- Advertisement -

Жарға жығатын жағдай көп

391

- Advertisement -

Көп қолданылатын әлеуметтік желілердің бірінен әлдебір өңірдің әлдебір әйелдері әкімдік алдына барып шулауды, тіпті болмағанда сол жерде түнеуді әдетке айналдырғандығы жөнінде жазбаны көзім шалып қалды. Кейбірі коммуналдық төлем мәселесін айтса, кейбірі азық-түліктің қымбаттауын, кейбірі мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға берілетін көмектің аздығына, балаларын асырауға жетпейтіндігіне шағымданады. Балаларына ыстық тамақ пен қоғамдық көліктерде жүруге бөлінетін жолақысының мәнісін сұрайды. Инфляцияны тоқтатуды талап етеді. Бала-шағаның емес, жеке басының да мүддесін көздеп келгендері көрініп қалады арасында. Талаптары орындалмаса, одан да жоғарыға баратындықтарын мәлімдеп әлек.

Осындайда, Мемлекет басшысының әрбір адамның адал еңбекпен табыс тауып, өз отбасын асырауына міндетті екенін айтқаны ойға оралады. «Біздің қоғам масылдық психологиядан арылуы керек», деген еді Президент.

«Әрине, мемлекет әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсете береді. Бірақ, жұмыс істеуге мүмкіндігі бар әрбір адам адал еңбекпен табыс тауып, отбасын асырауға міндетті. Осының өзі елімізді дамытуға үлес қосу деген сөз», – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айтса, айтқандай, масылдық – елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының ауыртпалығына немесе теріс факторына айналу деген сөз. Ашық ақпарат көздерінде айтылып жүргендей, «масыл» термині қоғамға немесе белгілі бір адамдар тобына жүк немесе ауыртпалық ретінде қабылданатын субъектілерді білдіреді.

Дегенмен, әр адамның қоғамдағы орны мен әлеуметтік жағдайына қарамастан, біздің мемлекетімізде оларға құрмет көрсетіліп, түсіністікпен қарау Конституция бойынша көзделген.

Осы орайда еліміздің еңбек нарығында жұмыс істейтіндер мен жұмыссыздардың арақатынасы әрдайым зерттеліп, талдау жүргізіліп отырады. Сондай бір мағлұматтардың біріне назар аударалықшы.

2023 жылы 13 желтоқсандағы kursiv.media сайтының дерегі бойынша он екі жылдық антирекорд белгіленген: Қазақстанда 1,1 миллион адам кедейлік шегінде өмір сүреді.

Жалпы, кедейлік қаупіне үй шаруашылықтарының көлемі қатты әсер етеді екен. Адам саны бестен асатын отбасылардың арасында кедейлік деңгейі 2023 жылғы ІІІ тоқсанның қорытындысы бойынша 10 пайызды құраған, бұл жалпы кедейлік деңгейінен екі есе артық дегенді білдіреді.

Мамыр айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Кедейлік шегінің мөлшерін анықтау» туралы бұйрығы шықты. Соған сәйкес 2023 жылғы 1 шілдеден бері кедейлік шегі алдындағы тоқсан үшін есептелген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрады. Былтырғы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген жоғарыдағы бұйрық нәтижесінде 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап кедейлік шегі медиандық табыстың 50 пайызы мөлшерінде айқындалатын болды. Бүгінде АҚШ, Швеция, Франция сияқты сегізден астам ел осы көрсеткішті пайдаланады. Қазақстанда медиандық кіріс 2021 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 55 мың теңге болған. Бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінен 1,5 есеге жоғары. Сондықтан жәрдемақы сомасы көтерілді, есесіне оны алатындарға жаңа міндеттемелер жүктелуде.

«Мемлекет нақты бір отбасының әл-ауқат дәрежесіне қарап атаулы көмек көрсетуге міндетті болса, оны алушы отбасы бұл шараларды өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін орындауға міндетті» деген болатын бұл жайында сол кездегі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова. Министрдің айтуынша, жәрдемақы беру арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мүмкін емес. Әлеуметтік көмек тек отбасының қиын жағдайдан шығуы үшін уақытша беріледі. Сондықтан мемлекетіміз жәрдемақы мен атаулы шараны мүмкіндігі жоқ адамдарға ғана береді. Жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, қосымша оқу, жұмыс, грант, кредиттер бәрі қосылып, отбасыны сол қиын жағдайдан шығаруы тиіс. Азаматтарға берілетін ең жақсы әлеуметтік көмек, ол – жұмыс. Жұмысы болып, еңбекақы алып отырған адамға ешқандай жәрдемақы керек емес, деп есептейді министрлік.

Осы жерде жұмыссыздарды масыл адам ретінде тануға бола ма деген сауал туындайды. «Негізі жұмыссыздарды ел үшін масыл ретінде қарастыру нақты жағдайларға байланысты», дейді сарапшылар. Кейбір жағдайларда жұмыссыздар экономикаға ауыртпалық түсіруі мүмкін, өйткені олар табыс әкелмейді. Жұмыссыздық жалпы қоғамға зиянын тигізетін кедейлік, қылмыс және тағы басқалар сияқты әлеуметтік мәселелермен де қатар жүруі мүмкін. Ал кейде, басқа бір жағдайларда жұмыссыздар экономика үшін әлеуетті ресурс ретінде де қарастырылуы мүмкін жайт. Өйткені, олардың көпшілігінде түрлі саланы дамытуға деген қарым-қабілет бар боп шығады немесе ұзақ жылғы жинаған тәжірибесімен де олар мемлекетке пайда келтіре алады.

Ең бастысы – масылдықтың қоғамның басты жауы екенін бәріміздің біліп жүргеніміз абзал шығар. Масылдықтың түп төркіні – жалқаулық.

Намыс – адамзат баласының ар-ождан үні, рухани құнды сезімі. Намысты адам – арлы адам. Адал адам. Ол адам өз намысын ешкімге ешқашан таптатпайды.

…Мектеп табалдырығын алғаш аттап, бірінші сыныпқа барған кезім. Жетім, жартылай жетім оқушыларға жиі қамқорлық жасалатын. Күн суытып, қыс түсер алдында бәрімізді мектепке жиып алып тағы да қыстық киім-кешек пен қалың бас киім, жылы етіктер таратты. Маған да әдемі пальто мен бурки етік тиді. Баламын ғой. Көлемі де шап-шақ киімдерді қуана киіп алдым.

Ал, 7-сынып оқып жүрген Лорихан әпкем мектепте қарсылық танытуға мұғалімдерден бата алмаған болуы керек, үйге келген соң әлгіндей киімдерін есіктен әрі лақтырып тастап, анама келіп әбден жылады.

Жол апатына ұшыраған күйеуі мен екі баласынан – әкем мен ағаларымнан үшеуінен бірдей қапыда айырылып, қамкөңіл боп қалған анашым да не істерін білмей кемсеңдей бергені әлі көз алдымда…

 

Үміт БИТЕНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support