«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қола қазанның әр құлағында бір сыр бар

Қола қазанның әр құлағында бір сыр бар
Автор
Т.Рысқұлов аудандық тарихи-өлкетану музейіне жастар арнайы экскурсиямен барды. «Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің төресі» тақырыбымен ұйымдастырылған экскурсияға аудандық жастар орталығының белсенді жастары да қатысты. Мұндағы мақсат – өскелең ұрпақты өткеннің өнегесі арқылы отаншылдыққа тәрбиелеу, ұлттық болмысты танытып, елдік мүддені құрметтеуге шақыру.

Экскурсия барысында музей қызметкерлері жастарға әрбір жәдігерді жеке таныстырып, тарихтан сыр шертіп, елеулі оқиғаларды әңгімелеп берді.

– Ұлттық құндылықтар – бір ұлттың тарихы, мәдениеті, тілі, дәстүрі, салт-санасы арқылы ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын негіздер. Оларды сақтап қалу және дамыту қоғамның тұрақтылығы мен келешегі үшін маңызды. Қазіргі жаңа дәуірде дәстүрге сай тәрбие арқылы ұлттық құндылықтарды жас ұрпаққа жеткізу – қоғам мен мектептің ғана емес, әр отбасының да басты міндеті. Ұлттық құндылықтарды дәріптеудің тағы бір маңызды тұсы – отансүйгіштік сезімін нығайту. Жас ұрпақ өз елінің мәдениеті мен тарихын терең түсінгенде, оның болашағына жауапкершілікпен қарап, ұлттық бірегейлікті сақтау жолында еңбек етуге дайын болады. Осыған орай аудандық тарихиөлкетану музейіне Жастар ресурстық орталығының белсенді жастарымен ұйымдастырылған экскурсияның маңызы жоғары десек, артық емес. Музейіміздің тарихи бөлімінде белгілі қоғам қайраткері, еліміздің біртуар ұлы Тұрар Рысқұловқа арналған бұрыш, ірі тарихи тұлғалар мен қайраткерлер, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің орден, медальдары мен құжаттары, еңбек озаттары жайлы деректер орналасқан. Жастарға бұл бөлім таныстырылғанда Ауған соғысының ардагерлері туралы көптеген мәліметтер берілді. Этнографиялық залда ата-бабаларымыздың жаугершілік заманда қолданған қару-жарақ түрлері, музыкалық аспаптар, көшпелі өмір сүрген халқымыздың қолданған киіз үйі мен оның жабдықтары, қолданған тұрмыстық заттары, қолөнер шеберлерінің бұйымдары, болашақ ұрпаққа тағлымы мол, көне заманның ізі, болмысы туралы жәдігерлер таныстырылды. Археологиялық зал – ежелгі Құлан қаласының нағыз шежіресі. Мұнда Құлан қалашығын және сол маңайдағы бекініс орындарын қазған кезде табылған көне қазба заттары туралы айтылды. Нақтырақ айтсақ, қыш құмыралар, ыдыстар, тасмүсіндер секілді тағы да басқа ортағасырлық құнды жәдігерлерді, археологтарымыздың қазып, зерттеп тапқан еңбектерін көрсеттік, – дейді музей қызметкері Эльвира Қоңыратбаева.

Музейдегі ерекше жәдігердің бірі – біздің заманымызға дейінгі VIIIIV ғасырлардан қалған қола қазан. Оның биіктігі 58 сантиметр, диаметрі – 60 сантиметр. Төрт тұтқалы, оның екеуі үлкен, ары-бері көтеріп қоюға арналғанға ұқсайды. Қалған екеуі кішілеу, оларды қазанды аспалы шынжыр арқылы жоғары іліп, астына от жағу үшін қолданса керек. Қазан қоладан жасалған, пішіні жарты шар тәрізді, көлемі шамамен 60 литр, қалыңдығы 0,5-0,8 сантиметр, шығыңқы тігіспен тойтарылған. «Қазандықтың 2,2х1,6 сантиметр сопақ қималы қола шыбықтан жасалған 4 доғалы тұтқасы бар. Ұстауға ыңғайлы болсын деген мақсатта жасалған», – дейді музей қызметкерлері.

Негізгі бөлігі ас-су әзірлеуге арналған. Астыңғы жағында қазанды қоятын біріккен тұғыры бар. Қазан күлгін түсті. Қола металдан жасалынған. Жоғарғы жағындағы ернеуінің кішкене бөлігі сынған. Сонау ертедегі ата-бабалардың көзіндей болып қалған бұл жәдігер – ежелгі дәуірде өмір сүрген адамдардың металлургияны қай деңгейде игергенін көрсететін құнды археологиялық артефактілердің бірі.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар