«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бол риза анашым, қолдағы осы бар...

Бол риза анашым, қолдағы осы бар...
Автор
Таяуда бір танысым мынадай ойлы, салмақты әңгіме айтқаны бар. «Аллаға шүкір, шешем 96 жастан асып барып өмірден өтті. Арулап соңғы ақтық сапарына шығарып салдық жарықтықты. Анамның осынша жас жасауына біздің, балаларының, көп септігі тиді деп ойлаймын. Анамды өмірінің соңына дейін қолдан келген жақсылығымызды жасап, аялап, құрметтеп, сыйлап, әр мереке сайын сыйлық жасап, жаңа көйлек немесе алтын жүзік, сырға сыйлап, көңілін аулап отыратын едім. Әйелімнен де, балаларымнан да анамды құрметтеуді талап ететінмін. Бұл менің бұлжымас өмірлік дәстүріме айналып еді. Анам кейде: «Құлыным-ау, неге соншама бәйек болып, үздіксіз сыйлық бере бересің. Анау балаларыңа, келінге де көңіл бөліп, оларды да қуантып отырсайшы. Менде киілмеген пәленбай көйлек те, сандаған алтын жүзіктерім де, сырғаларым да бар. Оларды мен қайда киіп, жүзік пен сырға тағып бара берем. Кәрі қойдың жасындай жасым қалғанда мені дандайсытып, қолпаштай берме. Жақсылықты қартайғанда сенен көрдім, қарғам.

Мен саған ризамын, балам. Еңбегімді ақтадың, қолдан келген бар жақсылығыңды жасап жатырсың. Бақыт басыңнан таймасын!», – деп әрдайым ризашылығын білдіріп, батасын беріп, бетімнен сүйетін.

– Апа, келініңіз бен немерелеріңіздің өмірі де көрер қызықтары да әлі алда, көп нәрсеге үлгереді. Олардың әрқайсысының өз орындары бар, көретін күндері мол, – дейтінмін анамның көңілін көтеріп, құшақтап, арқасынан қағып. Анама соншама ерекше қатты көңіл бөлетінімді әйелім біліп: «Анаңды сен ерекше жақсы көресің. Тіпті асты-үстіне түсіп, тым епелектеп отырасың. Соншама не болған саған? Басқалардың да аналары бар ғой. Олардың сен сияқты аналарының алдында құрдай жорғалап, соншама безгектеп, жалпақтап жүргенін көрген емеспін...», – дейтін.

– Айналайын-ау, ойланшы, анадан артық мына дүниеде кім бар?! Оларға біз өмір бойы қарыздармыз. Сол анамыздың арқасында емес пе мына дүниеде рахаттанып жүргеніміз? Олар біздің аяғымызға тұрып кеткенімізше қаншама тер төкті, көзімізді ашқаннан аялы алақанына салып, ақ сүтін беріп, ұйқысыз жүздеген түндерді өткізді, ауырып қалсақ, жанын шүберекке түйіп, бар ниетімен қамқорлық жасады, «баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» дей жүріп мәпелеп өсірді, тәрбие берді. Қазір де бес мезгіл намазын оқып, біздің бақытты болуымызды тілеп бата беріп, қолдау сөздерін айтып отырады. Соны жүрегіңмен сезінші бір сәт. Сен де анасың ғой, соның барлығы өз басыңнан өтіп жатыр емес пе? Қайран анамның жыл өткен сайын қартайып, шөгіп, самайларын ақ басып, жүзінде әжім көбейіп, көзінің нұры азайып, белі бүкірейіп, бойынан күш-қуат кетіп бара жатқанын көріп, өмірден ертелікеш өтерін сезіп, көңілім құлазып, кеудем қарс айрылып, жүрегім сыздайды. Шешемнің қанша өмірі қалды, бір Алла біледі. Жарықтық анамды Меккеге алып бармадым, айтулы санаторий-курорттарда да демалдыра алмадым.Сондықтан анам мына қалған өмірінде еш ренжімей, қабағын кірбің шалмай, көзіне жас алмай, жүрегі орынсыз шаншымай өтсе екен деймін. Анамызды аялап өту – бізге, балаларына, міндет!», деп жауап қататынмын. Біздің шешемізге деген жарқын көңілімізге, сый-құрметімізге қарай, анам ұзақ жасады деп ойлаймын. Солай болуы да қажет еді. Мүмкін мен қателесетін шығармын. Бірақ менің сана-сезімім, ішкі дүнием солай дейді...».

