«AQ JOL» – ҒАСЫР ШЕЖІРЕСІ

«AQ JOL» – ҒАСЫР ШЕЖІРЕСІ
ашық дереккөз
«AQ JOL» – ҒАСЫР ШЕЖІРЕСІ
Бүгін, 1 мамыр – облыс баспасөзінің қара шаңырағы, ата газет «AQ JOL»-дың алғаш ақпарат таратқан күні. Сонау 1922 жылы «Кедей еркі» деген атпен жарық көрген басылым атауы заман көшіне қарай бірнеше рет өзгеріп, тәуелсіздік жылдарына дейін «Еңбек Туы» деген атпен хабар таратты. Кейін 1990 жылы «Ақ жол» атын арқалап, адалдықтың ақ туын биік ұстап, күні бүгінге дейін билік пен бұқараның алтын көпірі болып келеді. Бұған көзіқарақты оқырман куә. Газеттің «Ақ жол» атын алуына қатысты, ата басылымда көп жыл редакторлық қызмет еткен Арғынбай Бекбосынның «Ақ жолдағы» ақжолтай жылдарым...» атты санаулы данамен жарық көрген мемуарлық шығармасында кеңірек баяндалады.
«Уақыт алға жылжыған сайын халықтық сипатқа ие бола бастаған газеттің «Еңбек туы» деген аты замана рухына онша сай келмейтіндей боп көріне берді. Әлбетте бұл күллі өмірдің, жасампаздықтың қозғаушы күші – еңбектің мәнін жойғандығынан емес. Еңбексіз тіршілік болған емес, болмайды да. Тек «Еңбек Туы» деген ескірген ұраншыл, адам жанына әсер етпейтіндей құрғақ, тым жадағай секілденеді. Редакция алқасында ақылдаса келіп, «Ақ жол» деген атқа тоқтадық. Мұндағы ойымыз – ендігі жерде еліміз алдынан ақ жол ашылып, болашағы шын мәнінде жарқын болса екен дегендік еді. Көп ұзамай ұсынысымызды ЦК мақұлдап, газетіміз 1990 жылғы сәуірдің басынан «Ақ жол» деген атпен шыға бастады. Осыдан хабардар болған Шәкең, Шерхан ағам: «Қап, «Ақ жол» деген атау «Социалистік Қазақстанға» лайық еді, «Арғынбай алып қойыпты!» деп өкінгені бар еді. Қайтеміз, реті солай болды... Ал, «СҚ» «Егемен Қазастан» деген аты иемеденді», - деп еске алады ардегер журналист, марқұм Арғынбай Бекбосын өз естелігінде.
Міне, мысы мен сұсы басым аймақтық бас газетте әр жылдары: Сыдық Абланов, Ғабды Аманғалиев, Жайық Бектұров, Төленді Оңғарбаев, Ғайса Сармұрзин, Беген Байсақалов, Баттал Жаңабаев, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулет, Ғалым Қасабай, Қуаныш Иембердиев,  Көсемәлі Сәттібайұлы, Қуат Әуесбай, Оралхан Дәуіт сынды қаламы қарымды журналистер редакторлық етті. Қазіргі бас редакторы – Хамит Есаман. Редакция тура осыдан 2 жыл бұрын облыс әкімдігінің қолдауымен ата басылымның 100 жылдығын, яғни «ғасыр тойын» облыс, қала берді республика көлемінде атап өтті. Ауқымы үлкен іс-шара аясында талай талантты танытып, бағын ашқан басылымның тарихи-шығармашылық мұрасы көрініс тапқан «Ғасыр шежіресі» атты үлкен жинақ жарық көрді. Кітаптың кіріспесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзімен басталады.
«Алғаш 1922 жылдан бастап шыға бастаған газет Әулиеата өңірінің жылнамасына, облыс халқының рухани болмысынң шежіресіне айналды. Өзінің байыпты байламдары, салмақты ойлары бар беделді ақпарат құралы ретінде танылды. «Аq jol» – өңірдегі журналистердің түлеп ұшқан ұстаханасы. Ғасырға жуық тарихы бар қара шаңырақта кәсіби тілшілердің шығармашылық мектебі қалыптасты. Бұл ұжымнан талай білікті маман, қарымды қаламгерлер шарболаттай шыңдалып шығып, ақпарат әлеміне қанат қақты, делінген Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының жылы лебізінде.
Сондай-ақ «Ғасыр шажіресі» жинағында «Aq jol» газеті жайлы ұлт асылдары: мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның, филология ғылымдарының докторы Темірбек Қожекеевтың, қазақтың аяулы ақыны Фариза Оңғарсынованың және де Асанбай Асқаров, Өмірбек Байгелді, Мырзатай Жолдасбеков сынды бірқатар қоғам қайраткерлерінің пікірлері қамтылған. Айта кетейік, жуырда облыстық «Aq jol» газетінің сайты жаңа әрі заманауи сандық платформаға ауысып, республикалық деңгейде ақпарат тартуға көшеді. «AULIEATA-MEDIA» цифрлық контент орталығы

Ұқсас жаңалықтар