Аңқасы кепкен арық, көл болған көше, тоғанға айналған тротуар

Аңқасы кепкен арық, көл болған көше, тоғанға айналған тротуар
ашық дереккөз
Аңқасы кепкен арық, көл болған көше, тоғанға айналған тротуар...

Тараз қаласындағы арықтардың жалпы ұзындығы көне шаһардан Алматыға дейінгі арақашықтықты алып жатыр. Қаланың тарихи шежіресінен бері «мәңгі жасыл шаһар» атануына тікелей септігін тигізіп, тіршілік нәрін әрбір тал-дарақтың тамырына жеткізетін осы арықтарда бұл күнде мәселе көп. Талайының тозығы жеткен, енді бірі қоқыстан көз ашпай, салдарынан жауынды күндері көше түгіл, үлкен даңғылдарымыздың өзі көлге айналатыны жасырын емес. Оған қоса, тұрғындар күні кеше іске қосылған субұрқақтардың да аптап ыстыққа жетпей аңқасы кеуіп қалмасына күмәнмен қарайды.

 width=

Жыл санап облыс орталығының аумағы кеңейіп, жаңа шағынаудандармен толығып жатқаны көңіл қуантады. Алайда, аумағымен қоса инфрақұрылым мәселесінің де артатыны анық. Себебі, қаладағы ықшамаудандар мен шағынаудандарда әлі де ықылым заманнан бері шешілмей келе жатқан мәселе шаш- етектен. Біз соның ішінде қала табиғатының тамырына айналған арықтардың жай-күйін бағдарлап, тұрғындардың пікіріне құлақ түрдік. – Соңғы жылдары қаланың көркейіп, саябақтарға сән кіріп келе жатқаны қуанышты, әрине. Бірақ шағынаудандардағы мәселелер үнемі тасада қала беретіні өкінішті. Ең алдымен, кеңестік кезеңнен бері келе жатқан тұрғын үйлердің аулалары өте тар, соған қарамастан кейбір үйлердің аулаларына көлік өте алмау үшін қолдан бөгеттер жасалған. Бұл қаншалықты заңды? Заңсыз болса не себепті осы мәселе мамандар тарапынан зерделеніп, шешілмейді? Күн сайын таңертең және кешке есік алдында кептелістен көз ашпаймыз, бұл ойын баласына да өте қауіпті. Ал, жедел жәрдем шақырсақ, қалада тұрып жатсақ та кешігеді, себебі, үй аулаларында бір ғана көлік өте алатын қырық жылғы, ешқашан жөндеу көрмеген, ой-шұқыры қазандай жол бар және оның өзінен кешқұрым өту мүмкін емес. Екіншіден, мұндағы арықтардың жағдайы өте нашар. Қаншама жылдан бері ықшамаудан арықтарынан мөлдіреп су ағып жатқанын көрген жоқпыз. Бұрын сарқырап ағып жататын су қайда кетті? Қала болғандықтан егістік алқаптарына бұрып алып кетті деп те айта алмайсың. Есесіне, арықтар қоқыс алаңына айналады да жатады. Қаладағы көзге көрінетін жерлердегі емес, ел- жұрт күнделікті өмір сүріп жатқан ықшамаудан арықтары жылына санаулы ғана арнайы сенбіліктер болмаса, күнделікті, аптасына, тіпті айына бір рет те тазаланбайды. Мейлі, су ақпаса да жауын кездері кәдеге жарайды дейін десең, жаңбырлы күні талдың бұтақтарынан бастап, ит пен құстың өлексесіне дейін шашылып жататын арықтарда су жүрмейді. Салдарынан үйіміздің алдындағы тереңдігі тобықтан бастап, тізеге дейін жететін шұңқырларға толып, ол су жазға дейін кеппей көгеріп жатады. Күн ысығанда көгерген судың иісінен тыныс ала алмайсың. Биыл «Талас» ықшамауданында ескі лотоктарды жаңарту жұмыстары жүргізілді. Осы секілді басқа ықшамаудандарда да жөнделіп жатқанын байқадым. Жұмысты жоққа шығарудан аулақпын, бірақ кейбір жерлері, әсіресе шағын өткелдер мен бұрылыстары су өтпек түгілі, адамның санасына сыймайтындай етіп жасалған. Ол жерлермен су жүргізсең жаңа лотоктың жан-жағы ойылып, су далаға кететіні анық. Кейбір жерлерде бұрыннан жарап тұрған тәп-тәуір арықты бұзып, жаңасын қалай болса солай орнатып кеткендей. Бір сөзбен айтқанда, асығыс жасалғаны көзге ұрып тұр. Бастан-аяқ бағдарлап қарасаң, бір ғана ықшамаудандағы жаңа арықтардың өзінен көп шикіліктердің бар екенін қарапайым тұрғын ретінде күнделікті көзбен көріп жүрміз. Ал, осы істің жүйесін білетін мамандар неге көрмейді ондай кемшіліктерді? Ықшамаудан тұрмақ, қаланың орталығындағы арықтардың да жағдайы оңып тұрғаны шамалы. Жауынды күндері Төле би, Жамбыл даңғылдарының бойы да көлге айналып жатады. Қаланың орталығындағы арықтарға су бармайтындықтан ондағы жасыл желектің өзі арнайы техникалармен суарылады. Орталықтағы арықтардың жағдайы сондай болғанда, ықшамаудандағы арықтардың мәселесі бүгін-ертең шешіледі дегенге сену қиын, – дейді тұрғын Гүлнұр Жанбаева. Шаһарда тұрып шалшық кешуге еті үйренген кейбір тұрғындар автобус аялдамаларындағы арықтардың жиі асып-тасып жататынына да наразы. Жол бойындағы арық жүйелерінің дұрыс орналаспауынан жауын жауса көше тұрмақ, тротуарлар да тоғанға айналғанын талай мәрте көзбен көріп, толарсақтан саз кешуге мәжбүр болған. Қаланың жасыл желегіне нәр береді деген арықтардың ел ішіндегі көрінісі мен көпшіліктің пікірі осындай. Ал, шаһар шырайына сән береді деген субұрқақтардың да бірнешеуі істен шыққан. – Еліміздегі ең ұзын субұрқақ бізде ашылды деп қайбір жылдары жар салғанымыз көпшіліктің есінде. Әйтеуір субұрқақ салудан алдымызға жан салмай келе жатырмыз. Ол да қаланың ажарын арттыруға сеп болатын шығар. Бірақ, сол субұрқақтардың жұмысы жүйелі деп айта алмаймын. Кеңестік кезеңде жасалған субұрқақтар ұзақ жылдарға жарайтын еді. Кейінгі жылдары салынған субұрқақтар ондай төзімді емес секілді. Былтыр ала жаздай қаладағы субұрқақтардың басым көпшілігі өшіп тұрды. Егер халыққа қажет кезде қоспайтын болса, онда несіне оған қаражат бөлініп, тер төкті? Мейлі, былтыр аймақта қуаңшылық орын алып, егіс алқаптарында су тапшылығы сезілді. Бірақ оның субұрқаққа еш қатысы жоқ қой. Оған қоса саябақтардағы кейбір субұрқақтардың темірі тот басып, сулары ластанып кетсе де оған мән берген ешкім жоқ. Сол субұрқақтар уақтылы тазаланбайтын ішіндегі қоқыстан-ақ істен шығып жатқаны анық. Әлде бізде субұрқақтардың «тілін» білетін білікті маман жоқ па? Біздегі субұрқақтардың техникалық қауіпсіздігі, санитарлық талаптары мүлдем сақталмайтынын көзбен көргендіктен де немерелеріме үнемі ескертіп отырамын. Әуенді субұрқақтың ашылғаны да әулиеаталықтардың есінде. Егер шіліңгір шілденің кезінде тұрғындарға сая болмай, шаңы шығып жатса, құр әуеннен не пайда? – дейді зейнеткер Омар Тауасаров. Ал, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил шаһарда