- Advertisement -

Өрісі кең өнер

234

- Advertisement -

«Әннің де естісі бар, есері бар» дейді қазақ. Жадында түрлі әуен әуелеп тұратын композиторлардың мына өмірге құдіретті жеті нотаның шеңберінде қарап, теңдессіз туындылар алып келетінінің өзі ғажап емес пе? Сондай ерекше талант иелері өз арамызда да жүр. Былайғы күндері елемейтінімізбен, олардың өмірге әкелген дүниелері талайдың жүрегін жаулап үлгерген.

Байзақ ауданындағы К.Әзірбаев атындағы балалар саз мектебінің жанынан құрылған «Кенен сазы» фольклорлық ансамблінің мүшесі Жанар Қорғанбекованың туындылары да осы қатарда. Әрбір ритмді, такт пен нотаны тұла бойынан өткеріп, өмірге теңдессіз әуен алып келетін құнды қасиеті Жанарға музыкамен кәсіби тұрғыда айналысуға жол ашып, бүгінде үлкен өнер ұжымының мүшесі болып отыр. Бүгінгі әңгімемізге композитордың 2007 жылы өмірге лирикалық әуен болып келіп, кейін патриоттық әнге айналған шығармасы арқау болып отыр.

Сазгердің өзінің баяндауынша, «Армандар кейде орындалады» әні 2007 жылы жаны жабырқап, жүрегі жадауланып жүргенде өмірге келген. Әріптесі әннің әуенін естігенде «Бұл нағыз патриоттық ән» деген екен. Автор әріптесінің бұл сөзіне шамданып қалғанымен, кейіннен әннің сөзін белгілі ақын Қасқырбай Нарбатыровқа өтініп, қайта жаздырады. Бұл 2011 жыл еді. Кейіннен әнді өңірге белгілі әнші Динара Диханбаеваға ұсынады. Ол қуана келісіп, әннің әрлеуіне қомақты қаржы жұмсап, жаздырып әкеледі. Шығарма әр тәуелсіздік күнінде мерекелік шаралардың сәніне айналады. Сазгер әр концерт сайын осы туындысы шырқаларда есімі аталса мақтаныш сезіміне бөленетінін айтады.

– Осы әнімді айтатын мерекелерді сондай жақсы көремін. Тек, Динара қашанғы менің әнімді айта берсін, кейін бұдан да керемет әндер шырқай бастады. Былтыр Ақтөбе қаласының мерейтойында «Ән тербеткен Ақтөбем» авторлар байқауы болды. Әріптес Манзура апайым сөзін ауыстырып осы байқауға қатыс деді. Әрине, сөз ауысса, оның тағдыры, тек Ақтөбеліктерге байланысты болатынын білдім. Ұзақ ойлана келе, Қасекең екеуміз әннің сөзін ауыстырып, тақырыбын «Ажарлы Ақтөбем» деп қойдық. Динара тамаша орындап шықты. 32 орындаушының ішінде екінші орын алды. Өмірімде авторлар конкурсына қатысып, жүлделі орынға ие болғаныма таңдандым. Байқауда 300 000 теңге бәйгеге ие болдым. Халық банкіне барып, жүлдемізді үшеуміз бөліп алып, мәре- сәре болдық. Менің әнімнің тарихы осындай. Енді осы әнді Ақтөбелік дарынды әншілер бұдан да құлпыртып айтса, мен алыстан қуанамын. Бұл әнімді шын жүректен Ақтөбе қаласына сыйлаймын, – дейді сазгер Жанар Қорғанбекова.

Міне, осылайша әу баста өмірге лирикалық әуен болып келген ән тұтас бір шаһардың шырайын ашқан патриоттық әнге айналды.

Ал, бүгінде бай репертуар жинақтаған «Кенен сазы» фальклорлық ансамблі өлкеде өтетін түрлі шаралардың белсенді қатысушылары. Ансамбль құрылған 2014 жылдан бері түрлі байқаулардың жүлдегер, жеңімпазы атанып жүр. Жыл сайын жас таланттармен толықтырылып отырған ансамбль құрамына Алматы консерваториясының түлектері Әсел Дайрабаева, Рауан Жексенбі, Ақниет Асқар қосылды.

Панабек Ахметов жетекшілік ететін құрамның репертуарында «Балбырауын», «Адай», «Жайма қоңыр», «Бақтыбайдың әуені», «Бозінген», «Көне Тараз», «Ой тербеу», «Ата толғауы» сынды қазақ ұлттық және қазақ композиторларының күйлері бар.

Аталған ансамбль сәуір айында Кенен Әзірбаевтың 140 жылдық мерейтойына арнайы концерт ұйымдастырып, тыңдармандарын қуантпақ.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support