Қылмыс хроникасы

Қылмыс хроникасы
ашық дереккөз
Қылмыс хроникасы

Мас күйінде көлікбасқаратындар көбейген

Жамбылдық полицейлердің тарапынан жүргізілген профилактикалық іс-шараларға, сондай-ақ, көлік құралдарын басқару құқығынан айыру мерзімдерінің едәуір ұзаруына қарамастан, мас күйінде көлік тізгіндейтіндердің қатары азаймай тұр. Ал, мұның салдары түрлі деңгейдегі жол-көлік оқиғаларының орын алуына әкеп соғуда. Мәселен, осы жылдың алғашқы тоқсанында мас күйінде көлік басқарғаны үшін бас-аяғы 179 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек, есепті кезеңде ащы су ішіп, көлік жүргізгені үшін басқару құқығынан айырылған 13 азаматтың қайтадан темір тұлпарды тізгіндегені белгілі болды. Нақтылай түссек, тәртіп сақшылары дер кезінде Луговой ауылының маңында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың тағы бір дерегін анықтаған. Полиция қызметкерлері Құрымбаев көшесінің бойында «Volkswagen Vento» маркалы автокөлігін тоқтатады. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, 43 жастағы жүргізушінің «орташа» дәрежелі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Сондай-ақ, жүргізушінің нақ осы сипаттағы құқықбұзушылық жасағаны үшін көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырылғаны белгілі болды. Бүгінгі таңда бұл дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Автокөлік арнайы көлік тұрағына қойылды.

25 жастағы ер адам қамаққа алынды

Жамбыл облысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар жүйелі жүргізілуде. Жуырда ғана өңір полицейлері кезекті есірткі трафигі арнасының жолын кесті. Шу ауданының орталығы Төле би ауылында ұйымдастырылған жедел-іздестіру іс-шараларына полицейлермен қатар ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері жұмылдырылған. Бірлесе өткізілген іс-шара нәтижесінде аса ірі мөлшерде сақтады деген күдікпен 25 жастағы ер адам құрықталды. Күдіктіден ішінде «гашиш» есірткі құралы бар полиэтилен қапшығы тәркіленді. Жергілікті тұрғын тыйым салынған заттарды Алматы қаласында сату үшін сақтаған. – Алынған заттың жалпы салмағы – 14 килограмм 20 грамм. Бұл шамамен 5600 дозаны құрайды. Олардың қара нарықтағы жалпы құны 5 миллион теңгеден асады. Ұсталған адам кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – дейді өңірлік полиция департаментіне бағынысты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.

Киім ұрлаймын деп құрыққа түсті

Қауіпсіздік мәселесін қалт жібермей қадағалап, кірпік қақпай қызмет ететін тәртіп сақшылары ұрлық секілді азғындықпен айналысатындардың жолына тосқауыл болуда. Тараздық қырағы полицейлер облыс орталығындағы сауда нүктелерінен бірнеше рет киім-кешекті қолды еткен азаматшаны қолға түсірді. – Полиция қызметкерлері Тараз қаласында орналасқан әйелдер киім дүкенінен бірнеше рет киім-кешек ұрлаған Жуалы ауданының тұрғынын ұстады. Ол алдымен киімдерді ілгіштен шешіп алып, бейнекамераға түспейтін жерге қойған сөмкесіне ұрланған заттарды алып шыққан. Кейінірек Шымкент қаласындағы базарлардың біріне апарып сатқаны анықталды. Дүкен иесіне жалпы сомасы 2 005 500 теңге көлемінде шығын келтірілген. Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалып, азаматша уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды, – делінген өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Желге ұшқан жарты миллион теңге

Полицейлердің қаржы мәселесінде сергек болуға шақырған ескертулеріне қарамастан, әбжіл әдісті алаяқтардың тұзағына түсіп жататындар аз емес. Мәселен, 23 жастағы қордайлық тұрғын мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алуға көмектесемін деп сан соқтырған танысына 500 мың теңге берген. Ол бұл туралы полиция бөліміне шағымында толыққанды баяндаған. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары 26 жастағы күдіктіні анықтап, ұстайды. Ең қызығы, тергеу шараларын жүргізу барысында қолға түскен күдіктінің 2021 жылы тағы бір азаматшаға тұрғын үй сатып алуға көмектесуге уәде беріп, оның 550 мың теңгесін алдап алғаны белгілі болды. Қазіргі таңда бірнеше рет алаяқтық қадамға барған ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Айта кетейік, заң бойынша ел азаматтарының тұрғын үйге мемлекеттік бағдарламалар негізінде әрі өздерінің шама-шарқы жететін қаражаттың көлеміне байланысты қол жеткізуіне мүмкіндігі бар. Бастысы, жылжымайтын мүлік пен қандай да бір құжаттарға делдал болуға уәде беретіндерге сенудің қажеті жоқ.

Іздеуде жүрген қылмыскерлер құрықталды

Т.Рысқұлов ауданының аумағында жедел іздестіру іс-шараларын жүргізген өңірлік полиция департаментіне бағынысты криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мемлекетаралық іздеуде жүрген шетелдік қылмыскерлерді ұстады. Еліміздің негізгі әріптестерінің бірі Өзбекстан Республикасының қос азаматы өз елдерінде аса ірі мөлшерде табиғи газды ұрлады деген күдікке ілінген. Оларға Самарқанд облысында жалпы құны 288 миллиард сомаға тиесілі (10 миллиард теңге) ұрлық жасады деген айып тағылған. Қазір көрші елдің азаматтары уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Жақын күндері іздеу салуға бастамашы болған елдің құқық қорғау органдарына тапсырылады.  

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар