- Advertisement -

Бірлігі бекем ел мықты!

18

- Advertisement -

Қарғын судан зардап шеккен аумақтарға бүгінге әр өңір тұрғындары гуманитарлық көмек жөнелтуде. Бұл істен Жамбыл жұртшылығы да шет қалған жоқ. Бүгінде облыстың әр аумағында арнайы қор ашылып, тұрғындар өз еріктерімен шама- шарқынша түстіктегі туысқанға, батысқа бауырларға арнап жылу жинап, көмек беруде.

Алғадай істі алғаш болып бастап, жақсылық жасауға ұмтылған жандардың бірі – Әсел Жапарова. Халқының басына қатер төнгенде қарап қалмаған қоғам белсендісі бұған дейін Арыстағы жарылыста да, Екібастұздағы жылусыз өткен қыста да жапа шеккен жұртшылыққа қолұшын созған. Еріктінің айтуынша, алыстағы ағайын алакөңіл күй кешіп, қиындыққа тап болғанда, мұнда тыныш жату азаматтығымызға сын.

– «Әр қазақ менің жалғызым» демекші, апатты аймақтағы азаматтарымыз зілзаладан жапа шегіп жатқанда мұнда қаннен қаперсіз жату жарамасы анық. Мұны халқымыз да үнсіз ұғып отыр. Бүгінде қала аумағында «Ғашықтар аллеясы» мен «Айрылмас» сауда кешенінің маңында екі жүк көлігі орналасқан. Соның бірі – небәрі екі-үш сағаттың ішінде тұрғындардың тұрмыстық заттарымен, азық-түлікпен толып үлгерді. Бұл – халқымыздың бірлігінің бекемдігін, пейілінің кеңдігін көрсетуде, – дейді Әсел Әбілханқызы.

Қайырымды істен бүгінде халық қалаулылары да шет қалып жатқан жоқ. Бұл бағытта облыстық мәслихат депутаттары да арнайы қор қалыптастырып, тасқыннан жапа шеккен халыққа арнап жүк көлігін жасақтауда. Облыстық мәслихат аппаратының басшысы Серікхан Пернеш те бұл жөнінде бізге мәлімет берді.

– Су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерге, тұрғындарға көмек көрсету мақсатында облыстық мәслихат депутаттары атынан гуманитарлық көмек жинастырылуда. Осы мақсатта облыстық мәслихат депутаты Жалил Аббосовтың Мәмбет батыр көшесі, 18А мекенжайында орналасқан қоймасы жинақтау орны ретінде белгіленіп, 20 тонналық жүк көлігін жасақтау жұмыстары да жүргізілуде. Игілікті істі депутаттарымыз бірден қолдап, барынша белсенділік танытып отыр. Аз ғана уақыттың ішінде халық қалаулыларынан азық-түлік пен тұрмыстық керек-жарақтар келіп түсті. Атап айтсақ, Анар Бексұлтанова басшылық ететін «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінен жамылғы көрпелер мен құрақ көпшіктер, Керімқұл Бегалиев пен Бегалы Ералиевтердің әрқайсысынан 1 тонна, Гулам Умаров тарапынан 500 килограмм картоп, депутат Арман Еділбаевтан 2,5 тонна «Арай» ұны жеткізілді. Ілкімді іс алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейді Серікхан Қуатұлы.

Сондай-ақ, облыстық мәслихат аппаратының қызметкерлері де бір күндік жалақысын халық қажетіне арнап жұмсап, қаржылай көмек көрсетуді мақсат тұтқан.

Үлкеннен үлгі, ағадан өнеге көріп өскен қала жастары да шарапаты мол шараға барынша атсалысуда. Шаһарда облыстық жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен қолдау штабы құрылып, өз жұмыстарын бастап кеткен. Елінің ертеңі үшін алаңдаған еріктілер бүгінде жиылған қаражатқа азық-түлік алып, тұрғындар тарапынан көрсетілген көмекті жүк көліктеріне тиеп жатыр.

– Бірқатар өңірлерде төтенше жағдай жарияланғаннан бері екі-үш күн ішінде облыстық жастар басқармасы жанындағы жастар ресурстық орталығы зардап шеккен халыққа көмек көрсету мақсатында жұмыстарды бастап кетті. Қазіргі таңда арнайы қолдау штабы құрылып, әлеуметтік желілерге бейнеүндеу жарияланды. Игілігі мол істен құлағдар болған қала халқы қолдан келгенше көмек көрсетіп, тұрмыстық бұйымдары мен тұтынушылық заттарын өткізуде. Сондай-ақ, осы ретте «Ауыл Береке» базары жанында орналасқан «Диас» дүкені мен «Вкусная корзинка» сауда желісіне айрықша алғыс білдіргіміз келеді. Қос тарап алғашқылардың бірі болып қайырымды іске атсалысып, азық-түлікпен қамтамасыз етті, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы Айбек Қадыралиев.

Сын сағатта сынбай, ширыға түсетін қазақтың ынтымағы қашанда осындайда байқалады. Ұлтымыздың мұндай ұстамы мен ұстанымына тарих талай мәрте куә болған.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support