Химиялық кластер дамуда

Қазақстан күрделі экономикалық және саяси міндеттерді табысты шешуде басқа елдерге үлгі болатын деңгейге көтерілді. Елулікті меже еткен мемлекетіміздің енді бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуге ұмтылуы – заңды құбылыс. Елдің экономикалық әлеуеті мен қалыптасқан саяси тұрақтылық, демократияның дамуы бұған үлкен мүмкіндік береді.
Елбасымыз айтқандай, ХХІ ғасыр – мәдениеттің, ғылым мен ақыл-ой бәсекесінің ғасыры. Бәсекеге қабілеттіліктің негізгі өлшемі де білім мен ғылым болмақ. Көштің соңында қалмай, озу үшін озық ғылыми-техникалық инфрақұрылым мен кәсіби шеберлігі жоғары білімді кадрлар керек. Ал осы талаптардың үдесінен шығудың жолы – білім мен ғылымды халықаралық деңгейге көтеру. Дамудың тағы бір даңғыл жолын Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға арналған кеңесте Ұлт көшбасшысы айқындап берді. Президент: «Еліміздің алдында тұрған үлкен мақсат – мынадай алмағайып заманда экономикамызды түзеп, жағдайымызды жөндеп, индустриялық Қазақстанды жасау. Сол кезде еліміздің келбеті өзгереді, басқа кадрлар даярланады, басқа ұрпақ өседі, экономика жаңарады. Біз шынымен де 30 өркендеген, өскен елдің арасына енеміз», – дей келе Үкіметке нақты тапсырмалар беріп, елді осы бағытта жұмыла еңбек етуге шақырды. Мемлекет басшысының сөзінде үлкен мән бар. Тәуелсіз елдің іргесі берік болуы үшін еңбек ету, индустриялық Қазақстанды құру, Отанымыздың дамуына үлес қосу – бізге бұйырған бақыт. Осы мүмкіндікті пайдаланып, халыққа қызмет етуге тиіспіз.
Президент «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында басымдық берген жеті бағыттың бірінде индустриялық инфрақұрылымдарды дамытуды тапсырды. Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру құрылыс материалдарына, көліктік-коммуникациялық, энергетикалық және тұрғын үй-коммуналдық салалар үшін өнімдер мен қызмет көрсетулерге үлкен сұраныс тудыратынын айтып өтті. Индустриялық аймақтар салу қажеттігін ескертті. Жалпы, Қазақстан әлемге салыстырмалы түрде алғанда химия өнеркәсібі дамыған мемлекет ретінде таныла алады. Біз мұны айтып мақтануға тиіспіз. Бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің даму қарқыны оның Кеңес Одағы құрамында болған кездегіден әлдеқайда жоғары. Демек, өңдеуші, ұқсатушы кәсіпорын шикізат өндірісінің қарқынына ілесуі қажет.
Елімізде, нақтырақ айтсақ, Жамбыл өңірінде ірі химиялық кластер құрылуда. Кластер құрамына тау-кен өндірістері, шикізаттарды байытатын өндіріс орындары, сондай-ақ дайын химиялық өнімдер шығаратын зауыттар кіретіні белгілі. Осы тұрғыдан алғанда бір ғана аймақта «Қаратау фосфор» зауыты, «Минералды тыңайтқыштар зауыты», «Тараз металлургиялық зауыты», «Жаңа Жамбыл фосфор зауыттарының» жұмыс істеуі, «Тараз» химиялық паркі» экономикалық аймағының құрылуы, «Talas Investment Company», «ЕвроХимУдобрение» және басқа да аса ірі компаниялардың ірі жобаларды қолға алуы осылай деуімізге түрткі болып отыр. Ал еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосатын өндіріс орындарына бәсекеге қабілетті, ғылыми танымы мен өрісі кең, білікті мамандар керек.
«Қазақстанда инженер мамандарды даярлайтын 10 университет таңдалды, мәселен Тараз қаласындағы Тараз мемлекеттік университеті химиядан инженер мамандарды дайындауы тиіс, өйткені қазіргі таңда ірі химиялық кластерлер жандану үстінде», – деді Мемлекет басшысы республикалық жетекші телеарналар өкілдерімен сұхбатында. Болашақта біздің университетіміздің негізгі бағдары да осы болмақ.
Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында оқу орнында көптеген ауқымды жоспарлар жасалды. Алдымен, университет ғылыми-әдістемелік, мәдени-ақпараттық, материалдық-техникалық ресурстармен толық жабдықталып, оқытушылар құрамы білікті кадрлармен күшейтілді. Технологиялық факультетіне қарасты «Химия және химиялық технологиялар» кафедрасындағы атқарылып жатқан жұмыстар бұған нақты дәлел бола алады.
Кафедра ғылыми дәрежелері жоғары, білікті оқытушы-профессорлар құрамымен қамтамасыз етілген және жастардың ғылыми біліктілігін арттырып тәрбиелеу арқылы магистранттарды, PhD докторларды даярлауда. Білім мен ғылымды тәжірибеде ұштастыру үшін қажетті құрал -жабдықтармен, химиялық реактивтермен жабдықталған. Студенттердің, магистранттардың, докторанттардың зертханалық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне мүмкіндік беретін «Физика-химиялық зерттеу орталығы» ашылды. Зерттеу орталығына 2013-2014 оқу жылында 60 миллион теңгеге жаңа құрылғылар сатып алынды.
Зерттеу орталығында сұйықтық хроматограф – милихром-5, ИК-Фурье-спектрометр, атомды эмиссиялық спектрометр-АЭС-4200, рефрактометр, спектрофотометр-СФ-2000, иономерлер және муфельдік пештер сияқты құрылғылар іске қосылып, ғылыми жұмыстар зерттелуде. Зерттеу жұмыстарына қазірдің өзінде «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры Мұқаш Ескендіров, «Қазфосфат» ЖШС ЖЖФЗ Жамбыл филиалының директоры Леонид Франгулиди, «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар» Тараз филиалының директоры Төлепбек Исаев қызығушылық білдіріп отыр.
Өңірдің даму үрдісіне көз салсақ, химия өнеркәсібі, көлік логистикасы, агроөнеркәсіп кешені және құрылыс материалдарын өндіру салалары үлкен басымдыққа ие болып отырғанын байқау қиын емес. Облыстағы химиялық өнімдер өндірісінің негізгі көшбасшы компаниясы – «Қазфосфат» ЖШС. Аталған өндіріс орны жергілікті шикізат көздерінің базасын оңтайлы пайдалануы нәтижесінде еліміздегі фосфорит қорының 70 пайыздан астамына иелік етеді.
Химия өнеркәсібі – химиялық әдістерді қолданатын өндіріс салаларының кешені, ауыр өнеркәсіптің жетекші салаларының бірі. Ал «Қазфосфат» ЖШС республикада химия өнімін өндіруші аса ірі кәсіпорын болып табылады. Олар фосфоритті Қаратау мен Жаңатаста өндіріп байытады да, Таразда фосфор, фосфор қышқылының тыңайтқыштарын, оның тұздарын шығарады. Сондықтан, университет ректоры «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директорымен арнайы келісім-шарт жасасқан. Осы келісім аясында бүгінде ТарМУ-дың «Химия және химиялық технологиялар» кафедрасында даярланатын бакалаврлар мен магистрлар оқу-өндірістік іс-тәжірибе сабақтары мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын осы зауытта өткізуге мүмкіндік алып отыр.
Жалпы, өңірімізде химия өндірісі өркендегені белгілі. «Қазфосфат» ЖШС, «ЕвроХимУдобрение», «Talas Investment Company», «Амангелді газ өңдеу зауыты», «Тараз қант зауыты» филиалы, «ЦАСК» ЖШС, «Тараз-Кожобувь» ЖШС, «Құрылыс-полимер» ЖШС, «SupEnergy» ЖШС (Тараз металлургиялық зауыты), «Фабрика ПОШ-Тараз» ЖШС, «Гипсовый комбинат» ЖШС, «Таразхиммонтаж» ЖШС, «Промхиммонтаж» ЖШС, «Жамбыл химстрой» ЖШС және басқа да кәсіпорындар бар. Келешекте осы салада жұмыс істейтін білікті кадрлар керек. Осыны ескере отырып әрі Елбасы тапсырмасына сәйкес инженер химик кадрларды даярлау үшін университетімізде арнаулы жұмысшы тобы құрылып, арнайы тұжырымдама қабылданды. Тұжырымдамада химиялық өндіріс орындары үшін мамандар даярлауды жетілдіру жолдары қарастырылған.

Саят МАМЕШОВА,
М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті
«Химия және химиялық технология» кафедрасының оқытушысы, химия магистрі.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/