- Advertisement -

Сарғайған суреттер, сарғайған жапырақтар

21

- Advertisement -

Көптеген отбасында жылдар бойы жинақталған фотоальбомдар, уақыт сарғайтқан жазбалар, қойындәптерлер, ашық хаттар (открыткалар), базбіреулерінде, тіпті, жеке жанның қағазға түсірген сырға толы күнделіктері барына күмән келтірмеймін. Олар – әрбір жанұяның шежіресі, тарихы, дастан-архиві, өткен күндердің жарқын елесі, кейбір жандардың ешкімге жария етпеген құпия сыры, жүрек түбінде бұғып жатқан алтынға бергісіз қымбат, асыл дүниесі десек те болады. Кей жанұяларда атадан балаға мирас болып келе жатқан көне фотосуреттер, қолжазбалар, хаттар, кітаптар да сақталған. Соларды көз қарашығындай сақтап, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жеткізіп жүрген азаматтардың ұқыптылығына, игілікті ісіне шексіз риза боласың. Егер ондай жандар болмаса не болар еді?

…Жақында қала орталығындағы көпқабатты үйдің маңынан өтіп бара жатып, ескі қалдықтарды тастайтын контейнердің маңынан жерде шашылып жатқан бір бума қағаздар көзге шалынды. Сарғайған қағаздар арасынан том-том кітаптар да көзге ілінеді. Олардың арасында ескі фотоальбомның ашылған парақтары да шашылып жатыр. Қоңыр күздің ызғарлы желі қағаздарды бей-берекетсіз көтеріп, жан- жаққа айдап алып кетуде. Менен көмек сұрағандай екі-үш фотосурет мезгіл- мезгіл ішін тартып соғып тұрған желдің қауқарына шыдамай алдыма жалп-жалп етіп келіп қонып, аяғыма оралды. Суреттің бірінде қолына домбыра ұстаған, мұрты қияқтай, басына қазақи бөрік киген, иығына өрнек салған шапан ілген келбетті қарт кісі бейнеленген. Екіншісінде, кимешек киген қарт әже бауырына жас бүлдіршін сәбиді, сірә, немересі болу керек, қыса ұстап тұр, мейірлене, бар ынта-ықыласымен жас сәбиге қарайды, жүзінде өмірге деген рахат сезімі білінеді. Үшіншісінде – әскери форма киген, кеудесіне ордендер мен медальдары тізілген қарт кісі. Төртіншісі – жүздері бал-бұл жанып үлбіреген, көздері қуанышқа толы жарасымды екі жастың үйлену тойына шақыру билеті. Басқа да ондаған суреттер сарғайған жапырақтармен жарысып қанатына оқ тиген қарғалардай үдере соққан желге қалбаң-қалбаң етіп бей-берекет ұшып барады. Олардың қайда барып пана табатыны белгісіз. Бұл көрініс арқамды суық темірмен қарығанмен бірдей болды. Есі ауған адамдай бір сәт аңтарылып қалыппын. Көңілім нілдей бұзылды, қамыққан көңіл ішкі әлемімді әптер-тәптер етті…

Сол бір тым ыңғайсыз, жүрекке салмақ салатын көрініс көпке дейін көз алдымнан көлбеңдеп кетпей қойды. Әлгі фотосуреттер кімдердікі болды екен? Оларды кім керексіз санап, қоқысқа лақтырып тастады? Бұл фотосуреттердің ғұмыры неге қысқа болды екен? Оған не себеп? Өткенге, отбасының тарихына деген қызығушылық жастарда неге жоғалып барады? Бұл ненің айғағы? Иә, осындай сәтте пенде баласының ойына не келмейді?

