- Advertisement -

Жас ақындардың жалыны

56

- Advertisement -

Әулиеатада биыл екінші рет жас ақындар арасында «Жыр жауһары» атты поэтикалық дуэль өтті. Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы өңірдің 85 жылдығына орай ұйымдастырған дәстүрлі іс-шарада қаламды жанына серік еткен 16 жастың ақындық қарымы сын тезіне түсті.

Қазақ қашанда сүйегіне сөз қонып, алты Алашты аузына қаратқан ақындарын төрге оздырып, құрметтің ең биігін ақынға көрсеткен халық. Әсілінде, бұл өткен поэтикалық дуэльді өңірдегі жас ақындардың басын қосқан, оларға айрықша құрмет көрсетілген іс-шара деп бағалауға әбден болады. Себебі, іс- шараның ұйымдастыру деңгейі жылдағыдан ерек. Жас шайырлар үшін шаһардағы ең сәнді «AIU» мейрамханасы таңдалыпты. Ақындардың әрқайсына айрықша назар аударылып, эстетикалық талғаммен әрленген үстелдерге жайғастырылды. Мейрамхана іші ерекше талғаммен безендіріліп, қалам иелеріне ерекше поэтикалық көңіл-күй сыйлады.

Аты айтып тұрғандай, поэтикалық дуэль – бұл жазба ақындардың тартысы. Сайыс барысында ақындарға жеребе тартылып, жұптары белгілі болды. Үш кезеңнен тұратын дуэльге әу баста 25 ақын өтінім берген екен. Бірінші кезеңде қазылар алқасы 25 үміткерден 16-сын іріктеп алды. Ал, екінші кезеңде 16 ақын 8 жұпқа бөлініп, Отан және еркін тақырыптағы туындыларын оқыды. Жазба ақындардың жыр барымтасына Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Үміт Битенова, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы Ардақ Үсейінова, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, ақын Табиғат Абаилдаев, қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің бас редакторы Саятхан Сатылғанов, облыстық «Aq jol» газетінің аға тілшісі, ақын Нұржан Қадірәлі төрелік етті. Айта кету керек, биылғы жыр сайысы Жамбыл облысының 85 жылдығына арналды.

– Өңірдің мерейтойына арналған іс-шаралар легінде бүгінгі поэтикалық дуэльдің орны ерекше. Сайыс биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Біршама тәжірибеміз де бар. Облыстағы жас ақындардың талабы мен талантын шыңдауға, жазып жүрген жас таланттарды тануға бағытталған бұл сайыста бұл жолы да жаңа есімдер белгілі болып жатыр. Мұндай сайыстар ақындардың қарымын көрсетіп қана қоймай, қарсыластарына қарап бой түзеулеріне, шайырлық шеберліктерін шыңдауға жол ашады. Биыл ақындарға поэтикалық көңіл-күй сыйлау үшін ерекше әдемі орынды таңдап отырмыз. Ақындарды жыр сайысында жарыстырып қарап отырмай, оларға бас қосатын алаң жасап отырғанымызды атап айтқым келеді. Мұндай іс-шараларды шама шарқымыз жеткенше жыл сайын ұйымдастырып отыруға күш саламыз, – деді облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар.

Екінші кезеңнен соң қазылар алқасы сайысқа түскен 16 ақыннан сегізін іріктеп алды. Іріктеуден өлеңнің техникасын шебер меңгерген, құр эмоциямен, құрғақ ұранмен емес, риясыз сезіммен, нәзік иірімдермен көзге түскен ақындар өтті. Сегіз ақын төрт жұпқа бөлініп, Жамбыл облысының 85 жылдығына арналған және еркін тақырыптағы өлеңдерін оқып берді. Екі кезеңнің нәтижесі бойынша дуэльге қатысқан 12 ақынға ынталандыру мақсатында 20 000 теңгенің сертификаты табысталды. Үшінші орын және 200 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық қалалық «Жамбыл- Тараз» газетінің тілшісі Жұматай Көксубай мен жас ақын Ғайникен Маралтайқызына бұйырды. Екінші орынның 300 000 теңге көлеміндегі жүлдесін «Авангард» поэтикалық жобасының авторы Арайлы Жақсылық қанжығасына байлады. Өңірге және республикаға есімі белгілі ақын және журналист Данияр Әлімқұл биылғы «Жыр жауһары» поэтикалық дуэлінің жеңімпазы атанды. Ол 500 000 теңгенің сертификатын иеленді. Дәстүрлі іс-шарада бас қосқан ақындар дуэльді ұйымдастырушыларға ризашылықтарын айтып, келер жылы да жалғасын табатынына сенім білдірді.

 

Балауса САХИ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support