- Advertisement -

Қазақ әдебиетінің қазанаты

52

- Advertisement -

Қазақ елінің ғылым саласына, әдебиеті мен журналистикасына белгілі ғалым Құлбек Ергөбектің есімі жарты ғасырдан бері таныс. Ғалымның жастайынан ізденімпаздығы, зерттеу жұмыстарының көптігі оның есімін өзгеден оқшаулап, абыройдың биік шыңына жетеледі. Түркістан облысының Отырар ауданында өмірге келген Құлбек Сәрсенұлы өзі еңбектенген қай салада да табысқа жеткен, өнімді еңбек еткен ғалым. Қай кезде де мақсатына жету жолында кездескен қиындықтардан тартынған емес. Мүмкін оған ауыр өткен балалығы әсер еткен болар.

Құлбек Ергөбек бала күнінен анасының жанына жалау болып, өміріндегі ең аяулы адамның қабағына қарап жетіліпті. Оқушы күнінде анасының орнына «ПМК-7» деген мекемеде күзетші болып та жұмыс істеген. Үш шақырым жердегі осынау жұмысына көбіне жаяу қатынаған екен.

1970 жылы Қазақ Мемлекеттік университетіне түскен кезінен оқытушылардың да назарына бірден іліккен. Танымал профессор, әдебиет оқулығын жасаушы ғалымдардың бірі – Бейсенбай Кенжебаевтың көзіне түскен кезі тіпті әсерлі. Ол кезде Б.Кенжебаев ҚазМУ бойынша жалғыз профессор екен. Академик, профессор деген атағы барлардың өте аз кезі. Сол атағы алысқа кеткен Кенжебаев бір жолы арнайы кеңесте 3-курстың студенттерімен әдебиеттің мәселелерін талқылап, қызу пікірталас өткізіп жатады. Қатысушылар аз болып қалды ма, әлгі кеңеске 1-курстың студенті Құлбек те қатысады. Содан жоғары курстың бір студенті «Ғаббас Тоғжанов – Абайдан кейінгі әдебиет сыншысы» деген пікірді айтып қалады. Осы тұста 1- курс студенті Құлбек Ергөбек қолын көтеріп, сөйлеуге рұқсат сұрайды. Профессор мұны байқап қалып, «Сөйлей ғой» дейді. Бұл сонда: «Жаңағы баяндамашы Абай Құнанбаевтан кейінгі сыншы – Ғаббас Тоғжанов деді. Сонда Абай дәуірінен бері біздің әдебиетте сыншы болмаған ба?» деп сауал қояды. Кейіннен кеңес жұмысын қорытындылаған Б.Кенжебаев кеңес мүшелеріне сыннан гөрі мақтау сөзді көп айттыңдар деп ескерту жасап, 1-курс студенті Құлбек Ергөбектің әлгі оқшау сұрағын оң бағалаған екен.

Сол күні аудиторияда сабақта отырған жерінен Құлбек Ергөбекті профессор Бейсенбай Кенжебаев қайта шақыртады. Бұл «Бірдеңе бүлдіріп қоймадым ба екен?» деп жүрексініп, әйгілі ғалымның кабинетін қобалжып аттайды. Бірақ, профессордың жүзі жылы еді. « Қарағым, келе ғой, не жазып жүрсің?» деп сұрайды. Сөйтеді де біраз ақылын айтып, ізденуге тақырып бере отырып, «Мені үйіме шығарып салшы» дейді. Бұл Құлбек үшін шексіз бақыт болатын. Алматыдағы сол кездегі саусақпен санарлық ғалым-профессор 1- курстың баласына ықыласы түсуі бақыт емей, немене? Ғалымның үйі сол маңайда екен. Бейсенбай Кенжебаев үйіне барғаннан кейін де: «Құлбек, осы үй – сенің бір үйің» десе, асыл жарына қарата «Құлбек бүгіннен бастап екеуміздің баламыз. Құтты болсын» деген екен. Осылайша, Жаратушы 19 жасар Құлбектің басына бар қуанышты бір күнде үйіп-төгіп бере салған екен.

Иә, барлығы сол күннен басталады. Ертеңіне профессор Кенжебаев баласындай болған Құлбекті А.Пушкин атындағы Ұлттық кітапханаға ертіп апарып, сирек кітаптар қоры секторының меңгерушісіне «Бұл Құлбек Ергөбек деген зерек шәкіртім. Сенімді бала. Бұл жігітке сұраған сирек кездесетін кітаптардың бәрін беріңіздер» деп тапсырыпты. Құлбек Ергөбектің әдебиет ғылымындағы сәтті жолы осылай басталып кетеді. Ол кезде қазақ әдебиетінің алыптары Ахмет, Мағжан, Шәкәрімдердің есімдері аталмайтын, аталуға болмайтын кезі. Кенжебаев профессор студенттеріне әдейі осы Ахмет, Мағжан, Шәкәрімдерді жасырын түрде зерттеуге береді екен.

