Тілсіз жау тосыннан төнбесін десек...

Тілсіз жау тосыннан төнбесін десек...
Ашық дереккөз
Жаз маусымы басталысымен-ақ күннің күрт ысуына байланысты табиғи өрттің орын алу қаупі жиілейді. Оның үстіне, бұл мезгіл аңқа кептірген аптап ыстықпен басталғаны баршаға белгілі. Ендеше, осындай аптап ыстық пен қуаңшылық кезеңінде дала төсіндегі, ормандардағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңызы өте зор. Жалпы, өрттің басым көпшілігі шөп, көк мол шабындық, жайылым жерлерге, орман алаптарына көршілес орналасқан шаруа қожалықтары және ауыл шаруашылығы ұйымдарына тиесілі шабындықтарда жүріп жатқан жұмыстар кезінде техникалардан шыққан ұшқын, далада от тұтату, түрлі қалдықтарды жағу салдарынан басталады. Сондай-ақ, табиғат аясында демалушылар мен кейбір тұрғындардың өрт қауіпсіздігін сақтамауы да орны толмас қайғылы оқиғаларға алып келіп жатады. Осылайша, адамдардың алаңғасарлығы, немқұрайдылығы мен мәдениетсіздігі, ойланбай тасталған темекі тұқылы, сөнбей қалған от табиғи өрттердің шығуының негізгі себептері. Күн күйіп, үстіне ыстық жел соғып тұрғанда өрттің өрши түсетіні тағы бар. Далада жатқан шыны, сынық әйнектердің қызуы, найзағай, шөп ору жұмыстарына жұмылдырылатын түрлі техникалардың жарамды шоқ өшіргішпен жабдықталмауы да онсыз да сусап, қаңсып тұрған ағаш, шөп, өсімдіктің әп-сәтте тұтануына әкеп соғады.

Айта кетейік, әрбір өрт апатының артында адам тағдыры тұр. Қас-қағым сәтте қалың орманның өзін күлге айналдарып жіберген тілсіз жаудың «құдіретін» көріп жүрміз. Өкінішке қарай, осындай оқыс оқиғалардың салдарынан қаншама жан мезгілсіз қаза болып, көптеген отбасы асыраушысынан айырылды. Ең сорақысы, дәл осындай төтенше жағдайларға жеткілікті дәрежеде дайын болмағанымыз. Иә, өрт сөндірушілер қызыл жалынмен хал-қадірінше арпалысқанымен, оны жылдам әрі барынша шығынсыз ауыздықтауға күштері жетпегені жасырын емес. Бұл – өз деңгейінде жүзеге асуы тиіс жүйелі жұмыстардың кәсіби және оралымды ұйымдастырылмағандығының айқын дәлелі.

Жаз басталмай жалын шарпыды

Біздің елде жаз мезгілі басталмай жатып орман өртінің 27 дерегі тіркелді. Бұдан бөлек, дала төсі 122 рет қызыл жалынға оранған. Мамыр айында өткен Үкімет отырысында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өңірлерде өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатқанын тілге тиек еткен еді. Оның айтуынша, орманды дала алқаптары мен демалыс орындарында мобильді топтар рейдтер жүргізіп, нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 630 адам айыппұл арқалаған. Сондай-ақ, Шыңғыс Сайранұлы төтеншеліктер шаруа қожалықтарын аралау жұмыстарын жүйелі жүргізіп жатқанын да айтты.

– Әр өңірде ірі өрттермен күресу үшін жалпы саны республика бойынша шамамен 50 мың адам және 10 мыңнан астам техникадан тұратын күштер мен құралдар топтамасы дайындалды. Қазавиақұтқару авиациясының 19 борты тұрақты дайындық режимінде тұр, оның 9-ы су төгетін құрылғылармен жабдықталған. Аэровизуалды барлау үшін 120 ұшқышсыз ұшу аппараты бар. Қазіргі таңда елімізде болып жатқан су тасқыны Төтенше жағдайлар министрлігінің кез келген қауіп-қатерлерге дайын екендігін көрсетіп жатыр. Дәл осы режимде өртке қауіпті кезеңде барлық қажетті іс-шаралар ұйымдастырылатын болады, – деді министр.

Естеріңізде болса, өткен жылы табиғи өрттерге ден қою алгоритмін практикалық пысықтау үшін «Ормандала-2023» оқу-жаттығу жиыны өткізілген болатын. Есепті кезеңде барлық өңірлерде орман шаруашылығы мекемелерімен бас-аяғы 53 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өтіп, министрліктің оқу орталықтарында орман күзетінің 1300 жұмысшысы оқыған.

Құрғақ шөп өртеніп кетті

Маусым айының соңында әлеуметтік желілерде өртеніп жатқан құрғақ шөптің видеолары тарап кетті. Оқыс оқиға Алматы маңында орын алған. Мәліметке сүйенсек, тілсіз жауды ауыздықтауға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 15 қызметкері мен 3 техникасы, жергілікті атқарушы органдардың 15 адамы және Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің 3 қызметкері, сондай-ақ 8 бірлік техникасы жұмылдырылған. Абырой болғанда, құрбандар мен зардап шеккендер тіркелмеген.

– 2024 жылдың 28 маусымында сағат 11:09-да Өтеген батыр кентіндегі ПЧ-8 байланыс пунктінің 101 нөміріне Іле ауданы, Gate City кешеніне жақын жерде шөп өртенгені туралы хабарлама түсті. Жақын маңдағы елді мекендер мен ғимараттарға қауіп төніп тұрғаны анықталды, – делінген Алматы облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратта.

Орман өрті бір тәуліктен соң ауыздықталды

Ал, маусым айының басында біздің өңірімізде орман өртінің дерегі тіркелді. Қызыл жалынды сөндіру үшін төтеншеліктерге бір тәулік қажет болған. Оқыс оқиға салдарынан «Меркі орман және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесіне қарасты Сарықоба орман шаруашылығының аумағында құрғақ шөптер мен бұталар өртенген. Нәтижесінде 1800 гектарды қамтыған өрт 5 маусым күні сағат 15:08-де толығымен сөндірілген.

– Өртті сөндіруге 314 адам, 72 бірлік техника және бір тікұшақ, оның ішінде орман шаруашылығынан 161 адам және 38 бірлік техника, «Қазавиақорғаудан» 6 адам және бір тікұшақ, Жамбыл облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінен 86 қызметкер мен 9 бірлік техника, жергілікті атқарушы органдардан 61 адам және 25 бірлік техника жұмылдырылды, – деді өңірлік төтенше жағдайдар департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

Жалынға қарсы көліктер бейнекамерамен жабдықтала ма?

Келешекте автобус, өрт сөндіру, жедел жәрдем мен полицияның қызметтік көліктеріне жаңа камералар орнатылуы мүмкін. Заманауи құрылғылар жол ережесін өрескел бұзған жүгенсіз жүргізушілерді бірден анықтап, түрлі деңгейдегі төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Ал, камералар Алматыда жаңадан ашылған зауытта жасалады деп жоспарлануда.

– Жаңа кәсіпорында 2025 жылы мың мобильді және мың стационарлы құрылғы жасау жоспарланған. Болашақта қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған ұшқышсыз ұшу аппараты, полицияға арналған камерасы бар көзілдіріктер, тәртіп сақшыларына төсбелгі сияқты заманауи жабдықтар шығарылмақ, – делінген Ішкі істер министрлігінің ақпаратында.

Грекиядағы орманды қазақтар өртеген бе?

Естеріңізге сала кетейік, маусым айының соңында Грекия елінің бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстаннан келген туристер осы мемлекеттің Гидра аралында орман өртін шығарғанын хабарлаған еді. Мәліметке сүйенсек, демалушылар жалға алған яхтада отшашу ұйымдастырып, соның салдарынан қарағайлы орманда өрт тұтанған. Ал, тілсіз жауды ауыздықтауға өрт сөндірушілер, тікұшақ пен еріктілер қатысқан. Гидра мэрі Джоргас Коукидакис әкімшілік өртті тудырған шетелдіктерді сотқа бермек ниетте екенін айтты. Белгілі болғандай, өрт кезінде кемеде болғандардың барлығы, оның ішінде экипаж мүшелері де ұсталған. Сәйкесінше, еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айдос Смадияров Қазақстан консулы бұл оқиға туралы ақпарат баспасөз бетінде жарияланған кезінде-ақ бірден жауап берген.

– Бұл ақпарат жарияланғаннан кейін Қазақстан консулы осы оқиға бойынша Грекия билігіне хабарласты. Полиция ұсталғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін және оларға ешқандай шағым түспегенін хабарлады, – деді ол.

Әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалаған

Өрт – тілсіз апат. Айтып келмейді, оның қай уақытта орын алатынын ешкім де болжап біле алмайды. Ал, онымен күресудің жалғыз жолы – өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау. Атап айтқанда, жазғы маусымда құрғақ, ыстық және желді ауа райында ауылдық елді мекендерде, саяжайда, бақшалық учаскелерде от жағуға жол бермеген жөн. Бұдан бөлек, елді мекендер мен ұйымдардың аумақтары, ашық қоймалар мен құрылыс нысандарының, ғимараттардың өртке қарсы қашықтығы сақталуға тиіс. Сондай-ақ, тұрғын үйлерге, саяжайға және басқа да құрылыстарға жақын учаскелер жанармай қалдықтарынан, қоқыстан, құрғақ шөптерден, жапырақтардан дер кезінде тазартылып тұрғаны артықтық етпейді. Десе де, кейбір адамдар дәл осы аса қажетті әрекеттерге жауапкершілікпен қарамайтыны өкінішті-ақ.

Жыл басынан бері жергілікті атқарушы орган өкілдері, орман қорғау мекемелері, Ішкі істер министрлігі және азаматтық қорғау қызметкерлерінен құралған 16 мобильді топ өңіріміздегі орманды далалық алқаптарда өрт қауіпсіздігі ережелерінің бірнеше бұзу деректерін анықтаған. Нәтижесінде 21 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 7 азаматқа 4 миллион теңгеден астам қаражатты құрайтын айыппұл салынған. Сондай-ақ, 165 адам ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Айта кетейік, есепті кезеңде облыс аумағында жалпы көлемі 148 гектар болатын алқапта жану оқиғасының 21 дерегі тіркелген. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 5 дерекке бәсеңдеген. Ал, былтыр өңірімізде орман өртінің 18 дерегі тіркелген еді.

–Орман өрттерінің қауіп-қатерін азайту мәселелері жөніндегі адамдардың білім деңгейін арттыру, сондай-ақ оқыс оқиға орын алған кездегі азаматтардың іс-қимылдарының машықтарын әзірлеу мақсатында орман алқаптарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жоспарға сай жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік орман қорының аумағына кіретін жерлерде және автомобиль жолдары бойында 60 аншлаг, 40 панно және 16 билборд орнатылды, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің өкілі Сәуле Әсетқызы.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ:

Жаратылыстану ғылымында «көбелек эффекті» деген ұғым бар. Осынау ұғымға сүйенсек, сіз бен біздің біліп-білмей істеген мардымсыз әрекеттеріміз басқа бір жерде, басқа бір уақытта үлкен әрі болжанбаған салдары болатын хаосқа алып келуі мүмкін. Табиғат философы, ағылшын азаматы Тимати Мортонның айтпағы да сол. Ендеше, баз біреудің жай ғана пластик дегені келешекте үлкен апаттың себебі болуы да ғажап емес. Бәлкім, адамзат баласының бұған дейінгі әрекетінің ақысы кейінгі жылдары қайтарылып жатқан шығар. Жаһандық жылыну да, түрлі климаттық өзгерістер де біздің әрбір әрекетімізге тәуелді екенін ұмытпаған жөн. Қалай болған күнде де тамаша табиғаттың мол байлығының бір шырпысын шашау шығармай күзету – баршаның міндеті. Бұл – бүгінгі береке қонған байлық қана емес, ертеңгі күннің еншісіндегі әрі келер ұрпақтың қажетіне жарайтын сыбаға.

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

 

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар