- Advertisement -

Ойынқұмар Оралхан

236

- Advertisement -

Ойынпаздың бірі – Оралхан марқұм. Сексен жастан асып барып, арғы дүниелік болды. Ол кеңшарда ұзақ жыл жылқышы болған. Ауылдың жартысы мұның қайнылары. Сол қайнылардың өзі мұны тыныш жүргізбейді ғой. Ділдабай деген қайнысы Оралханға шашыңды алып берейін деп, шашын суламай, ұстарамен құрғақтай қырып, басын қанға бояпты. Жездесі сонда да сыр бермепті, жарықтық.
Ол ол ма, сол Ділдабай бір күні аңнан келе жатса, алдынан Оралхан жездесі жаяу кездесіп қалмай ма? Сонда Ділдабай жездесін мылтықпен қорқытып, алдына салып алып, ауылға дейін «қуып» келген екен. Мерген адам еді. Жездесінің екі аяғының арасын дәл көздеп, атып жіберген ғой. Орекең сонда да шыдап, мыңқ етіп артық сөз айтпаған.
Кеңшарда машина айдайтын қайнылары көшеде кездесе қалса, көлікпен қуады екен. Батырға да жан керек, Оралхан ата қаша жөнеледі екен. Қашқаннан қашып отырып бағананың (столба) артына тұра қалады. Қанша жерден ойынқұмар болса да, ешкім көлігімен бағананы қағып кетпейді ғой. «Менің жанымды «столба» аман алып қалып жүр» дейді Орекең бұл ойынға да рахаттанып.
Бір жолы Серік деген қайнысы шұжық (колбаса) цехының үлкен тоңазытқышына Оралханды қамап, шығаруды ұмытып кетеді. Екі сағаттан кейін есіне түсіп барса, Оралхан дәл есіктің аузына бір қойдың етін арқалап алып тұр екен. «Ой, тірі екенсің ғой жезде. Өліп қалды ма деп қорқып ем. Сен бәле оңайлықпен өлмейсің. Сол етті алып кете берші үйіңе» деген екен сонда Серік қуанып кетіп.
Бұл суреттемеге қарап Орекең ылғи қайныларынан жәбір көріп жүретін жуас біреу екен деп қалмаңыз. Кезі келгенде ол кісінің де оңдырмай есе қайтаратыны бар. Бір жолы Сарыарқаға жылқы айдап бара жатады. Жолда бір иесіз қамыс кепе бар екен. Күн ыстық. Сол кепенің ішіне тракторшы Мұрат деген қайнысы суға шайынып шықпақшы болады. Оны байқап қалған Орекең қайнысының сыртта қалған киімдерін жинап алып, әлгі қамыс кепеге от қойып жіберіпті. Қайнысы енді жуына бергенде «лап» етіп өрт шықпай ма? Әлгі тракторшы қызыл жалынның арасынан қашып, әрең аман қалады. Айдалада жалаңаш қалпы Оралхан жездесіне «Киімдерімді қайтаршы» деп, жалынып жүр дейді.
Орекең балдыздарымен де жаман ойнайды. Кешкілік жас балдыздары малдың алдынан шықса, тиісе жөнеледі. Бір жолы Төрехан, Есен деген кісі қыздарына «Оралхан жезделерің өліп қалды. Бүгін жерлеп келдік, енді малдың алдынан еркін, қорықпай шыға беріңдер» депті. Сол күндері Оралхан қала жаққа біраз күнге қыдырып кетсе керек. Арада 3-4 күн өтеді. Балдыздарына рахат, ойнайтын Оралхан жоқ. Еркінсиді. Бесінші күні де балдыздары малдың алдынан шықпай ма? Сөйтсе, құмақ жақтан аққа оранған біреу ербеңдеп келе жатыр дейді. Ол атын тұсап келе жатқан Оралхан ғой, үстінде ақ көйлегі. Балдыздарын көрген соң қолын ербеңдеткен ғой. Жақындағанда Оралхан жездесін таныған қыздар зәрелері ұшып, малды тастай салып, үйлеріне дейін жан ұшырып жүгіріп келген. Әкелері жағдайды түсіне қойыпты. Ал әлгі қыздар: «Ойбай, әке, Оралхан құмақ жақтан тіріліп келе жатыр» деп одан сайын үрейленетін көрінеді.
Бір жолы қайын жұртында жасы тоқсанға келген бір кісі қайтыс болады. Оралхан да сол жерге көңіл айтуға барыпты. Әлгі қарияның оң жақта отырып қалған қызы бар екен. Оралхан да басқалармен көрісіп келе жатып, әлгі «кәрі қыз» балдызының қасына келгенде тас қып жібермей, «көкем-ой, көкешім-ой» деп тұрып алыпты. Қазақтың қалжыңы қазаның үстінде де қалмайтыны бар ғой.
Бір жолы бір топ қайнысы Оралханды ортаға алып, тиісіп, басынан шертпек алып, әурелеп жатыр екен. Сонда өмірі шыр бітпеген арық, сүрепеті жоқ, өзі қой аузынан шөп алмайтын момын Балтабай деген кісі: «Ой, Оралхан» деп міңгірлеп қалыпты. Сонда Орекең: «Әй, осы қайын жұртымның өлейін деп тұрған адамына дейін бәле» деп әлгі момынның аузына құм құйыпты.
Ойынқұмар Оралханның хикаясы осындай.

Есет ДОСАЛЫ
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support