«Неліктен Қыз әулие аталды?» деген сауалға жауап іздесек, ел аузында айтылып, аңызға айналған оқиғаны естиміз. Яғни ертеде бір үйдің жеті ұлы елін жаудан қорғаудағы ерліктерімен батыр атанып, туған жұртының бақыты үшін барын салған екен. Жаугершілік заманда жоңғарлармен болған шайқастың бірінде әлгі жеті батыр түгел қаза тауыпты. Жеті батырдың ақылына көркі сай жалғыз қарындасы көріпкелдік қасиетімен ағаларының қазасынан кейін өзіне қауіп төнген сезеді. Арыстай жеті бірдей ағасынан айырылғаны аздай, өзін жаудың олжаламақ пейілі жанына батқан ару Жаратқаннан тас мүсінге айналдырып, өз елінде қалдыруын тілепті. Бұл да перзенттің туған жерге деген адал махаббатын білдірсе керек. Жаны жаралы қыздың тілегі қабыл болып, кейіннен бұл жер «Қыз әулие» аталып кеткен көрінеді.
– Бұл, әрине ел аузындағы аңыз. Алайда аңыз астарында ақиқат бар. Тарих қашанда өзінің тылсым әлеміне тарта түседі. Көне кесене маңында осы уақытқа дейін ешқандай ғылыми зерттеулер жүргізілмепті. Тек жергілікті өлкетанушылар мен ауыл тұрғындары шама-шарқынша зерттеген. Қыз әулие кесенесі жеті бұрышты, қабырғасы ақ кірпіштен қаланған. Биіктігі екі жарым метр болады. Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Құмтиын ауылының тұрғыны Бақыт Сырлыбаевтың айтуынша, ертеректе ауылдың тұрғыны болған бір әйелдің түсіне аян беріп, содан осы «Қыз әулие» кесенесін салдырған екен. Кесененің жеті бұрышты болу себебі қапыда жау қолынан мерт болған жеті ағайынды жігітке арналғандығымен түсіндіріледі. Сол жеті жігіттің жеті бұрышқа шырақ жағуы үшін жасалыпты, – дейді Жамбыл аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Асқар Сырлыбаев.
Бәлкім, алдағы уақытта бұл кесене терең зерттелсе, біраз тарихи деректер шығуы да мүмкін, астарынан көнеден сыр тарқатар мәліметтер табылары анық.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




