Бұл ретте ғалым мұраларын зерделеуге арналған көптеген іс- шаралар ұйымдастырылды. Мұның нақты бір дәлелі – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде дәстүрлі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялардың тұрақты өткізілуі. Дегенмен, алғашқы конференция (1997) жұмысынан бастап, Дулати мұрасын философия, педагогика, психология, әскери өнер, тағы басқа да ғылым салалары тұрғысынан зерттеумен қатар, әдебиеттану ғылымы тарапынан терең зерттеу жұмысы қолға алынып, ғұламаның «Тарих-и-Рашиди» еңбегі әдеби-көркем туынды ретінде әдебиетші ғалымдар тарапынан зерделене бастады. Оның көшбасында шығыстанушы ғалым, ҚР ҰҒА корреспондент- мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар Дербісәлі тұрды.
Ғалым Ә.Дербісәлі салып берген сүрлеумен көптеген қазақ зерттеушілері М.Х.Дулати мұраларын зерттеп, оның жан-жақты қырын ашып берді. Тарих тереңінде қалып қойған жәдігер қанша уақыт өтсе де, өзінің маңызын еш жоғалтпағаны, қайта жылдар өткен сайын баға жетпес құндылыққа айналғанын қазіргі зерттеулер дәлелдеп отыр. Осындай зерттеулердің қатарында Дулати университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақтың «Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати» атты еңбегі ерекше маңызға ие. Ғалымның кітабы 4 бөлімнен құралған, монографиялық-эсселік бағытта жазылған.
Алғашқы бөлім ««Тарих-и Рашидиді» оқығанда...» деп аталады. Шындығында, М.Дулати туралы жазылғанымен, ғалымдардың «Тарих-и-Рашиди» еңбегіне сілтеме жасалғанымен, өз халқы оның шығармашылық ғұмырнамасынан бейхабар болғандығын автор кітаптың басында айтып өтеді. Яғни, автордың бұл ойы қаламгер шығармашылығын терең зерделеуге меңзеп тұрғандай.
Кітапта автор Дулати мұраларының шетелдік ғалымдар ғана емес, отандық зерттеушілер тарапынан да біршама зерттеу нысанына айналғанын, қазақ ғалымдарының оған салмақты үлес қосқанын тілге тиек етеді. Ш.Уәлихановтың ғажайып мұраны алғаш зерттеп, ғылыми айналымға енгізгенін қазіргі Петербург ғылыми орталықтарының жақсы білетінін танымал тарихшы С.Өтениязовтың пікірі арқылы нақтылайды. Академик Әлкей Марғұланның «Мұхаммед Хайдар Дулати – қазақтың тұңғыш тарихшысы» атты 1941 жылы «Әдебиет және өнер» журналында жарияланған мақаласына да назар аудартады. Онда «Тарих-и- Рашиди» кітабының бүгінде барлық мәдениетті елдердің тіліне аударылып, мәңгі өшпейтін дүниежүзілік әдебиет мұрасының біріне айналғаны сөз етіледі.
Одан ары қарай автор М.Х.Дулатидың тарихшы ретіндегі болмысымен қатар, өз заманының нағыз сөз зергері – дарынды жазушы болғанын айтады. Тарихшылық пен жазушылықты қатар меңгерген М.Дулатидың бойындағы ерекше қасиеті мен қабілет- қарымы жайында сөз қозғайды. Еңбекті жазу барысында Дулатидың қазақ қауымына аса жақын болғанын айтады. Жазушының қазақ жерінің, қазақ елінің тарихын аса сүйіспеншілікпен жазып, сағынышын сейілткендей әсерде болғанын шебер тілмен жеткізеді.
Шетелдік ғалымдардың пікірлеріне сүйеніп, академик М.Қозыбаев, әдебиеттанушы ғалым Ж.Дәдебаев, дулатитанушы ғалым М.Қазыбек секілді зерттеушілердің пікірлерін қуаттай келе, Мұхаммед Хайдар Дулатиды орта ғасырда алғаш әдеби-мемуарлық роман жазған қаламгер ретінде танытады.
Жазушының өмірбаян өрнектерін көз алдымызға тізбектеп суреттей келе, майда детальдарға дейін мән беріп, сәби кезінен өмірінің соңына дейінгі оқиғаларды жатық тілмен жеткізеді. Қазақ әдебиетінде батырлар жырында кездесетін эпизодтардың Дулати өмірінің кезеңдерінде кездесуінің өзі оны қазақ өмірінен алшақтатпайтынын аңғартқандай. Оның өмірге келуін суреттегенде, ата-анасының әулие-әнбиелерге мінәжат етуі, Жаратқан Иеден жалғыз ұл сұрап жалбарынуы, тілек-мінәжаттың қабыл болып, нәрестенің дүниеге келуі секілді суреттеулер бір қарағанда адам сенгісіз ертегідей болғанымен, болашақ ғұламаның өмірінде шынайы көрініс тапқан оқиғалар екендігін автор шеберлікпен жеткізе білген.
М.Х.Дулатидың әкесінің өлімі, ағайын арасындағы алауыздық, Бабыр бөлесінің қолында тәрбиеленуі, Сұлтан Саид ханның мейірім-шапағаты, Рашид сұлтанмен арадағы қарым-қатынастары кітапта әсерлі суреттелген. Тоғылық Темір хан мен Болатшы әмірден бастап Моғолстандағы хандар мен әмірлердің тарихы тізбектеліп, олардың арасындағы билік үшін тартыс, өзара қырқыстың Моғолстан мемлекетінің ыдырауына алып келгені тайға таңба басқандай көрініс тауып отырады.
Автор өз еңбегінде «Тарих-и-Рашидидің» әдеби сипатын ашумен қатар, туындының тілдік-стильдік ерекшеліктерін жай ғана көрсетпей, оқиғаны баяндаудағы М.Х.Дулатидың тіл көркемдігіне, түрлі эпитеттер мен теңеулерді, өзге де метафоралық қолданыстарды ерекше пайдалана білгенін, жазушының баяндау формасының қазіргі таңдағы прозалық шығармаларды баяндау формасынан мүлде басқаша айырмашылығы болғанын атап, оның жазу стилінен ортағасырлық шығарманың дәстүрлі үлгісі көрініс беретінін аңғарған. Кейіпкердің психологиялық портретін жасаудағы автордың шеберлігіне назар аудартады. Шығармада диалогқа ерекше орын берілгенін, оның кейіпкер мінезін ашуда басты құралға айналғанын байқампаздықпен береді. Оқиғаны суреттеуде қаламгердің поэзияға сүйеніп, ой түйінін өлең жолдарымен беріп отыруы да еңбектің құндылығын арттырып, көркемдігін тереңдете түскенін айтады. Шығарманың өн бойынан мұсылмандық дүниетанымның көрініс беруі автордың әрбір оқиғаны баяндау алдында Жаратушы Иеге сыйынып, оған мадақ айтудан бастауы, Құран аяттарынан келтірілген үзінділер мен құдіреті күшті Аллаға мінәжат етіп, жалбарынуынан аңғарылып тұратыны оқырман назарын аудартады.
Екі ғасырлық уақытты қамтитын туындыдағы автордың шығармашылық тұлғасы да кітапта сөз болады. Екі жүз жыл бойында болған оқиғаларды жайдан-жай баяндамай, тарихи деректерге сүйеніп, кейіпкерлер тағдырының басын біріктіріп, тікелей өзі қатыса отырып суреттеу кез келген адамның қолынан келе бермейтін шығармашылық шеберлік екені анық.
Кітапта автор М.Х.Дулатидың өз заманының дарынды әскери қолбасшысы болғанын айта келе, әскери-психологиялық ой-толғамдарға кезек береді. Соғыс психологиясы жайында қолбасшының парасат-пайымын танытады. Ұрыс тактикасын алғаш бөлесі Бабырдан үйреніп, кейін Саид ханның тәрбиесі арқылы шыңдалғанын айтады. Ерлікке апарар жолдың парасат екенін, шайқасуда шешуші рөлді ақыл атқаратынын, үрей психологиясын тудыру арқылы жауды жеңуге болатынын, жеңу үшін ішкі рухтың мықты болу қажеттігін, батылдық ақылды шешіммен ұштасқанда ғана жеңіс туы желбірейтінін Дулати тәжірибесі арқылы көрсетеді.
Кітаптың 2-тарауы ««Жаһаннаме» – шырайлы шығарма» деп аталады. Мұнда дастан туралы, оның зерттелу тарихы жайында ғалымдардың пікірлерін назарға ұсынады. Сондай-ақ дастанның құрылысына, сюжетіне, образдар жүйесіне әдеби-теориялық талдау жасалады. Қ.А.Ясауидың «Диуани хикмет» туындысымен мұсылмандық дүниетанымдық сабақтастығы салыстырыла талданады.
Ал, «Дулати зерттеушісі» атты үшінші бөлімде М.Х.Дулатидың шығармашылық әлемін зерттеуші шығыстанушы ғалым, академик Әбсаттар Дербісәлінің ғұлама өмірі мен мұрасын зерттеудегі өлшеусіз еңбегі жөнінде тарқатыла айтылады.
Төртінші бөлімде қазіргі Тараз өңірлік университетіне М.Х.Дулати есімінің берілуінен бастап оның мұраларын ұлықтауға атсалысып жүрген тұлғалардың ұйымдастырушылық-қайраткерлік еңбектері жайында баяндалады.
Тұлғалар өмірін тану, тарихты білу, өткенді таразылау – адамзат парызы. Сәмен Құлбарақтың «Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати» атты монографиялық-эсселік бағытта жазылған кітабы көрнекті тұлға, ғұлама-ойшыл М.Х.Дулати өмірі мен оның шығармашылық тұлғасын толыққанды тануға құштар жастарға, зиялы қауымға, жалпы оқырманға үлкен рухани олжа.
Ғалия АБДЫХАНОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы.
Ұқсас жаңалықтар
Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді
- 29 қазан, 2024
Кітапханадағы келелі кездесу
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді