- Advertisement -

Бизнеске бет бұрған ауыл

15

- Advertisement -

Ауыл тұрғындарының жеке кәсіпкерлікпен айналысуына бүгінде барынша жол ашылуда. Бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жаңа іс бастауға қолдау болып отырғанын көріп те жүрміз. Айталық, Талас ауданының Сәду Шәкіров ауылында «Агробизнес» бағдарламасы аясында 4 шаруа қожалыққа 90 миллион теңге несие рәсімделіп, 1018 бас қой, 63 бас жылқы алынған. Ал, 35 жасқа дейінгі «Жастар» бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкер Самал Сейітқадыр 5 миллион теңгеге 14 мүйізді ірі қара алып, өз ісін жүргізіп отыр. Бұдан бөлек, «Бастау бизнес», «Ауыл аманаты» бағдарламаларымен де кәсіпкерлікті қолға алғандар баршылық.

С.Шәкіров ауылдық округіне қарасты екі елді мекенде 316 аула бар, онда жалпы 2099 адам қоныстанған. Ауыл әкімі Ринат Бекбосынның айтуынша, мемлекеттік қолдауларды пайдаланып, ауыл тұрғындары бизнеске бет бұруда.

– «Агробизнес» бағдарламасымен «Мұрат» шаруа қожалығы 10,5 миллион теңгеге 208 қой, тағы да «Мұрат» аталатын шаруа қожалық 15 миллион теңгеге 360 қой, «Асанәлі» шаруа қожалығы 37,5 миллион теңгеге 63 жылқы, «Динара» шаруа қожалығы 27 миллион теңгеге 450 қой алды. «Бастау – бизнес» жобасы аясында 16 жұмыссыз ауыл тұрғындарына оқыту жұмыстары жүргізіліп, сертификаты табыс етілген болатын. Осы азаматтар ауылдық округте шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қайтарымсыз грантқа құны 19,2 миллион теңгені құрайтын 16 жоба ұсынып, 4,9 миллион теңгенің 4 жобасы оң шешімін тапты. Нақты айтсам, көпбалалы Балжан Әбіш мал шаруашылығымен айналысуды және екінші топтағы мүгедек Бақтияр Мұратбеков жылыжай салуды бастамақшы. Ал, Айбек Құлахмет пен Перизат Дәндібаева қоғамдық падаға асыл тұқымды бұқа қосты.

Еліміздегі көптеген ауылдықтардың ісіне оң серпін берген «Ауыл аманаты» жобасының мақсатына сәйкес, ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану бағытында 120 ауыл тұрғыны жобаға қатысады деп жоспарланған. Қажетті қаражат көлемі 679,4 миллион теңгені құрады. Алынатын мал саны 4880 қой, 289 жылқы, 162 мүйізді ірі қара, 6 түйе деп жоспарланған. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына» 582,9 миллион теңгеге 96 жобаның құжаты өткізілді. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бойынша өткен жылдың жоспарында 151 адам бекітіліп, 152 адам жұмысқа жолданды. Оның ішінде 1 адам жұмыс берушінің сұранысымен оқытуға, 1 кісі жұмыс орнында оқытуға, 9 ауыл жасы жастар практикасымен, 32 тұрғын ақылы төлемді қоғамдық жұмысқа, 2 азамат алғашқы жұмыс орны, тағы 2 тұрғын күміс жас, 3 кісі әлеуметтік жұмысқа, 81 адам тұрақты жұмысқа жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Ауылымыздың 16 тұрғыны «Бастау-бизнес» жобасымен қамтылып, 4 кісі қайтарымсыз грант және 1 адам жастарға арналған несие алды, – дейді Ринат Ертайұлы.

Округте 14 пен 35 жас аралығындағы 489 жас бар. Оның 106-сы жеке негізде өзін өзі жұмыспен қамтығандар. Ал, 38 жас жұмыссыздар қатарында болса, NEET жастар бұл ауылда үшеу.

Жалпы, ауылдық округтегі 316 аулада 91 гектар үй іргесіндегі жер игерілген. Жаз мезгілінде Талас өзенінде су жетіспеушілігіне байланысты ауыл тұрғындарына жерасты суларын пайдалана отырып, тамшылатып суғару жүйесін пайдалану насихатталып жатыр. Аталған мәселені шешу бағытында демеушілер т арапынан 40 құдық қазу жұмыст ары жүргізілген. Яғни, тұрғын тарапынан керекті материалдар алынып, қазу жұмыстары тегін жасалған. Биыл тұрғындардың ауласына 20 құдық қазу жоспарланып отыр.