Міне, о сы әңгімеден кейін «Шынында, біз анамызға, әкемізге не жақсылық жасап, бір сәт болса да оларға көңіл бөлуге уақыт тауып, қолдан келгенше ардақтап жүрміз бе?» деген ой келді. Ойланатын дүние... Өмірде бір бай кісі болыпты. Ол бұл дүниеде қолы жеткен нығметтерінің баршасына риза болса да қалап алған жарына көңілі толмапты. Әйелінің мінезі, жүріс-тұрысы, қонақ күтімі, сөзі мен күлкісі де оның қолайына жақпапты. Бір күні ол данагөй қарттың алдына келіп жүгініпті. Сөзді мұқият тыңдаған дана:

– Ол қызды өзің қалап алдың ба, әрі оның қыз күніндегі мінез-құлқын білесің бе? – деп сұрапты. Сонда әлгі кісі:

– Иә, өзім сүйіп қосылдым. Қыз күнінде өте сыпайы, салиқалы жан еді, кейін өзгеріп кетті. «Қыз күнінде қыздың бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады?» дегендей, соның сырын өзім де білмей басым қатты, – депті.

Сонда әлгі дана қарт:

– Балам, Алла тағала адамға ұрпақ сыйлайды, кімге қаласа ұл, кімге қаласа қыз, кімге қаласа екеуін де береді. Ал жаман әйел немесе жаман еркекті адамдардың өздері жасап алады. Әйеліңнің «сүйкімсіз» жанға айналуына сенің өзің кінәлісің. Есіңде болсын, әр әйел өзінше бір әлем. Ол әлемді өзіңнің әлеміңдей етемін деп күшке салсаң, оның қалыптасқан жүйесін бүлдіресің. Ал бұзылған жүйеден бір кездегі кереметтерді қайтадан күту әбестік болар, – депті.

Сөздің мәнісін түсінген әлгі адам сана таразысына салып, өзінің әйелі алдындағы жауапкершілігін әділ әрі толық өтей алмағандығы үшін әйелін өзіне қарсы қойып алғандығын, соның нәтижесінде оның «сүйкімсіз» жанға айналып кеткенін ұғып: «Жақсы жерге келген келін – келін, жаман жерге түскен келін – келсап» деген халық даналығының мәніне бойлап, іштей қатты өкініпті. Кетерінде дана ақсақалдан:

– Енді не істесем оң болар еді? – деп кеңес сұрапты. Сонда данышпан:

– Балам, еркек кіндіктінің қашанда есінде жүретін бір ережесі бар. Соны ұмытпасаң, алдағы күндеріңде әйелің көзіңе «сүйкімді» бола бастайды. Қыз деген нәзік үміт пен аяулы сезіммен ғұмыр кешетін нәзік жаратылыс. Олардың жасы қаншаға келсе де жүректерінде сол бір үлбіреген нәзік сезім мен ер адамға деген қалтқысыз сенімнен құралған бала күнгі бейнесі орнығып қалады. Жүректеріндегі сол «кішкентай қыз» ақсамайлы әже болса да, сол балғын, пәк күйінде қала береді. Талғамсыз еркектер әйел жүрегіндегі сол «кішкентай қыздың» бейнесін көре алмай, пұшайман болып өтеді. Әйеліңіз ханшайым болса да, от басы, ошақ қасындағы күлдікөмеш шаруа әйелі болса да, олардың жүрегінде мәңгілік қартаймайтын қыз бейнесі барын ұмытпаңыз. Талғампаз болсаңыз, сол бейнені көре аласыз, көре білсеңіз, әйеліңізді мәңгі сүйіп өтесіз. Әйелді аяласаңыз, өміріңіздің қалай нұрға бөленгенін байқамай қалатын нағыз бақытты еркекке айналасыз. Еркек бақытының ережесі осы, – депті сабырлы үнімен.

Баукең батыр (Бауыржан Момышұлы) «Адамды бұзатын не?» деген сұраққа былай деп жауап беріпті: «Тағы да сол – атақ, ақша, арақ. Осы үшеуі. Төртіншісі әйел демеймін. Алғашқы үшеуінің буына бөртіп, әйелдерді біз – еркектер бұзамыз. Қартайғанда адам соқа басы сопайып жалғыз қалады. Өйткені қыз күйеуге кетеді, ұлды келін әкетеді. Сонда сенен атақ, ақша, абырой, бала – бәрі безгенде, қыңқ етпестен қалқайып қасыңда қалатын бүкіш кемпірің ғана болады. Адам боп сүрген аз дәуреніңді – елу жас па, жүз бе, бәрі бір оны – аяқтап, мәңгі келмеске бірге аттанар сенімді серігің де сол! Сол жалғыз серігіңе өмірде адал болмағаның өзіңе ауыр, одан айырылып, жалғыз қалғаның одан да қиын! Мұны еркектер ойлауы керек!». Бауыржан Момышұлы табиғатынан сөзге жүйрік, не айтса да мірдің оғындай етіп, жүзіңе, бетіңе қарамай қадап айтатын азамат болғаны белгілі. Батырдан асып, одан артық не айтуға болады?!

Адамдар арасындағы қарымқатынас – адамдар арасында бірлескен іс-әрекет қажеттілігін туғызып, байланыс орнататын күрделі процесс. Екі немесе одан да көп адамдардың арасындағы танымдық неме се эмоционалды ақпарат, тәжірибе, білімдер, біліктер, дағдылар алмасу. Қарым-қатынас тұлғалар мен топтар дамуының және қалыптасуының қажетті шарты. Қарым-қатынас барысында адамдардың танымдық хабарлармен, ақпаратпен, тәжірибемен, біліммен, дағдылармен алмасуы және өзара түсінісуі, бірінбірі қабылдауы жүзеге асады. Адамдар арасындағы қарым-қатынастың басты мақсаты – өзара түсіністікке қол жеткізу. Қарым-қатынас өзара түсіністік пен сыйластыққа құрылады. Кейде жақын адамдарға дөрекі сөйлеп, ауыр нәрселер айтып қалып жатамыз. Өйткені, олардың кешіретінін білеміз. Дегенмен кешірді дегеніміз, бәрін ұмытты дегенді білдірмейді. Кейде кей сөздер жүректі жаралайтыны соншалықты, мәңгі есте қалып қояды. Бүгін сүйікті адамға айтуға болмайтын тіркестерді ұсынамыз.

1. Бәрі сенің кесірің! Кінәлау сізге де, сүйіктіңізге де пайда әкелмейді. Тіпті, сүйікті адамыңыз шынымен кінәлі болғанның өзінде, бұл сөзді қолданудан сақ болыңыз. Оның орнына, үнсіз қалған жөн. Ашу басылған соң, мәселені талқылап, кімнен қандай қателік кеткенін бірге анықтауға кеңес береміз.

2. Бұрын «ол» былай істейтін… Әңгіме барысында өткен қарымқатынасты қозғау және онымен салыстыру мүлде дұрыс емес. Сүйікті адамыңыз сіз өткенді еске алған сайын алшақтай бастайды. Үнемі салыстыру оның бойында қорқыныш пен өзіне деген жиіркеніш сезімін оятады. Оның үстіне сүйікті адамыңыздың өз-өзіне деген сенімі азаяды.

3. Соған миың жетпеді ме? Қарым-қатынасты саналы түрде құрсаңыз, сүйіктіңіздің ойлау деңгейі қандай екенін жақсы білесіз. Сондықтан, оның кейде ақылға қонымсыз идеялары мен ойларын мазақ қылып немесе сөгуден аулақ болыңыз. Ондай жағдайда адам тұйықталып қалады. Кейін сізбен ашық сөйлесуден қаша бастайды.

