр бұйымға.

«Заттың заманауи үлгіде болғаны дұрыс, бірақ, ұлттық нақыш, ою-өрнек ұмытылмауы керек. Онсыз төсек-орынның сәні кірмейді», деп отырады екен Зейнекүл әрбір тапсырыс берушіге.

– Жеңешемнің достары көп болатын. Көбісі киім үлгісі туралы ақыл-кеңес сұрай келетін. Солардың бәрі де риза болып қайтушы еді, – дейді Есенхан анасы туралы. – Кеңестік кезеңде облыста көптеген жоғары лауазымды жауапты қызметтер атқарған Нілзия Рақышева Талас аудандық партия комитетінің хатшысы болған кезінде анаммен қызметте де, тұрмыста да жиі араласқан. Ұмытпасам, ол кісінің бір- екі қызының жасауын да жеңешем дайындап берген.

Ерінен жастай жесір қалған Зейнекүл отбасында ер-азаматтың жүгін арқалаған. Бала тәрбиесімен көбінесе енесі Ханымбала айналысқан. Сондықтан ба, әлде жаратылысы солай ма, Зейнекүл балаларына суық. Бір де біреуін өбектеп, аймалаған емес. Ханымбала апа мына беріде, Зейнекүлдің үлкені жиырмаға келіп, кенжесі мектеп жасына іліккенде дүниеден озған. Екеуі ене мен келін сияқты емес, абысынды адамдардай ғұмыр кешті десе де болады.

Зейнекүл балаларының мамандық таңдауына араласқан жоқ. Райхан – орта-арнаулы білімді медбике, Есенхан – жоғары білімді мәдениет қызметкері, Дүйсенхан –жоғары білімді энергетик, Меруерт –бухгалтер, Ләззат – арнаулы білімді аспаз, Роза баспаханада линотипте әріп теруші болған, Ізбасар – Түркістандағы кәсіптік-педагогикалық техникумның түлегі.

Әдетте, баланың кенжесі – қарашаңырақ иесі. Ата-ана соның қолында. Қалғандарын еншілеп, бөлек отау етіп шығарады. Зейнекүл апаның бұл реттегі тірлігі – өзгеше. Ол негізінен ұлдың тұңғышы Есенхан мен келінінің үлкені Күләнданың қолында болған. Қазақтың алғашқыны «көзімді ашып көргенім, аузымды ашып өпкенім» дейтіні бар, бірінші қызық- қуанышы туралы. Бақилыққа да солардың қолынан аттанды.

Есенхан қызмет жағдайына қарай бірер жыл Шу, Жуалы аудандарында болғаны бар. Сол кездерде туған жерден жырақтап алысқа ұзай алған жоқ, кенже ұл Ізбасар мен Гүлмира келіннің қолында қалатын. Есенхандар қалай елге қарай жақындайды, солай солардың қолына бара қояды. Ол кісінің шешіміне ешкім қарсы келе алған емес, келе алмайды да. Өз дегенін ғана орындайтын кісі еді.

Әжесінің тәрбиесінде өскен Есенханы еркелеу. Анасының ақылдасатыны да, сырласатыны да осы баласы. Есен де ойына келгенін анасының алдында іріккен емес.

Зейнекүлдің денсаулығы сыр беріп, беті «ана ауылға» қарай бұрыла бастағанын аңғарған Есенхан оңтайы келген бір күні:

– Ал, жеңеше, соңғы кездері ана жерім ауырады, мына жерім ауырадымен зәремізді алып қорқытып қоясыз. Өмір бар жерде өлім бар, бір күні табанасты «шалыңыз шақырып» о дүниеге жөнеп берсеңіз, арманда қалып қоймайық. Бізге қандай өсиетіңіз бар? Қандай аманатыңыз бар? Айтып қойсаңызшы аман- сауыңызда, – деп салғаны бар. Аузы батыр өзінің.

Зейнекүл баласының бұл салиқалы сауалына ренжіген жоқ. Керісінше, алпыстан асып ақыл тоқтатқан азаматтың орынды сөзіне риза.

– Балаларым, ешбіріңе өкпем жоқ, ризамын. Өсиетім – кісі ақысын жемеңдер. Сен тимесең, саған ешкім тимейді, кісіге қиянат жасамаңдар. Өз тірлігіңді өзің ретте. Қанағатшыл бол! Мені, мүмкіндіктерің болса, әкелеріңнің қасына жерлеңдер, – деп аманаттады.

Ана аманаты орындалды. Зейнекүлге осыдан 55 жыл бұрын дүниеден озған қосағы Қойшыманның қасынан орын бұйырды. Қойшыман қайтыс болғаннан бергі жарты ғасырдан астам уақытта сол қорымға талайлар жерленді. Соған қарамастан, жолдасының аяқ жағынан бір адамдық орын қалыпты. Мұны «Құдайдың құдіреті» демегенде не дерсің!

Өсиеті орындалып жатыр. Ұл-қыздарынан тараған ұрпағы желкілдеп өсіп келеді. Тату- тәтті, әлеуетті әулет. Бәрі де аналары айтқан адалдық пен әділдіктің жолында.

Алтын құрсақты ана Зейнекүл Бәйтайқызы бақилыққа аттанғалы да бір жылдың жүзі болып қалыпты-ау! Таудың алыстаған сайын биіктей түсетіні сияқты, ана бейнесі биіктеп, оны білетіндердің жадында жаңғырып жатыр. Ол елінің есінде, жақындарының жүрегінде.

 

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Талас ауданы

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support