- Advertisement -

Мінездің адамы

79

- Advertisement -

Айғайшысы, жоқшысы болмай ел-жұрттың ісі ілгері баспайды. Бірақ ауыл-аймақтың сағын сындырып, жанын күйзелткен мәселені билік өкілдеріне ашық айта алмай, бүгежектеп тұратын ардагерлер де баршылық. Ал, мен білетін Өмірбай Сабыров басқа. Ол ақиқатты айтуға келгенде бетің бар, жүзің бар демейді. Дипломатия, саясат керек ететін жерде оны да сақтайды. Бірақ осы «сіз-бізге» көнбесе бар ма, онда «өз обалың өзіңе» дейді де, барын салып кіріседі.

Әдетте, былайғы жұрт мұндай адамдарды діні қатты, жүрегі тас боп қатып қалған, кісі алдында иілуді, жұмсаруды білмейтін дүлейлердің қатарына қосып қояды. Араласпай, сөйлеспей, сырласпай жатып, тон піше салу оңай ғой.

Бір жолы Өмкеңмен әңгімелесіп отырып оның көңілінің тазалығына, ағайын-бауыр дегенде шығарда жаны ғана бөлек екендігіне көзім жетіп, риза болдым. Алдымда отырған өткір көзді сары кісі шынымен осындай адам ба деп таңғалдым. Таңғалатыным, оны мен де ылғи айғайшыл, ұраншыл, түймедейді түйедей етіп жүретіндердің «сортына» қосушы ем. Ал мына әңгімеден кейін ол ойымнан жүз пайызға айныдым. Алдымда үлкен жүректі ақсақал отырғанын мойындадым.

– Ақкөлде жүрген жерімнен Жамбыл қаласына ауысуыма Талдықорған қаласында қызмет істеп жүріп, көлік апатынан қайтыс болған ағам мен жеңгемнің артында қалған жастары балиғатқа толмаған төрт бірдей ұл-қызын бауырыма басуым себеп болды. Солардың жағдайын жасайын деген ниетпен, қолымда қызметім, басымда баспанам болмаса да облыс орталығына ауыстым. Ол кезде өзім де жас отбасы иесімін. Жасым жиырма тоғызда. Жұбайым Шәйкүл балаларыммен Ақкөлде қалды. Өзім қалада пәтер жалдап тұрдым. Бірте-бірте әл жинап, қаладан кішігірім жер үй сатып алдым. Жұбайым да қасыма келді. Ағам мен жеңгемнен қалған балаларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай бағып-қағып, түгел оқыттым. Ер баланы үйлендіріп, қыз баланы қолдан ұзатып, үлкен тойларын жасадым. Қазір бәрі бір-бір отау иесі. Бақытты өмір сүріп жатыр. Немерелерім де бар. Солардың қызығына сүйсініп отырып, кезінде оң қадам жасаған екем деп, көзіме жас келеді…

«Байлар да жылайды» демекші, мінезді адамның да көңілі босап, көзі жасаурайды екен. Онысына жүрегім жылып қалды. Демек, жүрегі қатаймаған, айқайының бәрі ел үшін деген жанашырлықтан туған игі тілектерден туған айғай.

– Қызметте жүргенде де ешкімді жағалап, әке-көке демедім. Өз тірлігімді білдім. Хал-хадерімше жұмыс істедім. Содан ба басшылар шама-шарқыма, іскерлігіме қарап қызметімді өсіріп отырды. Ең қиын, күрделі жерлерге басшылық етуге жіберді.

– Қазіргілердің тілімен айтқанда «кризис-менеджер» болған екенсіз ғой.

Әзіліме шамданып қалып, шақ ете түсе ме деп қауіптеніп едім, өйтпеді. Көзі өңменімнен өте бір қарады да, әңгімесін жалғады.

– Андропов билігінің қылышынан қаны тамып, «домалақ арыздың» айы оңынан туып тұрғанда мені табан астынан Қордай аудандық шикізат дайындау мекемесіне директор етіп жіберді. Өйткені, ол жерге бұрын мамандығы сай келмейтін, білімі де төмен біреу басшы болыпты. Әлгі біліксіз кадрдың мәселесі бойынша облыстық деңгейде кәдімгідей мәселе көтеріліпті. Сол дау-дамайды басып, мәселеге нүкте қою үшін мені Қордайға жіберуге шешім қабылдаған.

– Ол кезде аудан басшысы Берден Байқошқаров шығар.

– Иә, сол кісі екен, бірақ мен оның атын естігенім болмаса, өзін бұрын көрмеген адамым. Қордайға қызметке барғанда ғана көріп, таныстым. Содан не дейсің, ауылдың арызқойлары «Байқошқаров өзінің туысқанын әкелді» деп «домалақ арызды» ой бір қарша боратты дейсің. Өзіңнің үстіңнен де «домалақ арыздарды» қарша боратқандар боп еді ғой бір кездері, тура сол сияқты.

Жарты жылдай жазды. Сол жарты жылда болған тексерулер кәдімгідей есеңгіретіп тастады. Ақыры тынышталды. Бірақ ауданның бірінші хатшысы Берден Байқошқаровқа барып, аман- есенімде қайтайын деп рұқсат сұрадым. Ол кісі «кетпе, сенің түк кінәң жоқ қой» дегеніне де қарамадым.

– Мойынқұм ауданындағы сауда саласының төңірегінде де дау шығып, сізді сол жаққа да жіберген деген әңгімені естіп ем…

– Ол 1988 жыл ғой. Горбачевтің заманы. «Қайта құру» деп басшыларды «сойып» жатқан кезі. «Бірінші хатшының, аудан прокурорының, тұтынушылар одағы басшысының әйелдері тұтынушылар одағының қоймасынан шетелдік зәру заттарды өздері ғана алады екен, сөйтіп күйеулерінің лауазымын, отбасылық жағдайын асыра пайдаланады екен» деп бірінші хатшыны да, аудандық прокурорды да, тұтынушылар одағының төрағасын да қызметінен босатып жіберген. Ауданға бірінші басшы болып Нілзия Алғазықызы Рақышева барған.

Дәл осы кезде облыстық тұтынушылар одағының басшысы мені ойда-жоқта шақырып алып, Мойынқұмда осындай жағымсыз жағдай болып жатыр, тіпті, олардың мәселелері обкомпартияда қаралды. Біз Мойынқұм аудандық тұтынушылар одағының басшылығына сіздің кандидатураңызды ұсындық деді. Ол кезде обкомпартияда сауда саласын қадағалайтын Тұйғынбек Темірбеков болатын. Сол кісімен келісіп, сіздің кандидатураңызға тоқтадық дейді.

– «Кризис-менеджері» бұл шешімді қалай қабылдады?

– Табан астында не дерімді білмей қалдым. Тосын, күтпеген ұсыныс қой. Оның үстіне Мойынқұм деген жердің түбі. Жұмысы қожыраған одаққа да көңіл дауаламайды. Ауданда арызды бұрқыратып жазатын белсенді қариялар да өте көп ол кезде. Шынымды айтсам, жүрексініп, қобалжыдым.

– Сіз де қорқады екенсіз-ау?

– Үйге келіп, қабырғаммен ақылдассам, ол жылы орнын суытып, қиян шетке барғысы келмеді. Дегенмен, «өзің біл» деп соңғы шешімді өзіме артып қойды. Бір білікті, көпті көрген ағама айтып ем, ол: «Ондай жауапты жұмысты сеніп тапсырғанына қуанбайсың ба қайта, бар деген жеріне бар. Жұрттың баласының ондай қызметке қолы жете алмай жүр» деді. Сөйтіп Мойынқұмнан бір-ақ шықтым.

– Мойынқұм қалай қабылдады?

– Алғаш «бөтен» деп біраз тосырқап жүрді. Соңынан таңдау дұрыс болғанын түсініп, тынышталды. Бес жылдай қызмет істедім. «Мынауың дұрыс емес» деп ешқайсысы айта алмады. «Жазғыштардың» да пікірі дұрыс болды. Мойынқұмда жүргенде үстімнен бір рет арыз жазылмады. Кеңес одағы тарап, сауда орындары жекеменшікке өте бастағанда ғана елге қайттым.

– Жекеменшік демекші, ұрымтал сәтті пайдаланып, ресторан, универмаг, азық-түлік дүкендерінің біразын басып қалған шығарсыз?

– Жоқ, атама! Сауда саласында 22 жыл жұмыс істеп, қолымда барлық мүмкіндік бола тұрса да шүленше таратылып жатқан мемлекеттік мүліктерден бір суыртпақ жіп алғаным жоқ. Қайта кооперация мүлкінің жекеменшікке өткенін қолдамай, жекешелендіруге қарсы шықтым. Өйткені, тұтыну одағының мүліктері кеңес кезіндегі жекеменшікте, яғни онсыз да пайщиктердің меншігінде тұрған мүлік еді. Соның ашу-ызасымен тоқсаныншы жылдары «Дат» газетіне «Тұтынушылар одағын тонаған кім?» деген үлкен мақала жаздым. Онда «Казпотребсоюздың» басқарма төрағасын кооперация мүлкін заңсыз меншіктеп алғанын жаздым. Ақыры жекеменшікке араны ашылған ашкөздер ең жоғары жақтан бастап түгел ауыз сала бастаған соң, бәрі «ханталапаймен» аяқталды ғой.

