- Advertisement -

Қоғамды өзгерткен кітаптар

15

- Advertisement -

Адамзат тарихында қоғамға қозғау салып, тұтас буынның ойлау қарымын өзге арнаға бұрып, жалпыға ортақ таным-түсінікті өзгерткен кітаптар аз емес. Жыл сайын мұндай кітаптардың тізімі ұлғайып, кейде күрт құбылып тұратыны бар.

Жуырда BBC-дің мәдениет бағытындағы мамандары әлемнің түкпір- түкпіріндегі сарапшылардың қатысуымен адамзат тарихы мен дүниетанымы өзгерткен сүйікті кітаптардың тізімін жасақтау үшін сараптама жүргізді. Сауалнамаға 35 елден 100-ден астам жазушы, журналист, сыншылар мен аудармашылар қатысқан. Нәтижесінде, адамзат санасын сілкіндірген кітаптардың көшін Гомердің «Одиссея» шығармасы бастапты. Тізімнің алғашқы ондығына Габриель Гарсия Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығы», Сервантестің «Дон Кихоты», Шекспирдің «Гамлеті», Джордж Оруэллдің «1984» романы енген. Дегенмен, бір ғана BBC-дің тізіміне қарап, күллі адамзатты дәл осы шығармалар өзгертті деуге келісе салу қиын. Кейбір сарапшылар адам баласының ойына тікелей әсер еткен туындылардың көш басында Інжіл, Құран сынды діни кітаптар тұрғанын айтады.

Алысқа бармай өз айналамызға үңілсек. Қазақстанда кітап шығару, сату, тарату индустриясы жыл санап құбылып әрі дамып келеді. Мұны «Меломан», «Кітап ал» сынды дүкендердің сөрелеріндегі кітаптардың көптігінен аңғару қиын емес. Одан бөлек, отандық басылымдардың да саны артуда. Демек, оқырманға кітап ұсынатын баспалар мен дүкендер көбейген сайын, талғамның да өзгере берері хақ. Алайда, оқырман өзіне керек, санасына сәуле құяр бір шығармаға жету үшін ондаған, жүздеген кітап оқуға мәжбүр екенін ескерсек, өмір бойы кітап оқып өтеріміз анық.

Кітаптардың көп сатылуымен олардың қоғамдық санаға қаншалықты әсер ететінін болжау қиын. Дегенмен, оқырманның көбіне не оқитынын қарап отырып, не ойлайтынын, қандай ұстанымда жүргенін байқауға болады. Қазақ оқырмандары кейінгі жылдары көп сатып алған кітаптардың арасында жазушы, сценарист Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашшы» кітабы оқ бойы озық. «Кітап ал» дүкенінің электронды сөресінде кітап туралы: «Ұларбек Нұрғалымұлының бұл кітабы ілгерідегі қазақтарға етене таныс, кейінгілер үшін ұмыт бола бастаған мінездер туралы. Сондай-ақ, қазір мағынасы көмескі тартқан сөздер мен түсініксіздей көрінетін халық әндерінің мәтінін жіліктеп талдайды. Есейіп қалғанша электр жарығын көрмей, қыста қыстауға, жазда жайлауға көшіп жүріп өскен Ұларбектің санасы нағыз көшпенділердікінен алыстай қоймаған, тілі де таза. Ұлттық бағытта жазылған мақалалары газет бетінде де, интернеттен де көп оқылғаны, үлкен жазушылар мен ардагер журналистерден бастап студент жастарға дейін ерекше ықыласпен қабылдағаны содан болса керек», – деп жазылған. Аталмыш еңбекті бірнеше мәрте қайта басып, оқырманнан әрдайым оң пікір алып жүрген баспагер Арман Әлменбет бұл кітаптың молынан таралуының сыры: «өзегінен ажыраған халықты өзімен қауыштыруында» дейді.