4. Бір нәрсені жөнді істей алмайсың! Мұны дауыстап айтуға болмайды. Тіпті, ойлаудан аулақ болыңыз. Оның істеуге ниет білдіріп, тырысқаны үшін алғыс білдіріңіз. Қолынан келмесе, мәселе емес. Бірге отырып, басқа жолын көруге болады.

5. Айттым ғой саған… Өзіңіздің дұрыстығыңызды дәлелдегеннен не ұттыңыз? Ештеңе. Тек сүйіктіңіздің сізден көңілі қалады. Қасыңыздағы адамға қателік жіберуге, одан сабақ алуға мүмкіндік беріңіз. Сіздің міндетіңіз – оны үйрету емес, қолдау және сүю.

6. Киме мынаны, шеш! Қарым-қатынас құруға шешім қабылдамай тұрып, сіз үшін оның не киіп, не ішетіні маңызды болған жоқ. Онымен бірге сезінетін сезімдерге ғашық болдыңыз. Бірақ, бәріне қол жеткізгеннен кейін оны өзгертуге тырысамыз. «Киме» деген тыйымның орнына бірге дүкен аралап жүріп, таңдауға көмекте сіңіз. Бірден өзгертуге тырыспай, сөйлесе отырып, оның неге ұнамайтынын, не қарсылық білдіретініңізді ашық айтыңыз.

7. Менің анам басқаша істейтін… Әсіресе ер адамдар өз жарын анасымен жиі салыстырады. Отбасын құрғанда сүйіктіңіздің бөлек отбасынан, бөлек тәрбиемен келгенін ұмытпаңыз. Жарыңыз ешқашан анаңыздай бола алмайды. Өйткені, сіз өзіңізге ана емес, қасыңызға демеу болатын жан жарын іздедіңіз. Оны сол күйінде қабылдаңыз. Қаласаңыз, анаңыздың рецептісімен тағамды өзіңіз дайындап көрсетсеңіз болады. Отбасы – балаларды тәрбиелеудің негізгі тәрбие мектебі. Халқымыздың «Отан – отбасынан басталады» деуі тегіннен-тегін емес.

Халық даналығының қайнар көзі, сарқылмас бұлағы да «отбасы» деген қасиетті ұғымнан басталып, ғасырлар қойнауына еніп, ұрпақтан ұрпаққа жетіп отыр. Ата-бабаларымыздың «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген мақалының үлкен мәні бар. Баланың идеалы – ата-ана. Жарық дүниеге келіп, көзін ашқаннан көрген, аялы алақанына салып, ақ сүтін берген ана мен қамқорлық жасаған әке – баланың басты үлгісі. Өзінің өмірлік тұлғасының моделін де сол шаңырақтың тірегі мен отбасының ұйытқысына қарап қалыптастырады. Ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Әке отбасын материалдық жағынан қамтамасыз етсе, ал шеше үйдегі тірлікпен айналысып, балаларына ие болып, тәрбие жұмысымен айналысқан. Сондықтан күнделікті тіршіліктегі әрбір іс-әрекеті бала тәрбиесіне бағытталып отырған.

Баланы 5 жасына дейін хан көтеріп, 5 жасынан 15 жасына дейін өмірлік тәжірибеге машықтандырып, жұмсап, есейген сәтте өзінің досындай сырласуды тәрбие күнделігіне енгізген бабалар дәстүрі қайран қалдырмай қоймайды. Ойын баласына, шаруа баласына, ақыл-ой иесі ретіндегі ересек адамға деген қарым-қатынас негізі осы баспалдақтар арқылы қаланып тұр емес пе?! Бала тәрбиесі күн тәртібіндегі басты мәселе болудан қазір де еш толастаған емес. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас шыбықтың бойына тәрбиенің дәнін егу, оның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру – әрдайым өзекті мәселе.