– Тұтыну кооперациясынан кеткен соң немен айналыстыңыз?

– Тоғыз жылдай «Шарапат» сақтандыру компаниясына басшы болдым. Кейін ол мекеме де банкротқа ұшырап, жабылып қалды.

– Ел-жұрттың жоғын жоқтауыңыз жекешелендіру саясатындағы осындай әділетсіздіктерден соң басталған екен ғой.

– Солай десе де болады. Республикалық «ДВК», «Ұлт тағдыры», «Ел болашағы» деп аталатын қоғамдық ұйымдардың облыстық бөлімшелерін басқардым. Әлеуметтік-қоғамдық мәселелердің үнемі ортасында болдым. Бұрынғы мал базарының аржағында саяжай бар. Сол жерге ауылдан көшіп келген қазақтар шоғырланған. Бірақ әлеуметтік мәселелері шешілмеген. Айтса, билікке үндері жетпейді. Содан сол жердің түйінді мәселелерін шешуге атсалыстым. Жергілікті билікпен айтысып-тартысып жүріп саяжайды қала аумағына қарайтын еттім. Қалалықтар сияқты игіліктердің рахатын көруіне үлкен үлес қостым. Газ құбырын тарту, жерлерін, үйлерін қалаға тіркету, жолдарын асфальттау, автобустар жүргізу, электр жарықтарын орнату оңай шаруа емес қой. Қазір саяжай деген бұрынғы аты болмаса, қаланың кәдімгі бір ауданына айналып қалды.

– «Тектұрмастың» басында тек жүрген жоқ шығарсыз. Ол жақтан да көріп қалдық.

– «Тектұрмастағы» мұсылмандар қорымының сыртын қоршауға көп күш жұмсауға тура келді. Ол үшін сол кездегі қала әкімі Жылқыбаевпен бірнеше рет кездесіп, келісімен алдым. Бірақ ол жұмыс басталмай жатып, Жылқыбаев қызметінен кетіп қалды. Одан кейін қала әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаилмен қайта-қайта кездесіп жүріп, қоршау жұмысын бастаттым. Қазір қоршау толық аяқталды.

– Айғайшы қариялардың ақыл- парасаты, көпті көргендігі осындай елге болсын деген игі істерінен білінеді. Мұныңыз иманды тірлік екен.

– Өткенде Төле би көшесінен өтетін арық бітеліп қалып, Тұрар Рысқұлов атындағы саябақ аймағы мен соған жақын орналасқан үйлердің алдындағы ағаштары қурап қалу қаупі туды. Бұл жөнінде «сіздің сөзіңіз өтеді ғой билікке» деп, бір топ тұрғындар хабарласты. Қалалық коммуналдық қызметтің арықты тазалаудан бас тартып отырғанын да жеткізді. Тиісті басшыларға қайта- қайта айтып жүріп, сол арықты ақыры тазалаттым. Сөйтсем, бар кілтипан арықтың жағасында өсіп тұрған үлкен ағаштың тамыры судың жолын бітеп тастапты. Тамырларды кесіп, судың жолын ашуға тура келді. Бүгінде арықтан су молынан ағып тұр.

Тағы бір мәселе – қаланың орталығындағы «Балқарағай» саябағына қатысты. Бұл да қоғамдық пікір туғызған үлкен әлеуметтік мәселе болып отыр. Облысқа Асқар Мырзахметов әкім болып тұрған кезде осы жерді бір кәсіпкерге заңдастырып беріп, сондағы қарағайларды, шыршаларды күтіп- баптауға, жолдарына брусчатка төсеуге, халал кафе салуға рұқсат берген. Мырзахметовтен кейінгі әкім келіп бұл шешім заңсыз депті. Әр әкім ауысқан сайын жергілікті билік шығарған шешімдерді шемішкеше шағып, өзгерте берсе, кәсіпкерлер қалай тірлік етеді? Ең қызығы, сол саябақта бірнеше ірі кәсіпкердің жекеменшік мекемелерінің ғимараттары ешқандай қуғын-сүргінге ұшырамай жұмыс істеп түр. Жақында осыны айтып Президентке хат жаздым. Жақында соның жауабын алдым. Көтерген мәселем дұрыс шешімін тапты.

Өмкең қызмет бабымен Қордайда жүргенде дәулескер күйші әрі композитор өзінің «Отырар сазы» атты оркестрімен келіп, концерт беретін болыпты. Талантты күйшінің атағы мен «шатағынан» атта, атқамінерлер де үркіп тұған кез. Сондай уақытта Өмкең «Нұрғиса ағаңды өзің күтесің» деген тапсырма алады.

Өнералдында, өнер иесі алдында онысыз да бас өзін кішік санайтын Өмкең күйшіні күтуге барын салады. Шу өзенінің жанға жайлы жағасына дастарқан жаяды. Фрунзенің базарына ат шаптырып, жеміс-жидектердің зәрулерін алдырады. Ет пен қуырдақ, қазы-қарта, қымыз, шұбат бәрі бар. Бірақ «Нұрғиса ағамызды Қордаймен шекарада күтіп жатыр. Кешігетін көрінеді. Сіздің жайған дастарқаныңызға үлгермейтін түрі бар. Адамдарыңызды кері қайтара беріңіз» деген хабар алып, көңілі пәсейіп қалады.

Бірақ алған бетінен қайтпайтын өрмінезіне басып, аудан басшысына барады да: «Беке, елу адамға арналған мына көл-көсір дастарқан мәзірі ысырап болмасын. Тым болмаса, концерттен кейін үйге шақырып, дәм татқызып, сыйлап жіберейін» дейді. Берден Байқошқарұлы келіседі.

Концерттен соң Өмкеңнің үйіне Нұрғиса, аудан басшысы Бекең мен тағы бір басшы келеді. Нұрекең отырған жерінде тосын мінез көрсетпесе, Нұрекең бола ма, сағатына бір қарап алып: «тура бір сағаттан соң жүрем» дейді. Шай, кәуәп, манты, салат дегендер ішіліп-желініп, енді қазақтың үлкен асы – ет келеді деп отырғанда бір сағат та өте шығады. Нұрғиса ағамыз болса тура сол уақытта орнынан тұрып, кетуге ыңғайлана бастайды. Өмкең Жамбыл мен Абайдың кітабын дайындап қойған екен, соған қолтаңба алайын деп ұсына береді. Ойы уақытты сәл де болса соза түсу. Нұрғиса аға қолтаңбасын қойып бергенше қонақтың алдына бас та тартылады. Нұрекең бастан ауыз тиеді де, қош айтысып Алматысына жөнеп кетеді. Күйшінің бірбеткей мінезін ауданның бірбеткей басшысы да, өз мінезі өзіне жететін Өмкеңнің де мойындамасқа амалы қалмайды.

Күйшінің «қызығы» ертесіне де бітпейді. Нұрағаның көмекшісі қоңырау шалып, «Кеше бізге арнап мал сойылған екен. Нұрекең сырқаттанып, асықпай отыруға мүмкіндігі болмады. Фрунзе қаласында Қазақ академиялық театрының бір топ әртістері гастрольдік сапарда жүр. Ішінде Нұрекеңнің бауыры, талантты әртіс Ыдырыс Ноғайбаев та бар. Сойылған қойдың етін соған жіберіңіздер» деген Нұрағаңның сәлемін жеткізеді. «Жазған құлда шаршау жоқ» деген, Өмкең ағасының көңілі үшін етті де, дастарқандағы дәмді де түгел Фрунзеде жүрген Ыдырыс Ноғайбаев бастаған әртістерге жеткізіп береді.

– Нұрекеңнің өз аузынан естігенім, Ноғайбай мен Атабай бір атаның балалары. Ноғайбайдан – Ыдырыс, Атабайдан – Нұрғиса. Екеуі немере ағайын. Кейде Нұраға ұйқыдан ояна салысымен «Анам түсіме енді, әй, Дариға, жеті шелпек пісір» деп, дайын болған шелпекті алып ата-анасының басына барып, «Аталарым Жапаның, Ноғайбайдың, әкем Атабайдың, анам Салиханың әруақтарына арнадым» деп дұға қылады екен.

Өмкең айтса, ақиқатын айтады. Шырылдаса да, тек қана шындық деп шырылдайды. Осыны ойлап отырып, мінезді адамды мінезді адам ғана түсіне ме деп қалдым.

 

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support