Құлбек Ергөбек жайлы естелік айтушылар өте көп. Ғылым, білім жолынан бөлек, саясатта да атқарған ісі аз емес. Түркістан қаласында ашылған Қазақ-Түрік университетінің қалыптасып, өркендеуіне аға оқытушысы, кейіннен проректоры ретінде үлкен үлесін қосты. Осында түркітілдес халықтардың кітапханасын ашуға ықпал еткені де – игі іс. Бұл жөнінде қырғыз елінен келген ғалым Жұлдыз Бакашева, өзбекстандық ғалымдар Далымжан Сайфоллаев, Қазақбай Юлдашев БАҚ өкілдері арқылы алғыстарын білдірген екен. Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі, аппарат жетекшісінің орынбасары кезінде де үнемі руханияттың жоғын түгендеумен жүрді. Мәселен, Отырар кітапханасының ашылуына еңбек сіңірді. Басқа да атқарған игі жұмыстары көп.

Құлбек Ергөбектің облысымыздың руханияты мен ғылымының дамуына қосқан үлесі де өте мол. Руханиятты алатын болсақ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Шерхан Мұртаза, Мырзатай Жолдасбеков, Күләш Ахметова, ақын Асқаржан Сәрсек, Бауыржан Үсенов және ғалым Жанғара Дәдебаев туралы көлемді еңбектер жазған. Жамбыл облысы жайлы тарихқа негізделген кітап жазып, жыр алыбы Жамбыл Жабаев туралы тың деректерден құралған кітаптың жазылуына ерекше тер төккен. Сондықтан жамбылдық ғалымдардың да Құлбек Ергөбекке құрметі бөлек. Мысалы, әйгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков «Құлбек – артымыздан ілескен талантты ініміз. Екеуміз Бейсенбай Кенжебаевқа шәкірт болдық. Қазақ әдебиетін ғылыми тұрғыда зерттеуде Құлбектің орасан зор үлесі бар» деп бағаласа, ғалым, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ: «Құлбек Ергөбек – ұлттық әдебиеттану ғылымының терең білгірі, қаламы қарымды сыншы, әсіресе эссе жанрының шынайы шебері. Оның қазақ әдебиетінің үлкен тұлғасы Сәбит Мұқанов, Өтебай Тұрманжанов, қазақ балалар әдебиеті туралы жазған зерттеу еңбектері тың талдау философиясымен, эстетикалық ой-толғамдарымен дараланып жатады. Ақын-жазушылар туралы жазылған көркем эсселерін сүйсініп оқисың. Деректердің молдығы мен көркем туындының табиғатын терең түйсініп талдауы, жазу мәнерінің ерекшелігі әдеби сынның көкжиегін кеңейткені сөзсіз. Оның әдебиет пен ғылымға сіңірген еңбегі бағалауға тұрарлық» деп баға береді. Өңірге белгілі әдебиетші, ұстаз, Жуалы ауданының Құрметті азаматы, филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматова да: «Құлбек Ергөбекпен ҚазМУ-де қатар оқыдық. Мен 2- курста жүргенде, ол 1-курс студенті еді. Бірақ, алғашқы жылдан бастап зеректігін, ғылымға керектігін танытты. 1- курстың өзінде алғырлығымен аты шықты. Оны оқытушы ғалымдар жоғары бағалап, сенім артты. Әсіресе, әйгілі профессор, қазақ әдебиетін алғаш зерттеуші ғалымдардың бірі Бейсенбай Кенжебаевтың ықыласы ерекше түсіп, баласындай жақын тартты. Тіпті, өмірінің соңында Б.Кенжебаев өзінің барлық ғылыми мұраларын осы Құлбек Ергөбекке сеніп тапсырғаны да бекер емес. Құлбек – қазақ әдебиетінің дамуына үлесін қосып келе жатқан танымал ғалым, ғылымға үлкен еңбегі сіңген қайраткер. Бұл ғалымға жамбылдықтардың да құрметі бөлек», деп жылы естелігімен бөлісті.

Қ. Ергөбек қазақ поэзиясы, прозасы, жеке шығарманың жазылу тарихы, жазушы шеберханасы мәселелеріне арналған «Жан жылуы» (1981), «Мейірім шуағы» (1985), «Қазақ совет балалар жазушылары» (1987), «Сәбит Мұқанов» (1989), «Баянғұмыр» (1992), «Жақсыдан қалған сөз» (1992), «Өтебай Тұрманжанов» (1992), «XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» (1994) секілді оқулық, сын-зерттеу еңбектерінің, «Адасқандар ақиқаты», «Сібір сабақтары» деректі повестерінің авторы.

«XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» (2004) оқу құралын, «Қазақтың мақал-мәтелдері» (2005), «Шынашақ» (1992), «Қазақ совет балалар жазушылары» (1987), «Сылдырап өңкей келісім» секілді тақырыптық, антологиялық кітаптарды, Б.Кенжебайұлының 5 томдық, Ә.Тәжібаевтың 3 томдық таңдамалы шығармалар жинағын құрастырды. Орыс ертегілерін, Молдаван жазушылары шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Ғалым-сыншының «Арыстар мен Ағыстар» (2004-2007) аталатын алты томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Шығармалары орыс, түрік, өзбек, қырғыз, ұйғыр тілдеріне аударылып басылған.

Биыл ғалым жеті бел асып, 70 жасқа толып отыр. Оның алдағы уақытта да қазақ әдебиеті мен ғылымына үлкен еңбек сіңіре беруіне тілектеспіз.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support