Қазіргі таңда ата-ана мен бала арасындағы нәзік байланыс, шынайы қарым-қатынас шиеленісіп, өз шешімін таппайтын кездер жиі ұшыраса бастады. Атаанамен тіл табыса алмаған бала сырттағы достарымен, мектептегі ұстазымен де келісе алмай, қазіргі ортада, болашақта қоғамда да өз орнын таппай, жетімнің күйін кешетіні бар. Тіпті кейде олар деструктивті дін саласы азаматтарының арбауына түсіп, қисық жолға түсіп кетуі әбден мүмкін. Сондықтан баламен берік қарым-қатынас орнату – оның әрбір іс-әрекетінен хабардар болып отыру ата-ананың басты міндеті. Бала тәрбиелеуде отбасында болып жатқан жағдаяттың, жаңалықтың, күнделікті өмір барысының маңызы ерекше. Оның негізгі бастауы – ұлтын, ана тілін, ата-бабамыздың салтдәстүрін қадірлеу. Отбасында өзге тілде шүлдірлеген ата-ананың баласы да өзінің ана тіліне немқұрайлы қарап өсетінін байқап жүрміз. Тіл білмеген бала туған елінің тарихын, өнерін білмейді. Ал тарихын, ұлтының мәдениеті мен салт-дәстүрін білмеген жан тамырын кескен ағаш секілді.

Түп-тамырын танымай, жел қайда шайқаса солай тербеліп, өзінің негізін ажырата алмай, дүбәра күйге енеді. Сондықтан бала тәрбиелеп отырған ата-ана отбасы, ошақ қасында тек ана тілінде сөйлеп, баламен туған тілінде ғана қарым-қатынас жасауы тиіс деген ойды баса айтқымыз келеді. Ана сүтімен дарыған, әке тілімен санасына тоқылған әрбір сөз бала тәрбиесіне әсер етер мөлдір бұлақтың тамшысы секілді. Ол жас жеткіншектің өне бойына, алпыс екі тамырына таралып, туған тіліне деген махаббатын маздатып, сөз қадірін білуге, орынды жерде сөзге тоқтауға, ұстамды болуға, сөз тереңіне үңіліп, ата-бабалар өсиетін, ұлағатын таныпбілуге жетелейді. Отбасында тілге деген ала-құла қатынас болмаса, соңғы жаңалықтардан көріп, естіп жатқанымыздай, өз жерімізде өзге тілде мектеп, сынып ашуды талап ететін, жеңіл ойлап, өз түбіне үңілмейтін ата-аналар тобы болмас еді. Әр отбасының өзіндік ерекшелігі, өз заңы, тәртібі бар. Сол заңдылықтар ұлттық құндылықтарға сай құрылса құба-құп. Жалпы, отбасы институты – үнемі зерттеуді қажет ететін, бір жаңалығы екіншісімен тығыз байланысты өрбитін сала.

«Ата – бәйтерек, бала – жапырақ» деген ұғымның мәніне үңілер болсақ, атаның, әкенің отбасындағы рөлі өз-өзінен айқындалып шыға келеді. «Бәйтерек» сөзі «зәулім ағаш» деген мағынаны білдіреді. Оның атаға, яғни ер кісіге қатысты теңеу ретінде айтылуы әкенің отбасындағы рөлін айқындап, ер азаматтың «үлкен адам», басты тірек екендігін дәлелдей түседі. Ал әке бауырында жайқалып өскен жапырақтың болашақта үлкен діңгекке, діңі берік ағашқа айналуы атасынан алған тәрбиеге, сусындаған нәріне байланысты.

Ертеде бала дүниеге келген сәттен бастап, оған бесік жырын айтып, тілі былдырлағаннан санамақ, жаңылтпаш айтуға дағдыландыру отбасында тәрбиелік дәстүр болатын. Өсе келе ой-өрісін кеңейтетін жұмбақ шешуге үйрету, мақал-мәтел айтқыза отырып, халық даналығына терең бойлату, тарихи жерлерді отбасы болып аралау, табиғатпен сырласу, табиғатты танып-білу үрдістерін бала бойына там-тұмдап сіңіртіп өсіретін. Ол кезде қазіргідей логопед іздеп жүгіріп жүрген ата-аналар легі көп болмайтын. Санамақ, жаңылтпаш бала тілінің дұрыс шығуына, оның дыбыстарды, сөздерді дұрыс айтуына ықпал ететін-ді. Ал жұмбақ баланы ойландырады, ол жұмбақтың шешімін табуы үшін ойымен әлемді шарлайды. Жұмбақта айтылған әр сөздің мәніне зер салып, қай заттың, тіршілік құбылысының сипаты екендігін табуға әрекет жасайды. Бұл айтылғандар – баланың сәби кезінен орын алуы қажет отбасылық үрдістер болатын. Қазір осы істерден арылып қалғанымыз өкінішті. Туған жерді, туған атамекенін танып білу де отбасынан басталады. Үйдің айналасындағы өсімдік атаулы мен қорадағы төрт түліктің қасиетін отбасындағы үлкендер арқылы білген бала құстарға, жәндіктерге қиянат жасамайтыны хақ.

Дүниеден өткен бабалар басына тағзым етіп, Құран бағыштау да бала тәрбиесіне ерекше әсерін тигізеді. Сол арқылы бала «Өлі риза болмай, тірі байымайды», «Бабалар рухына тағзым» ұғымдарының мәнін терең түсініп өсіп-жетіледі. Сонымен қатар, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іліп», ата дәстүрін баладан-балаға жалғастырып, ұлттық тәрбиеміздің алтын жібі үзілмей, арнайы атойлауды қажет етпей, өзінен-өзі жалғасын таба берері сөзсіз. Тек сол жіпті үзіп алмаудың әрекетін тоқтатпаған жөн. Қоғамда болып жатқан негізгі жағдайларды есі кіріп қалған баламен бірге талқылап, оның ойын білу де тәрбиенің негізгі бағытына жатады. Тіпті, үйге алынатын жаңа зат, бұйым туралы да баланың ойын тыңдап, оның отбасында өзіндік орны бар екендігін сезіндірген абзал. Ата-ана алдында дұрыс сөйлеп үйренген бала көпшілік алдында өзін еркін ұстап, қысылмай және жөнімен сөз сөйлеуге дағдыланады. Пікірін ашық айтып, жеке тұлғалық болмысы қалыптасады. Бала тәрбиесінде үштік одақтың маңызы жөнінде айтпауға болмайды. Ол – «ата-ана – бала – ұстаз» үштігінен құралған бірлік.

Отбасылық тәрбиелік дәстүрде ұстазды сыйлау, құрметтеу мәселесі де алдыңғы қатарда тұруы керек. «Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла» деген өсиетті ұстанған отбасындағы баланың бойында ұстазға деген ерекше сыйластық қарым-қатынас орнайды. Сонымен бірге, баланың күнделікті өмірде, яғни аулада, мектепте кіммен араласып, қандай баламен дос, сырлас болып жүргенін біліп отыру – атаананың міндеті. Адамға әсер ететін фактордың бірі оның қоршаған ортасы екенін ескерер болсақ, баланың кіммен араласатынын білудің маңыздылығы да арта түседі. Үнемі ақыл-кеңесін айтып, жақсы ортаға бейімдеп отыру – бала тәрбиесіне бей-жай қарамайтын ата-ана бойынан табылар қасиет.

«Жақсымен сыйлас болсаң – жетерсің мұратқа, жаманмен сыйлас болсаң – қаларсың ұятқа» деген мақалдың мәні де осында жатса керек. Ғасырлар қойнауынан екшеліп, таразыланып, бүгінгі заманымызға дейін жеткен халықтық тәрбиелік дәстүрлер алдымен отбасынан басталып, тұрмыс салтымызға дендеп ену арқылы көпшілік сипатқа ие болады. Әркім оның кем-кетігін сынап, жөндеп, сарапқа салып барып, өмірлік ұстанымына айналдырады. Сондықтан ұрпақтан-ұрпаққа жеткен, ешбір дәлелдеуді қажет етпейтін, өмірімізге тек оң ықпалын тигізетін мұндай отбасылық тәрбиелік дәстүрлерді қайта жаңғырту – жас ұрпақтың парызы. Асыл дінімізге сай, ұлттық негізде тәрбие беру, тілімізді өркендету, дәстүрімізді тану жолында бала тәрбие сіне көңіл бөлуден еш шаршамайық. Отбасының қамалы берік болса, Отанымыздың іргесін де ешкім сөге алмайды. Өмірге әркез дұрыс көзбен қарай білейік.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ

облыстық әкелер кеңесінің мүшесі

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар