Жамбыл мәдени-ағарту училищесінен «Кітапхана» бөлімін бітіріп, 1978 жылдан 2021 жылдың наурыз айына дейін Мойынқұм аудандық орталық кітапханасында еңбек еткен Гүлсім Нарбаева кітапхана жұмысының барлық кезеңінен өткен. Атап айтсақ, оқу залы, үйге кітап беру, яғни абономент бөлімдерінің кітапханашысы, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі, кітап қорын толықтыру, кітапхананы дамыту бөлімінің аға редакторы, аға әдіскері, «Оқу залы» бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Аудан кітапханашыларының жұмысына көмек ретінде көптеген библиографиялық құралдар шығарды. Тек кітапханада емес, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, аудан халқына мәдени қызмет көрсетті. 1984 жылдан бастап, аудан көлемінде өткен мерекелік, мәдени шерулердің, поэзия, көркемсөз, мүшәйра және тағы басқа шығармашылық кештердің, байқаулардың, облыста өткізілетін аудандық мерекелердің сценарийлерін жазып, жүргізді.
Аудандық мәдениет бөлімі жанындағы әйелдер кеңесін, кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін қоса атқарды. 1998 жылы Абай, Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің алғашқы аудандық байқауларын ұйымдастырып, жүргізді. Оқушыларға арналған «Жас Қайрат» әдеби бірлестігінің, аудандық кітапхана жанынан 2001 жылы құрылған «Ақ босаға» атты қыз-келіншектер, «Алтын босаға» атты отбасылық шығармашылық клубтарының жетекшісі болды. Осы жылдар ішінде облыс әкімінің Алғыс хатын, Amanat партиясы аудандық филиалының, аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың, аудандық мәдениет басқармасының, аудандық кітапхананың Құрмет грамоталарын иеленді. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медальдарымен, «Кітапхана ісінің ардагері», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының құрметті кітапханашысы», «Ауданға сіңірген еңбегі үшін», «Мойынқұм ауданына 60 жыл» төсбелгілерін тағып, халықтың құрметіне бөленді.
– Кітапхана – қазыналы орда. Сол орданың шырағын сөндірмей, кітап қорын жүйелеп, оқырманға бағытбағдар беретін кітапханашы. Олар тек кітап ұсынумен шектелмейді. Қазіргі заман кітапханашысы – ақпараттық технологияларды меңгерген, цифрлық ресурстармен жұмыс істейтін, мәдени іс-шаралар ұйымдастыратын жан-жақты маман. Мен 1978 жылы училищені бітіріп, Мойынқұм аудандық орталық кітапханасының оқу залы бөліміне кітапханашы болып келгенімде, Меркі ауданынан кейін екінші болып, Мойынқұмда аудандық орталықтандырылған кітапханасы жүйесіне көшкен екен. 1976 жылы арнайы жолдамамен облыстан Бибі Айтжанова есімді маман келіп, жаңа жүйе бойынша көмек берген. Әрі арнайы кітапхана мамандығын алғандар саусақпен санарлық кез ғой. 1977 жылы Ғалия Имашевадай білімді, елгезек кітапханашыға сенім артып, директорлық қызметін өткізіп кетіпті. Орталықтандырудың да өз жаңалығы, өз ережесі бар. Жаңадан барлық елді мекендерде, тіпті бөлімшелерде кітапханалар ашылып жатты. Аудандық кітапхананың бөлімдерін, яғни абонемент, оқу залын, аудандық балалар кітапханасын қоспағанда, ауыл, поселка, темір жол бекеттері, бір қала типті кітапхана, бәрі 36 кітапханаға жетті. Соның бәрі, бұрынғыдай емес, тек аудандық кітапханаға есеп береді. Жаңа кітаптарды да аудандық кітапхана облыстан әкеліп, дайындайтын. Сол жылдары керемет көріністерге куә болдық. Яғни, ауданда жаңа бес қабатты, төрт қабатты ғимараттар пайдалануға беріліп жатты. Сол бесінші қабатында аудандық кітапхана орналасқан. Биіктік те адамды қанаттандырады. «ЯК-40» әуе лайнері көгімізде ұшып, қонып жатты. Ол әрине, бөлек тақырып. Айтпағым, қаншама нәзік жандылармен бірге қызмет атқардым, «Кітап» атты алтын қазынаны насихаттаудағы ізгі жандар жайлы естелік көп. Үмила Қапалбаева, Күлшат Нақыпбекқызы, Жайлаукүл Дүйсебаева, Асылкүл Оразымбаева, Дәметкен Қалиева, Пернекүл Мәуленқұлова, Базаркүл Шайырова, Гүлжаһан Әліқұлова, Гүлжаһан Исаева, Сейсекүл Көпбергенова, Әсем Есенбаева, Алмагүл Іптілдаева, Гүлсім Сейтжанова, Дәмеш Солтанқұлова, Анна Тәйтімова, Сәлима Исаева, кезінде оқу залының меңгерушісі болып, кейін аудандық кітапхананың, аудандық мәдениет үйінің директоры қызметін атқарған, ізденімпаз, еңбекқор Нұруман Ахметова және тағы басқа кітапханашылар аянбай қызмет атқарды. Бүгінде аудандық кітапхананы өзінің іскерлігімен, білімдарлығымен Ғалия Шубаева басқарып келеді. Әр заманның өз жаңалығы бар, қазір кітапхана жаңа технологиямен жабдықталған, – деп өзінің еңбек жолында көріп, көкейге түйгенін әңгімелеген Гүлсім Нарбаева кітапханадағы жаңалықтарды баспасөз беттеріне жазып, жариялап тұрған қаламгерлігін де байқатты.
Аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің штаттан тыс тілшісі болған оның өлеңдері мен әңгімелері, мақалалары баспасөз беттерінде әлі де жарияланып жүр. «Әулиеата шайырлары» атты өлеңдер жинағының І томына, «Түркі әлемі жазушыларының» IV томына, Сүндетулла Әбіловтың «Мойынқұмның ыстығы мен суығы» атты кітабына бірнеше өлеңдері енгізілген.
Бізбен бөліскен естелік әңгімесін «2019 жылы зейнетке шыққаныммен 2021 жылдың наурызына дейін жұмыс істедім. 43 жыл аудандық кітапханада еңбек етіп, қиындықты да, қуанышты да кезіктірдік, мейірімді жандардан да көп жақсылық көрдім. Кітапхана ісі ширатты, шынықтырды, өмірді шын ұқтырды» деп аяқтады.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Мойынқұм ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