арықтарды жөндеу бойынша арнайы жоба әзірленгенімен, оны жүзеге асыруға қажетті қаражат толығымен бөлінбегенін айтып отыр. Жалпы, арықтарды жаппай жөндеуді қала бюджеті көтермейтіндіктен, арықтардың арнайы жобасын оңтайландыруға тура келген. – Жалпы, қаланың ішінде 498 шақырым арық жүйелері бар, соның барлығын қамтыған кезде жоба құны 22 миллиард теңгеден асып кетті. Біз толығымен арықтарды лотокқа жаңартатын болсақ, бюджет үшін қаражат өте қымбат болатын болды. Сондықтан біз оны қайта оңтайландырып, 3,2 миллиард теңгеге ықшамдадық. Оның ішінде 165 шақырым арық жүйелері қамтылған. Соның былтыр 33 шақырымында лоток ауыстырылды. Биыл 15 шақырым лоток ауыстырылған. Оған қоса жобада қала бойынша 67 құбыр өткелдері көрсетілген. Былтыр соның 15 құбыр өткелін жөндедік. Қалған құбыр өткелдер алдағы уақытта жөнделеді. Былтыр бұл мақсатқа 1 миллиард теңге бөлінген. Биыл оған қосымша 400 миллион теңге қарастырылды. 3,2 миллиард жобаға қаражат толық қарастырылған жоқ. Әлі бізде сол жобаны толық аяқтау үшін қосымша 1,8 миллиард теңге бөлінуі керек. Жоба бойынша арықтарды 3 жылда жөндейміз деп жоспарлаған болатынбыз. Былтыр қаладағы 6 шағынауданда лоток жүйелері ауыстырылды. Енді 3 шағынаудан мен орталық көшелерде орналасқан лотоктарды ауыстыру жоспарда. Қазіргі кезде мемлекеттік сатып алу конкурсы толығымен өтті. Мердігері ретінде «Сұңқар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталды. Былтыр осы бағытта «Жасыл ел – Тараз» мекемесімен 6 мердігер жұмыс жасады. Биылғы бөлінген қаражатқа бір ғана мердігер іске кірісетін болады. Қазір мердігермен келісімшартқа тұру шаралары жүріп жатыр. Мамыр айында жұмыс басталса, 2-3 айдың ішінде аяқтайды деп отырмыз. Ал, субұрқақтардың мәселесі бойынша, қалада 49 субұрқақ бар. Қазір олардың барлығы іске қосылды. Рас, 5 субұрқағымыз қосылмай тұр, ол жерлер күрделі жөндеулерді қажет етеді. Бірақ олардың күрделі жөндеуі күннің аптап ыстығына дейін іске қосылады. Осы ретте айта кетсем, халыққа қолайлы орта жасау үшін, экологиялық мақсатты жақсарту, қаланың сәулетін жарастыру мақсатындағы субұрқақтардан бөлек енді саябақ, скверлерде 10 ауызсу фонтандары болады. Мұндай фонтандар кеңестік дәуірде болған. Халықтың сұранысы бойынша ауыз су фонтандары іске қосылады, – дейді Қайрат Әбілханұлы. Осылайша канал емес, қарапайым қала арықтарын түбегейлі жөндеу мәселесі миллиардтарға тіреліп тұр екен. «Жыр» болған жылғаларды жаппай арыққа айналдыру үшін қажет болып отырған 22 миллиард аз қаражат емес. Бірақ, небәрі үш жылда 3,2 миллиардқа 165 шақырым арықты жөндеудің өзі сеңнің қозғалуына сеп болары анық. Енді осыншама қаражат жұмсалып жатқандықтан, олардың сапасы да соған сай болуы аса маңызды. Өйткені, арықтың жайы халыққа мәлім. Егер сапасы сын көтермесе, онда аңқасы кепкен арықтан мөлдіреп су емес, миллиардтардың далаға ағып кеткені дерсіз...  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Суреттерді түсірген

Алтынбек ҚАРТАБАЙ.

Ұқсас жаңалықтар