…Бірде әңгімеден әңгіме шығып, Мойынқұм өңіріндегі балалық шағы өткен қарашаңырағына (кезінде әкесі, қазір інісі тұратын үйіне) жақында ғана барып келген дәрігер-әріптесім Талғат:

– Соңғы кезде көпшіліктің әдебиетке, кітапқа деген көзқарасы тым өзгеріп кеткен сияқты болып көрінеді. Қазіргі жастар газет-журналға, кітапқа қызықпайды, тіпті, базбірі оқымайды дегеніміз жөн болар. Әрине, «Заман өзгерді, уақыт солай, қазір интернет бар, ұялы телефон бар…» деп айта салу оңай оларға. Шындыққа келгенде сол заманды жасап жатқан адамдар емес пе? Алысқа бармай-ақ өз көзіммен көрген мына бір мысалды айтайын: ауылға барғанда әкем салған үлкен үйдің таяуда қайта жөнделгенін байқадым. Іші-сырты жаңартылып, есік-терезелер ауыстырылыпты. Барлығы бір қарағанда мұндаздай таза болып, көз тартады. Үй ішіндегі жиһаздардың біразы өзгеріпті. Барлығымыз бұрын «кабинет» деп атайтын бөлме де бұрынғыдан басқаша. Бұрынғы арнайы шкафтарда сықып тұратын жүздеген кітаптардың саны тым сиреп қалыпты. Соны байқаған мен ініме: «Кітаптар азайып қалыпты ғой. Оларды қайда жібердіңдер?» деп сұрақ қойдым. Сонда інім желкесін қасып тұрып: «Олардың біразын жөндеу жұмыстары кезінде сыртқа шығарып тастадық. Кітап оқитын адам жоқ қой қазір. Шаң жиғаннан басқа олардан пайда жоқ. Керек адам сол кітаптарды интернет (ғаламтор) арқылы кез келген уақытта іздеп, тауып алады…», – деп күмілжіді.

Сыртқа шығып, ауладан әлгі кітаптарды іздедім. Қораның бір бұрышында шаң басып тезек қаланғандай болып, топ-топ кітаптар жатыр. Кітаптар болғанда қандай, шіркін! Қазақтың, орыстың, әлемдік классик жазушылардың қолға түспес шығармалары. Уақытында оларды райкомда қызмет еткен әкем тірнектеп жиған болатын. жарықтық. Қайда іссапарға бармасын «базарлық» етіп екі- үш кітап ала келетін. Енді міне, барлығы қадірсіз, керексіз дүниеге айналыпты. Жүрегім сыздап қоя берді…

Қалаға қайтарда көп кітаптардың ішінен «мынау керек-ау» дегендерін таңдап, теріп, машинамның жүксалғышына салып алдым да ініме бұрылып:

– Мына кітаптар сендерге керек болмаса, басқаларға әлі керек болар. Уақыт тауып кітаптарды жергілікті кітапханаға тапсыр. Обалына қалма… Біле-білсең, бұлар әкеміздің көзі ғой.., деп ақыл айтқандай болдым. Бірақ ол менің сол ұсынысымды дұрыс түсініп, кітаптарды кітапханаға тапсырды ма, тапсырмады ма білмеймін, – деп әңгімесін аяқтады.

Расында да, қазір үйіне ата-әжелері сонау ертеректе тірнектеп жинаған сандаған том-том кітаптар көпшілік жастарды ешбір қызықтырмайды. Оларды еш кәдеге жарамайтын, тек шаң- тозаң жинайтын үйдегі керексіз дүниеге санайтындар бүгінгі қоғамда жыл өткен сайын, өкінішке қарай, көбейіп барады. Сонысы санаңа салмақ салып, жүрегіңді сыздататы. Иә, өкінішті-ақ. Жарайды, олар үшін кітап керексіз, қызықсыз дүние болсын. Бірақ, ескі фотоальбомдар, сарғайған естелік хаттар, қойындәптерлер неге «бағасын жоғалтқан» құнсыз дүниелер қатарына қосылып кетті? Неге олар қазіргі өскелең буынға, жарыса желкілдеп өсіп келе жатқан жастарға керексіз болып қалды? Неге?.. Осы бір сұрақтар санама салмақ салып, жанымды жегідей жеді.

Әрине, олардың көзқарасымен, не болса соны үйге жиюдың қажеті жоқ, ескі-құсқы керексіз дүниеден арылу керек. Онысы орынды да шығар. Барлық әлем бұл күндері сондай үрдісте. Бірақ, ескі фотоальбомдағы ата-әжеңнің, әке-шешеңнің, аға- әкпеңнің және де басқа бауырларың мен жора-жолдастарыңның, әскерде бірген болған, университетте таласып білім алған ескі таныстарыңның суретін қоқыс жәшігіне лақтырып тастауға дәті қалай барады, жүрек оған қалай шыдайды? Әттең-ай, не болып барады мына сайқымазақ, берекесіз дүние… Олардың әрқайсысы сен үшін ерекше, аса қимас асыл бейне ғой. Ата-әжеңнің, әке-анаңның көзі, тіпті, сенің өміріңнің бір бөлігі емес пе? Олар отбасылық құнсыздыққа айналып бара жатқаны несі? Немесе, мына дүрбелеңге толы қызылды-жасылды қайран уақыт күні-кешегіңнің барлығын-барлығын бұлынғырландырып, көңілден өшіріп, мүлдем ұмыттырады ма? Білмеймін, меніңше өткен күндеріңді лүпілдеген жүректен, ой-қиялыңнан сыпырып, тамырымен жұлғандай жоқ ету мүмкін емес-ау деп ойлаймын. Ол үшін сен ішмерез, қатыгез, мейірімсіз, ойсыз, түйсіксіз, санасыз болуың керек емес пе?..

Осындай ауыр сұрақтар мені еріксіз бала кезімдегі бір оқиғаны есіме түсірді. Иә, қолдан келгенше бәрін басынан бастап асықпай баяндап берейін.

Қасиетті Қаратаудың Көкжонындағы біздің шоқжұлдыздай Үшбас ауылының шеткі көшесінде жалғызбасты Зейнеп деген ана тұрды. Қолымыз қалт еткен сәттерде пионер-тимуршылар тобында жүрген үш-төрт бала жиылып, көмекке барып тезек оюға, шөбін жинауға, қысқы отын-суын дайындауға қолқабыс тигізетінбіз. Көпшіліктің әңгімесі бойынша, Зейнеп апаның күйеуі Ұлы Отан соғысы басталған жылы әскерге алынған. Майдан даласынан мезгіл- мезгіл жазған үшбұрыш хаттары екі жылдай келіп тұрады да ары қарай хабар күрт үзіліп, бұрынғы адресіне қанша рет хат жазса да жауап ала алмаған. Жергілікті әскери комиссариаттан «соғыста белгісіз себептерден жоғалып кетті» деген қысқа жауап келген. Сөйтіп, Зейнеп апа колхоздың ауыр жұмысына жегіліп, арқа еті арша, борбай еті борша болып, ауыр тұрмыс тауқыметіне көніп, шықпа жаным шықпа дей жүріп әйтеуір, елден қалмай жалғыз қызын орынды тәрбиелеп, өсірді. Тоқтаусыз сырғып жылдар өте береді. Бірақ, Зейнеп апа соғыста із-түзсіз жоғалып кеткен күйеуін тірі болса келіп қалар деген үмітін үзбей, ұзақ жылдар бойы жағымды жылы хабар күтіп, ошағының отын сөндірмей, түтінін түтетіп, ешкімге тұрмысқа шықпаған. Қызы өсіп, жетіліп, өз теңін тауып тұрмысқа шыққан. Оған анасының артар ешқандай кінәсі, өкпесі жоқ. Өмір заңына қарсы тұру күнә. Жалғызбасты ана жылы орнын суытпай ел-жұртының ортасында бір сарынды тіршілік етіп жатты. Ауласындағы біраз жеңіл-желпі жұмысты (бақшасының жерін өңдеу, көмірін кіргізіп беру және т.б.) бітірген біздерді берекелі дастарқанына шақырып, сүт пен қаймақ қосқан қоңыр шайын беретін. Ыстық бауырсақ, қолдың сары майы, дәмді құрт пен ірімшік, қант пен науаты, өрік пен мейізі дастарқанынан үзілмейтін.

– Қысылмаңдар, асықпай ішіп- жеңдер, айналайындар. Жасаған жақсылықтарың Құдайдан қайтсын. Мен сендер сияқты қолқанат балаларға ризамын. Сендерді тәрбиелеген әке-шешелеріңе де мың рақмет, көп жасаңдар, жарқындарым, – деп көңілденіп, аса мейірімдік сезіммен арқаларымыздан қағатын. Сөзден сөз шығып әңгіме қызып, оның арнасы естеліктерге көшетін жарықтық. Апамыз қызыл пұлышпен қапталған фотоальбомын парақтап, кейбір суреттерге ерекше тоқталып, қызыға әңгіме қозғайтын. Қабырғаға ілінген күйеуі мен қызының, немерелерінің суреттерін нұсқап: «Мына аталарыңның, қызымның, немерелерімнің бейнесіне қарап күш аламын. Солардың арқасында өзімді сергек сезінемін. Алла Тағалаға шүкіршілік етемін…», – дей отырып ондағы суреттерді, майданнан күйеуінің жазған хаттарын көрсетіп, ұзақ сонар әңгімеге көшетін кездері де болатын бейбақтың. Кейде сол сарғайған қағаздарды бізге оқытып, терең күрсініп, дауысы дірілдеп, жанарлары суланатын. Сірә, сары сағынышқа айналған күндерін еске алып, жалғыздықтан жалығып, іші күңіренетін болуы керек. Не дегенмен ол да жас кезінде бақытты болғанды армандап, болашағынан жақсылық, үміт күткен біз сияқты бір пенде ғой.

Атың өшкір соғыс болмағанда Зейнеп апа жастайынан жесір қалмас еді-ау, ол да бақытты ел қатарлы тұрмыс-тіршілік етпес пе еді?! Әттең, тағдыр оған ондай жаймашуақ күндерді, саялы өмірді қимапты. Енді міне, жалғыз үйде, жалқы өмір кешуде. Көңіл кірбіңі бір сәт те өкінішті ұмыттырмайды. Қолындағы әлгі фотосуреттер мен сарғайған ұшбу хаттар өзіне мәңгілік серік болып келеді. Ол үшін олардан қымбат, асыл, жанға жылы дүние жоқ мына әлемде. Барлығы, барлығы, ойы да, қиялы да, сенімі де, үміті де соларда… Өткен- кеткенді ой таразысынан өткізе отырып латынның мына бір қанатты сөзі еріксіз еске түседі – Dum spiro, spero – пока дышу, надеюсь – демім барда, сенемін.

Расында да, әрбір адам жұмбақ, сырлы дүние. Оның не ойлап, не армандап, нені жоспарлап отырғаны кімге болмасын жұмбақ. Саналы адам әйтеуір арманмен, қиялмен, үмітпен өмір сүреді, алдағы күндерін жоспарлайды, арман-қиялына, үмітіне сенеді. Зейнеп апа да сөйтіп, жұбайын, қосағын күтіп, өмірден үміт үзбей, келер күндерге сенім арта жүріп самайына ақ түсіп, белі бүгіліп, шырайлы беттеріне терең әжім түсіп, қартайып барып мына өмірден озды жарықтық. Оның сары алтындай етіп жинаған, құрметтеген, қастерлеген фотоальбомы, хаттары не болғаны бізге беймәлім. Сірә, менің ойымша, артына ерген қызы мен жиен-немерелері жиып алып, өз отбасының архивінің қатарына қосқан болар. Әлде, басқаша болды ма екен?.. Айтуға ауыз бармайды. Әйтеуір олай болмағанына сенемін…

Бір американдық фермер өзінің қайтыс болған сүйікті әйеліне деген қимас көңілі тыныштық бермегендіктен оның құрметіне жазық егіндікке алты мың жас емен көшетін отырғызып, олардың дәл ортасына жүректің бейнесіндей (формасындай) алаңқай қалдырып мыңдаған әсем гүл егіпті. Ондағы ойы дүниеден озған сүйікті жары Джанет күйеуінің сезімін, махаббатын әрдайым сонау биіктен, көктен көріп тұрсын деген ойы екен. Сол аймақтағы қарапайым адамдар әлгі ағаштардың өсіп-жетілгенін әрдайым көріп жүрсе де оның ортасындағы шымқай гүлдер өскен көлемді алаңқайға көңіл аудара бермейді екен. Бірде ұшақпен ұшып бара жатқан бір ойы сергек азамат биіктен әлгі жасыл ағаштардың арасынан үлкен жүрек бейнесін көзі шалып, зер салып, өзінің көзіне өзі сенбей таңғалысын білдіреді. Содан кейін-ақ көпшілік әлгінің сөзіне құлақ асып, сол бір әдемі көрініске көңілдерін аудара бастайды. Сөйтіп, «ормандағы жүрек» аймағы ұлы махаббатың символына айналып, аңыз- әңгіме өңірге тарайды. Сол фермердің сүйіктісіне арнаған мәңгілік асыл махаббаты, игілікті ісі көпке өнеге болыпты. Сүйіктімізді, ұл-қызымыздың ардақты анасының сезімін аялап, қадірлей білу де, біле білсек, бір ғанибет дүние ғой! Әттең, мына сайқымазақ өмір барлық құндылықты басқа ауанға аударып барады ма, қалай?! Неге олай болды екен? Санасының саңлауы бар адамдарды бүгіндері ойландыратын, толғандыратын мәселе аз емес, иә, расында, аз емес.