– «Дайағашшы» – біздің өз еркімізбен бас тартып, өзіміз ұмытқан, өзімізде бар дүниелерді есімізге салғанымен құнды кітап. Өзгелерге тамсанып жүріп, өзімізде бар, тек бізге тән ерекшеліктерімізді ұмытып кеткен уақытта өзімізге қайта оралып, өз артықшылығымыздың мәнін ашып бергендіктен бағалы. Санамыздан әлі сөне қоймаған, атамыздан, әжемізден бойға сіңірген дүниелерді «өз бидайымызды өзімізге қуырып бергендей» әс ер еткендіктен де оқырманның көңілінен шықты деп ойлаймын. Кез келген көшпелі қазақ атасы, әжесі, бабасы көшкен, дархан мінезді, сабырлы, өз-өзін де, өзгені де бағалай білетін, дүниенің бәріне өзін жауапты көрмей, өзіне тиесіліні ғана ойлап, қалғанын Құдайға тапсыра білетін, өзінің не нәрсеге жауапты екенін нақты түсінетін, өз міндетін дұрыс атқарып, жауапкершілігіндегі адамдарды қорғай білетін, табиғатпен астасып, табиғатпен бірлесіп, өзі де табиғаттың бір құбылысы сияқты өскен халықтың ұрпағының алдына әу баста өзінде бар, болған дүниені ұсынып тұрғандықтан, қан тамырымызда бабамыздан бізге жетіп, әлсіз ғана ағып жатқан бірегейлігімізді оятқандықтан да бұл кітап оқылымды әрі молынан таралып жатыр деп есептеймін, – дейді «Muqaba» баспасының негізін қалаушы Арман Әлменбет. Айта кететін жайт, «Дайағашшы» жарық көрген алты жыл ішінде алты рет басылып, 5000 дана тиражбен таралды. Ұлттық сана сезімімізге сілкініс жасаған кітаптың авторы үшін бұл толағай табыс десе болатындай. Бұдан бөлек қалың оқырманның қалап алатын кітаптарының санатында дінтанушы Қайрат Жолдыбайдың «Кемел адам», Бақытжан Бұқарбайдың «Күміс кітап», Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» сынды кітаптары бар. Былтырдың өзінде ғаламторда «Кемел адамның» шамамен 60 000 данасы сатылды деген ақпарат тараған болатын. Ал, «Күміс кітап» биыл 2017 жылдан бері бесінші рет қайта басылды. Ал, «Болмаған балалық шақ» Меломанның бестселлеріне айналып, бүгінде еліміздің бірқатар театрында көрерменге шығарма желісімен қойылымдар ұсынылып жүр.

Жазушы Қанат Тілеуханның пікірінше, жазушылардың жазған дүниелерінен қоғам өзгере қоймайды. Бұл жөнінде ол: «Достоевский өзінің «Ағайынды Карамазовтарын» жазғанда бүкіл элита Ресей қоғамы өзгеріп кетеді деп ойлады. Бірақ, олай болған жоқ. Мен жазудағы мұратты қоғамды өзгерту, тәрбиелеу, мораль деп есептемеймін. Мен үшін әдебиет – ең бірінші кезекте өнер. Адамға эстетикалық ләззәт сыйлайтын дүние. Жазушы өзінің өмірін жазады. Жазушы өзінің жазатын дүниесінің ішінде бейсаналы түрде өмір сүреді. Флобер «Бовари ханым» менмін» дейді. Горькийдің «Балалық шағында» өзі жүреді. Мәселе «Жазушы неге өз өмірін жазады?» деген сауалда емес, өз өмірін қаншалықты жаза алғанында. Бізде қазір шығарманың тіліне байланысты сын-пікір көп айтылады. Бірақ жазушы ретінде айтамын деген ойыңды дұрыс жеткізсең – сол үлкен жеңіс», – дейді қаламгер.

Иә, бұл қоғамға шығармаларын ұсынып жүрген қаламгердің пікірі. Алайда, кез келген шығарма он оқырманның кем дегенде екеуінің жадында жаңғырық болып, қарашығы семгенше көз алдынан кетпеуі мүмкін. Тіпті күнделікті өмірдегі қарапайым көріністер шығармадағы оқиғалармен астасып, оқырман көңіліндегі көп сұраққа кітаптан жауап табуы да ғажап емес. Әрбірден соң адамзат баласының сана биігіне көтеріліп, бүгінгі ойлау деңгейіне дейін жоғарылауы, биік талғамның қалыптасуы ненің әсері деп ойлайсыз? Сөзсіз – өнердің. Ал, кез келген өнердің өзегі – сөз, әдебиет, кітап екені даусыз.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support