- Advertisement -

Кенен ақынның көркем кеңістігі

134

- Advertisement -

 «… Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де», деп өзі жырлағандай, халқымыздың біртуар перзентінің бірі Кенен Әзірбаевтің ұлт руханиятында алатын орны ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та биыл өтетін мерейтойлар ішінде халық ақыны, жырау, композитор Кенен Әзірбаевтің туғанына 140 жыл толуын атап өтуге ерекше назар аударған болатын. Қазіргі таңда той қарсаңындағы іс-шаралар легі жалғасуда.

Сондай елеулі жиын Кенен Әзірбаев атындағы Байзақ аудандық музыка мектебінде өтті. Атап айтқанда, о сында республикалық «Кенен қорының» қолдауымен Кенен Әзірбаевтің бюсті орнатылды. Бюстің ашылу салтанатына Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков, ақынның қызы Төрткен Кененқызы, ақынның ұлы Бақытжан Әзірбаев қатысып, салтанатты түрде ашты. «Кенен атамызға қазақ халқының құрметі ерекше. Бүгін арнайы экспедициямен келіп отырған қонақтардың барлығына ризашылығымызды білдіреміз. Кенен тойы алдағы уақытта кеңінен жалғаса береді», – деген Дулат Жақыпбеков қонақтарға құрмет көрсетті.

Мұнан соң Төрткен Кененқызы сөз алып, аңызға айналған тұлға жайлы толғана естеліктер айтты.

«Әкем ұзақ жасады. Сол жасында небір ауыр сынақтарды да, қуанышты сәттерді де басынан өткерген адам. Маған дейінгі балалары шетінен шетіней беріпті. Сондықтан, мен туғанда ырымдап төрт кемпір мен бір шалдың аяғының астынан өткізіп, атымды «Төрткемпірбіршал» деп қойыпты. Төртінші сыныпқа дейін сабақты жақсы оқып, жұрттың күлгеніне де қарамай жүре бердім. Бірақ, бесінші сыныптан бастап намыстанып, сабаққа бармай қойдым. Әкем сонда жағдайымды түсініп, атымды Төрткен деп өзгертті. Сол Төрткен атауымен 88 жасқа келіп отырмын, қарақтарым. Біз әкеміздің рухани мұраларын жинақтауда көп еңбектендік. Мен музыка жағын жинақтасам, інім Бақытжан өлеңдері мен айтыстарын, тапқыр сөздерін қағаз бетінде қалдырды. Екі жылда бір Тараз қаласында әкемізге арналған «Шырқа, дауысым!» ән байқауы өтіп келді. Қордайдағы қарашаңырақта атаның өзі өлең арнаған келіні Дина отыр. «Кенен қорын» немересі Мұхтар Әзірбаев басқарып келеді. Барлығына шүкір дейміз», – деді ол.

Бақытжан Әзірбаевтің әсерлі сөздеріне де жұрт ризашылық танытты. Сонымен қатар, белгілі әнші Сүндет Байғожин әннен шашу шашса, есімі елге кеңінен танымал Бейбіт Мұсаев жыр алыбы Жамбылдың арнау өлеңін, Оспанқұлдың Кененге көңіл айтуын жоғары деңгейде орындап берді.

Қонақтардың алдында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері Айгүл Мақашева, Мерей Әбуова Кенен әндерін орындаса, «Алатау» ансамблі де озық өнер көрсетті. «Жамбыл» триосы орындаған Алтынбек Қоразбаевтың «Сағындым Кенен атамды» әнін көпшілік толғаныспен тыңдады. Әннің сөзін жазған белгілі ақын Жақсылық Сәтібеков. Байзақтықтар Кенен ақынның баласындай болған Жақсылық ақынды да есінен шығармайды. Бұл кешті байзақтық ақын Қасқырбай Нарбатыр жоғары деңгейде жүргізіп, жиынның шырайын ашты.

Жиынды Кенен Әзірбаев атындағы Байзақ аудандық музыка мектебінің директоры Панабек Ахметов қорытындылады. Кештің құрметті қонақтарына алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support