- Advertisement -

Отбасы құндылығы неге құлдырап барады?

8

- Advertisement -

Қазақ ұлын «ырысым», қызын «өрісім» деп аялаған. Баланы атұстарым деп құрмет тұтып, жігерін жасытпай, намысын жанып, үйдің тірегі, асыраушысы деп құрметтесе, қызды төрге оздырып, қызыл-жасыл дүние жиып, жатжұрттық деп аялап, бар жақсыны ұсына білген. «Барған жерінде бағы ашылып, тастай батып, судай сіңсе» екен деп, ертеңін уайым қылған. Жат жұртқа сіңуіне, бесік тербетіп, ұрпағын көбейтіп, келін атануына дайындаған.

Есейіп, етек жеңін жиған соң, өз теңін тапқан қыз-жігіттер, әрине, берекелі, адал, босағасы берік болсын деген ниетпен бар жақсылыққа баулыған. Алайда, тағдыр әркімді әртүрлі жолға салады.Оспадар, дөрекі, масыл күйеудің қасындағы келіннің күні қорлықпен өтетіні бесенеден белгілі. Кейде керісінше, нәзікжандының мінезі шатақ болып, екі жақ табыса алмай жататын жайттар да кездесіп тұрады.

Осыдан екі жыл бұрын Түркістан облысында 43 жастағы ер адам 38 жастағы жұбайын арақ ішуден бас тартқаны үшін таяқтың астына алған. Қара жамылған марқұмның жақындары енді күйеу балаларымен қоса құдағиын да жауапқа тартуды талап етуде. Бұл жұптың отасқанына 15 жыл болыпты. Танитындардың айтуынша, марқұм бұған дейін де көкала қойдай болып жүрген, алайда балалары үшін үндемеген екен. Оларды туыстары бірнеше рет ажыратып алмақ та болған. Бірақ «балаларым үшін шыдаймын» деп әйелдің өзі ажырасудан бас тартқан. Соңғы рет үйіне ішіп келген отағасы екі шөлмек коньяк әкеліп, біреуін әйелінің аузына құйған, ал қарсыласқан кезде басынан бос бөтелкемен ұрып жыққан. Ең сорақысы, жанжал балаларының көзінше болған.

Үйдің үлкен қызы полицейлерге бірнеше рет хабарласқан, алайда олар қырық минуттан кейін келген. Полицейлер мен дәрігерлер келгенше келіншек бақилық болып кетіпті. Бір таңғалдыратыны, соншалықты сүйіп, ынтызар болып қосылғандардың осыншалық қатыгездікке бой алдыруына не себеп?! Кей ер азамат әйелін таяқтың астына алуды зор мәртебе, абырой санайтыны несі?

Әйелді өз меншігіне айналды деп есептеген күннен басынып, жұдырығын ала жүгіретіндерге не айтып, не түсіндіруге болады өзі? Нәзік жанды серігінің алдында шойын шапалағы дайын тұратындар өздерінің сондай аянышты күйінен хабардар ма екен? Әлде олар керісінше өздерінің қатынжанды еместігіне мәз ба? Және де әр жұдырық жұмсаған сайын соны дәлелдей түстім деп масаттанады ма? Әйелі именгенін игілік көріп, абырой санайтындардың барлығы расында қайран қалдырады.

Жас келінге кейде шамадан тыс жүк артып, босағасын жаңа аттаған сәттен бауырына басудың орнына жатсынып, орынсыз сөйлеп, іс-қимылын сынап-міней берсе, онсыз да өзге жұрттың алдында онсыз да қысылып жүрген жанына ауыр соққы болатыны сөзсіз. Осы тұста айналасынан сүйеу болар жан табылмаса тіпті қиын.

Жас келін инабаты мен ибасы жарасым тауып, барынша ізгілігін көрсете білсе, түбі қатты сөз жібіп, түйілген қабақ та ашылар. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бірнеше жыл қажет-ау. Ол енді келген жердің ақыл-ойының биіктігіне байланысты. Барлық мәселе келінді жұдырық пен таяқтың астына алуды мәртебе санайтындардың сойқан тірлігі мен сүйкімсіз қылығында жатыр. Ондайлар әйелін тоқпақтауды абырой деп біледі.

Негізі, қалған көңілдің шыққан жан екенін естен шығармау керек. Қыз бала нәзік жанын жаралап, өмірін өксіте берген соң, ашу мен ызаға бой алдырса, күндердің күнінде кеудесіне жинақталған өкініш кекке айналып кетпесіне кім кепіл?! Әйелін орынсыз ұрып, оспадарлық танытып жүрген ер кісілердің ісін ой елегінен өткізсең, түбі жақсылыққа апармайды.

Оған түркістандық келіншектің 14 жыл отасқан күйеуін өлтіріп, бөлшектеп тастағаны дәлел сияқты. Тергеушілердің мәліметінше, ерлі-зайыптылардың арасындағы жанжалға TikTok себеп болған.

«Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөздің астарында қаншама мән-мағына, тағдыр мен мінез бар. Аттаған ақ босаға, түрілген шымылдық пен көтерген шаңырақтың ту-ту биігінде ең алдымен әйелдің құрбандығы тұрады. Себебі, ол екі рулы елдің ғана емес, балаларының да болашағын ойлайды. Ата-анасының мейіріміне бөленіп өссе дейді. Сондықтан көбіне іштен тынып, мойынсұнады. Өз таңдауы болған соң, болған жайтқа болаттай берік болуға тырысады. «Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген түсінікпен төзе біледі. Бәрін сабыр мен ақылға жеңдіреді. Көп жағдайда отбасылық қиындықтың арғы жағында көнбістік байқалады.

 

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support