Иә. Адамдар өмірге келеді, уақытпен жарысып өседі, өміріне серік болатын сүйіктісін табады, ұл-қыз өсіріп, оларды жеткізем, оқытып-шоқытам, ұрпақ сүйем деп таңды-таңға ұрып еңбектеніп, артыма қандай із қалдырам деп уақытпен алысып жүріп бір күні өмірден өтіп кетеді. Арман-мақсаты орындалып кетсе бір бақыт! Олай болмауы да мүмкін-ау. Әдетте жақсы адамдар туралы сан рет жағымды естеліктер айтылып, көңіл шіркін рахаттанып, жүрек толқып, адам бір жасарып қалады. Әркез солай болса екен деп тілейсің. Бірақ, өкінішке қарай, мына мың құбылған, дүрбелеңге толы дүниеде барлығы олай болмайды-ау, болмайды.

…Міне, өлкемізге тағы бір кезекті сарыала-қоңыр күз келіп жетті. Оның салқын лебі жақсы сезіледі. Лүп еткен ерке самал сарғайған сандаған жапырақтарды ағаштардан үзіп алып, бұтақтарды сидитып, өз айтқанына көндіріп, арық-атызға, жерге төсеп жатыр, төсеп жатыр. Табиғаттың мына жабырқау көрінісі адамды мұңға бөлейді, көңілсіздік бойыңды билеп, әйтеуір бір белгісіз тылсым дүние сағынышқа жетелейді. «Күз – сағыныш маусымы» деп халық бекер айтпаған екен-ау.

Кейде адам, шынында да, арман- қиялмен, естеліктермен өмір сүреді ме деп ойлайсың. Ақын Бауыржан Үсеновтың жапырақтар жайлы мынадай жыры еске түседі:

Кеше ғана биікте ең,

Бүгін жатсың табанда.

Жапырақ-ау, жағдайың тимеді оңай маған да!

Құлағанды биіктен кім сыйлайды бұл күнде?

Қапсырған жүректей жерде жатып бүлкілде.

Осындай ой жетегінде келе жатқанымда көше жиегіне келіп тоқтаған автомашинаның саңқылдаған радиосынан Қайрат Нұртастың құлаққа жағымды әні төгілді:

…Жаздың соңы, жапырақтар жаңбыры,

Ал жапырақ – адамдардың тағдыры.

Сары ағаштан түсіп жатқан секілді

Сау-сау етіп өмірімнің әр күні…

Мүмкін, расында да, солай шығар. Мынау тоқтаусыз зымырандай зулап өтіп жатқан күндерді, асау аттай алға ұмтылған жылдарды бір сәтке тежеу еш мүмкін емес-ау, мүмкін емес. Қайран, дүние-ай! Сынаптай сусып өтіп жатыр, көзден бұл-бұл ұшып кетіп жатыр…

…Қоңыр күз өз күшіне батыл еніп, ағаштар сарғайып, бүкіл әлем шебер суретшінің қылқаламымен алтын түске боялып келе жатқандай. Лүп еткен жел ызғары да бойымызға басқаша әсер етеді. Нілдей таза көк аспанда жылы жаққа қоныс аударып бара жатқан тырналар тізбегі көзге шалынады. Олар нілдей ашық көк кеңістігінде баяу қалықтап, мына біздің әсем де көрікті өңірді қимай бара жатқандай тәрізді. Көңіл құлазыды…

Неге бұлай болды екен?

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support