Ауылдық округтегі 1094 гектар егістік жердің 612 гектары игерілген. Шаруалар тарапынан жеңілдетілген бағадағы 65,2 тонна дизельдік отын және 100 тонна минералды тыңайтқыш алыныпты. Егін шаруашылығы үшін өзекті мәселе – су. Тамабек ауылына ағын су келетін «Жұмабек» каналының 0,6 шақырымына механикалық тазалау және каналдың қауіпті жерлерін нығайту жұмыстары жүргізілген. С.Шәкіров ауылындағы «Қазақбай» су қоймасының ауыл жақтағы 1,5 шақырымы да нығайтылған. Сонымен қатар, демеушілер тарапынан С.Шәкіров ауылындағы «Қазақбай» су қоймасына су келетін 1,2 шақырымды құрайтын арыққа және Тамабек ауылының тұрғындарына ағын су келетін ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын екі арыққа механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліпті.

Округ бойынша 2675 мүйізді ірі қара, 36924 қой-ешкі, 1117 жылқы, 128 түйе және 867 үй құстары бар. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, мемлекеттік қолдаулардың көмегімен мал басының санында өсім бар. Ендігі мәселе – мал басын асылдандыру. Бұл бағытпен былтыр 13 шаруа қожалық айналысса, биыл 16 шаруа қожалыққа асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға 68,4 миллион теңге субсидия берілген. Мал санының артқаны ел экономикасына үлкен серпін. Әйткенмен, жайылымның жеткілікті болуы маңызды. Ауыл тұрғындарының мал жайылымын ұлғайту мақсатында өткен жылы игерілмей жатқан 1689 гектар жер қайтарылып, елді мекен шекарасының аумағы 3349 гектарға ұлғайтылған. Алдағы уақытта жайылымды басқару және пайдалану жоспарына сәйкес жерлерін игермей жатқан 23 шаруа қожалықтың 7509,27 гектар жайылым жерлерін қайтару жұмыстары тұрақты жүргізіледі дейді ауыл әкімі. Сонымен қатар, ауылдық округ маңындағы жайылымдық жерлерді пайдалану бойынша 9 шаруа қожалықпен 4677 гектарға меморандум жасалыпты. Оның 1821 гектары С.Шәкіров ауылының 5 шаруа қожалығымен, 2856 гектары Тамабек ауылының 4 шаруа қожалығымен жасалған. Округте 55 ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген. Биыл 3 шаруа қожалық 3 МТЗ тракторын алу үшін құжаттарын жинап, тиісті мекемеге ұсыныс беріліпті. Ауыл әкімінің айтуынша, техникаларды жаңарту жұмыстары да назардан тыс қалмайды. Ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 135 миллион теңгені құрап, бұл құдық қазу және ауылшаруашылығына қажетті техникалары мен құрал жабдықтарына негізделіп отыр.

С.Шәкіров ауылдық округінің 2023 жылға арналған даму жоспарына сәйкес ауылдық округте 34,5 миллион теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асырылып, 7 жұмыс орны ашылған. Тарқата айтсақ, Нұржан Сейдикулов 15 миллион теңгеге, Нұрболат Тілепов 14 миллион теңгеге мал бордақылау алаңын іске қосқан. Баймұрат Амантай 2 миллион теңгеге техникалық жөндеу орталығын ашқан. Жасұлан Әлімбеков 2 миллион теңгеге, Гүлмира Бапан 1,5 миллион теңгеге азық-түлік дүкенін ашып, тұрғындарға қызмет көрсетіп отыр.

– Ауылымыздың ынтымағы, ортақ іске жұмылу бірліктері өте жақсы дей аламын. Дәлелді түрде айтсам, өткен жылы «Асар» жобасы аясында а у ы л тұрғындарының көмегімен екінші топ мүгедегі Бақтияр Мұратбековтың үйі 1,1 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді. «Жомарт түлек» жобасымен Шона Смаханұлы атындағы орта мектептің акт залы 500 мың теңгеге безендірілсе, мектептің кіреберісіндегі маңдайшасының жазбасы 300 мың теңгеге заманауи үлгіде жаңартылды. Амангелді орта мектебіне 600 мың теңгеге музыкалық аппарат алынды. «Туған жер» жобасымен С.Шәкіров ауылындағы «Байтоқты баба» мешітінде 200 орындық асхана ғимараты салынуда. Жоба құны – 50 миллион теңге. Нысанды биыл пайдалануға беру жо спарланған. «Мейірімділік» жобасымен Тамабек ауылының тұрғыны Лунара Садыроваға қатерлі ісік ауруынан емделуге ауыл тұрғындары 600 мың теңге жинап, көмек көрсетті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ауыл тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізіліп тұрады. Кездесу нәтижесінде тұрғындарды жұмыспен қамту, ауладан құдық қазу, мемлекеттік бағдарламаға қатысуға бағдар беру жұмыстарымен қатар, ауыл тұрғынының өтінішімен көше бұрылыстарына шағал төселді, екі көпір салынды. Екі отбасына газ тартылып, алты ауыл тұрғынының есік алдына түнгі жарықтандыру жүргізілді, – дейді ауыл әкімі Ринат Бекбосын.

Салық түсімдері де бұл ауылда сәтті жоспарланған межеден жоғары. Мәселен, мүлік салығы 140 пайызға, көлік салығы 116 пайызға орындалған.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Талас ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support