Үш айда 13 жазатайым оқиға тіркелді

Үш айда 13 жазатайым оқиға тіркелді
ашық дереккөз
Үш айда 13 жазатайым оқиға тіркелді
Еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын облыстық еңбек инспекциясы басқармасы, еңбек жағдайларының ахуалын тұрақты бақылауда ұстау мақсатында өткен 3 айда 6 мекемеде профилактикалық бақылау жүргізсе, бүгінде «Бином», «Юни-Тим» ЖШС және «Жамбылгипс» АҚ-да осындай бақылау жұмыстары жүргізілуде. Тексерілген мекемелерде 50 бұзушылық деректері (27-сі еңбек қатынастары, ал 22-сі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша) анықталып, нәтижесінде 1806 жұмыскердің құқығы қорғалды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов мәлімдеді. Баяндамашының айтуынша, еңбек инспекторлары жыл басынан бері 207 жеке және заңды тұлғалардың арыз- шағымдарын қарап, ол бойынша 72 еңбек заңнамасының бұзылу фактісі анықталған. Тексерістердің қорытындысына сәйкес 10 мекемеге әкімшілік шара қолданылып, жалпы 1 199 900 теңгені құрайтын 8 айыппұл салынды. Нәтижесінде 56 еңбек заңнамасының бұзушылығы жойылып, 1826 жұмыскердің құқығы қорғалды. Сонымен қатар, мемлекеттік еңбек инспекторлары «Тараз» кәсіпқой футбол клубында, Амангелді газ өңдеу зауыты, Тараз қалалық көпбейінді аурухана және консультативтік диагностикалық орталығында және бір жеке кәсіпкерде 280,6 миллион теңгенің жалақы қарыздарын анықтап, олар бүгінде толығымен жойылып, 1507 жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды. – Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ахуалдық орталығында облыстың тәуекелді кәсіпорындары ретінде мониторингте жалақы қарызы бойынша екі кәсіпорын – «Меркі асыл тұқымды зауыты» АҚ мен «Луговой жылқы зауыты» ЖШС тұр. Бүгінгі таңда Меркі асыл тұқымды зауытының 74 жұмысшысына жалақы қарызының сомасы 42 миллион теңгені құрап отыр. Сот қалыптасқан жалақы берешегін өндіріп алу туралы шешімдер шығарып, осы бойынша сот орындаушылары жұмыстар жүргізуде. Ал, Луговой жылқы зауытының 152 жұмыскердің алдындағы жалақы қарызы 30 миллион теңгені құраған. Қазіргі уақытта бұл кәсіпорынға жаңадан инвесторлар келіп, қомақты қаржы тартып, экономикалық жағдайын тұрақтандыру бойынша әрекет жас ауда. Одан бөлек, облыс бойынша «Еңбек тәуекел картасына» жалақы қарызы бойынша «ТаразҚұрылысИнвест», «Айя Сервис», «KATSA», «ЮжКамТорг» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері еніп отыр. Аталған 4 кәсіпорында 308 жұмыскерге 55,444 миллион теңге жалақы қарызы қалыптасқан. Бұл туралы кәсіпорын басшыларына ескерту жасалып, жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, биыл бейресми жұмыспен қамтылған 590 жұмыс берушідегі 1676 жұмыскердің еңбек қатынастары заңдастырылып, көлеңкелі экономикадан шығарылды, яғни құқықтары қорғалды, – деді басқарма басшысы Ж.Айтақов. Спикердің айтуынша, биыл жұмыс істеп тұрған 12 194 ұйымның 11 740-да ұжымдық шарт жасалып, 369 ірі және орта кәсіпорынның 173-нің ұжымдық шартт ары цифрландырылған. Облыстағы кәсіпорындар 100 пайыз меморандуммен қамтылып отыр. Сондай-ақ, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үш жақты комиссиялардың отырысында 63 жұмыс берушінің есебі тыңдалып, 1082 жұмыскердің құқығы қорғалды. Еңбек қауіпсіздігі бағытында жыл басынан бері 15 адам зардап шегіп, оның 3-еуі қаза тапқан 13 жазатайым оқиға бойынша арнайы тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілді. Былтырғы жылмен салыстырғанда, жазатайым оқиғалар 13 пайызға, зардап шеккендер саны 17 пайызға азайғанымен, қайтыс болғандар саны 2 бірлікке артқан. Мәселен, Тараз қаласында 7, Сарысу, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында бір-бірден, ал Талас ауданында 2 жазатайым оқиға тіркелді. – Былтыр жазатайым оқиғалардың өсуіне орай, өңірдегі жазатайым оқиғалардың алдын алу және азайтуға бағытталған 2024-2026 жылдарға арналған «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы қабылданды. Сондай- ақ, облыстық прокуратураның бастамасымен облыс әкімдігі мен «Қазфо сфат» ЖШС арасында кәсіпорындағы ахуалды реттеу бойынша ынтымақтастық туралы екіжақты меморандум жасалды. Бұдан басқа, еңбек инспекциясы басқармасы еңбек жанжалдарын шешу және оларға жол бермеу бойынша іс-шаралар бекітіп, іске асыруда. Еңбек тәуекелдерінің алдын алу бағыты бойынша облыстық 40 еңбек ұжымында 485 жұмыскердің қатысуымен еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, мемлекеттік еңбек инспекторлары жыл басынан бері жеке қабылдаулар барысында облыстың 60 тұрғынына еңбек заңнамаларына қатысты консультативтік кеңестер берді. Одан бөлек, ашық есік күндері, семинар- кеңестер, еңбек ұжымдарымен кездесу сияқты іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Бүгінде еңбек қатынастарына байланысты мәселелер жіті бақылауға алынып, бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар жалғасын табатын болады, – деді облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов.  

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Ұқсас жаңалықтар