«QazOnline» қосымшасы барлығына қолжетімді

«QazOnline» қосымшасы барлығына қолжетімді
ашық дереккөз
«QazOnline» қосымшасы барлығына қолжетімді
Тіл қарым-қатынас құралы болғандықтан да қоғамдағы рөлі зор. Ал, ана тілді сақтап-қорғау әр азаматтың міндеті болса, мемлекеттік тілге құрметпен қарау сол елдің әрбір тұрғынының да азаматтық міндеті. Конституциямызда да әркім өз ана тілін білуімен қатар, мемлекеттік тілге құрметпен қарауы заңмен бекітілген. Мемлекет өз азаматтарына қолайлылық туғызу үшін тегін тіл үйрету орталықтарын ашты. Бүгінде облысымызда облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасына қарасты «Тілдерді оқыту орталығы» және оның 8 аудандағы (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов, Шу) филиалында 43 адам жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығында» 16 адам қызмет атқарады. Өзге этностар арасындағы қазақ тілін меңгеру деңгейі бүгінде 77 пайыз. Облыста мемлекеттік тілді оқытудың Жол картасы бекітілген. Соған сәйкес, мемлекеттік тілді үйренушілер санын биыл 4500 адамға жеткізу жоспарланған. Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мөлдір Ахметованың айтуынша, өткен жылы үш тілді үйренуге барлығы 4996 тыңдаушы тегін оқу курстарымен қамтылыпты. – Былтыр қазақ тілін оқу курсынан өткен 4184 тыңдаушының 3666-сы, яғни 88 пайызы өзге этнос өкілдері. Оның басым көпшілігі, яғни 1267-сі орыс, олар Тараз қаласы мен Қордай, Сарысу аудандарында оқыды. Қордай, Жамбыл аудандарынан қамтылған 21,4 пайызы дүнгендер болса, 13,4 пайызы күрділер. Сонымен қатар, 231 адам орыс тілі курсынан, 581 адам ағылшын тілін үйрету курстарынан өтті. Облыста этномәдени бірлестіктер жанынан неміс тілін оқу курсына 500 адам қатысты. Ана тілін оқу курсы бойынша 34 этномәдени бірлестік жетекшілеріне әдістемелік көмектер көрсетілді. Биыл жыл басынан бастап сәуір айына дейін үш тіл бойынша барлығы 2288 тыңдаушы оқу курстарымен қамтылды. Оның ішінде мемлекеттік тілді үйрену курсына 1874 тыңдаушы тартылды. Олардың ішінде 26-сы мемлекеттік қызметші, 538-і білім беру, 94-і медицина, 14-і мәдениет саласынан болса, 219-ы әскери қызметкер, 316-сы студент, 33-і жекеменшік серіктестік, 1-і мешіт имамы, 347-сі әртүрлі сала азаматтары, 286-сы жұмыссыз азамат. Мемлекеттік тілді оқытуда этностар тығыз шоғырланған елді мекендерге басымдық берілуде. Қамтылғандардың 83,4 пайызы, яғни 1564 адам өзге этнос өкілдері. Айта кетейік, бір ғана Қордай ауданынан 2023 жылы қазақ тілін оқу курсына қатысқан 1008 адамның 1000-ы өзге этнос өкілі, биыл бұл қатарды 1200 адамға жеткізу жоспарланған. Бүгінгі күнге қамтылған 36 топта 493 тыңдаушы бар. Қамтылғандардың 85,8 пайызы, яғни 423 адам өзге ұлт өкілдері, олардың ішінде 278 дүнген, 61 орыс, 50 әзербайжан, 13 қырғыз, 8 түрік, 6 ұйғыр, 3 күрді, 1 неміс, 1 татар, 1 өзбек, 1 кәріс бар, – дейді Мөлдір Әнуарбекқызы. Қазіргі уақытта нотариус, имамдардан және сауда өкілдерінен түскен сұранысқа қарай қазақ тілін кәсіби бағытта үйрететін қысқа мерзімді бағдарламалар әзірленіп, оқу құралдарын дайындау қолға алынып жатыр. Тілдерді оқыту орталығы сұранысқа орай ислам негіздерін қазақ тілінде игеру, сауатты және тиімді қызмет көрсетуге бағытталған «Қазақ тілі: дін саласы қызметкерлеріне арналған оқу құралын» әзірлепті. Ол Тіл саясаты мен Дін істері комитеттерінің сараптамасынан өтіп, 1000 данасы шығарылып, республика көлемінде қолдануға берілген. Тіл үйренуге ниеттілердің арасында жастардың да қатары аз емес. Оларды түрлі қызықты іс-шаралармен қызықтыра отырып үйрету креативті жобалармен жүзеге асырылуда. Тіл үйренушілерге тілдік орта қалыптастыру мақсатында құрылған қазақ және ағылшын тілі тыңдаушыларының «SŐİLE» және «RELAX AND LEARN» клубтарының 25 отырысы өтіп, оған 284 тіл үйренуші қамтылған. Осыған орай, қазақ тілін қарапайым А1 деңгейде үйренудің 16 сабағынан әзірленген тіл үйренудің IT жобасы – «QazOnline» мобильдік қосымшасын пайдаланушылардың саны да артып отыр. Қосымшаны кез келген адам «Play Market» арқылы ұялы телефонына жүктеп алып, пайдалануына болады. Бүгінгі таңда 5 мыңнан аса адам қолданып жүр. Сонымен қатар, «QazOnline» айдарымен қазақ тілін тез үйренуге бағытталған 70 сабақ әлеуметтік парақшаларда жарияланды. Тіл оқыту орталығының мамандары жаңаша тәсілмен тіл үйретуді жалғастыра бермек.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар