Дән сеуіп, дәулет терген диқан

Дән сеуіп, дәулет терген диқан
Ашық дереккөз
Егінге орақ салған қордайлықтар бүгінде алқап басында тынымсыз еңбек етуде. Онымен бірге мал азығын дайындау жұмыстары да қатар атқарылу үстінде. Мәселен, Сұлутөр ауылдық округіне қарасты «Жас қанат» шаруа қожалығы мал азығы үшін өз егіс алқабынан бір мың рулон мал азығын жинап алды. Қожалық жетекшісі Асхат Акиловтың айтуынша, биылғы егіннің де, табиғи шөптің де шығымы жақсы.

Биыл шаруа қожалығы жалпы алаңы 400 гектарға орналастырылған бидай мен арпа алқаптарын оруда. Орақ науқанына 20 техника араласуда. Жалпы, құрылғанына 30 жылға жуықтаған қожалық 15 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтыған. Бүгінде қожалықтың жер көлемі 3 мың гектарды құрайды. Механизаторлар қолда бар техникаларды күтіп, шаруашылық қажетіне жаратуда. Жетпеген ауыл шаруашылығы техникаларын қожалық «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамынан несиеге лизинг жүйесімен алыпты. Бұдан бөлек, шаруа қожалық бір мың бас қой мен жүз бас жылқы ұстап отыр.

– Ауыл шаруашылығымен айналысу үшін ең бастысы күш-жігер, талап керек. Шаруаның күні таң атысымен басталып, кеш батқанға шейін тоқтамайды. Қазіргі таңда біз мал азығын жинаумен қатар, егін орағына да орақ салдық. Механизаторлар техниканы сайлап, жұмысқа дайындықпен кірісті. Биылғы жауын-шашынның әсерінен шөп бағасы өткен жылғыдай қымбаттап кетпейді деп ойлаймын. Ал, егін шығымы өте жақсы. Егін орағын екі-үш апта көлемінде аяқтап, малдың жем-шөбін ертерек дайындап алуды жоспарлап отырмыз, – дейді Асхат Акилов.

Асхат бүгінгі күні жас механизаторлардың тапшы болып отырғанын жеткізді. Соңғы кезде жастар қалаға жаппай көшіп кетуде. Соның себебінен ауылда механизаторларға деген тапшылық сезілуде.

Шаруа қожалық мал және егін шаруашылығымен айналысып қана қоймай, шаруасын әртараптандыруды жоспарлап жүр. Былтыр жасқанаттықтар сплиттер блоктарын шығаратын станок сатып алып, 40 мыңға жуық сплиттер блогын құйған. Сөйтіп, оны сатылымға шығарып, жақсы табыс тауыпты. Дегенмен, биыл ол жұмысты жалғастыру әзірге егін орағының басталуына байланысты тоқтап тұр. Ендігі кезекте дәнді қамбаға құйған соң, тоқтап қалған кәсіпті қайта жандандырмақ ниетте.

 

Еркін ҚАТБЕКОВ,

журналист.

Қордай ауданы

Ұқсас жаңалықтар