- Advertisement -

Медициналық сақтандыру мәселесі сараланды

19

- Advertisement -

Ата Заңымыз айқындап көрсеткендей, мемлекетіміздің ең бағалы құндылығы – адам капиталы. Елімізде әр тұрғынның денсаулығын тұрақтандырып, қажетті ем-дом шаралары мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында міндетті әлеуметтік сақтандыру ісі жүзеге асырылуда. Облыс әкімдігінің ғимаратында өткен аппараттық кеңесте осы бағыттағы мәселелер қаралып, жұмыстар сараланды.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісіне басқарма басшылары мен аудан әкімдері қатысты. Жиында сөз алған облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады. Басқарма басшысының сөзінше, бүгінде бірқатар аудандарда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ісі баяу жүргізілуде. Бұған тұрғындардың жұмыссыздығы мен ауылдық елді мекен жұртшылығының әл- ауқатының төмендігі де себеп болуда.

– Тәуелсіз төлем жасаудан бас тартқандардың барлығына ортақ бір себеп, ол – жұмыссыздық. Осы мәселе бойынша әр ауданның жергілікті «Мансап» орталықтары жұмыссыз мәртебесімен тіркеуге алынатын болса, жұмыссыздық деңгейі өсіп кету қаупі бар екенін жеткізген. Сондай- ақ, елді мекендердегі азаматтар әл-ауқатының төмендігіне байланысты медициналық көмекке жүгінгенде ғана төлем жасауды жөн көреді, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, ол тұрақты жұмыспен қамтылған, бірақ «сақтандырылмаған» статусы бар қызметкерлердің саны еңбек демалысы кезеңінде қажетті төлем аударылмағандықтан немесе есеп бөлімдері тарапынан дұрыс жұмыс жүргізілмегенінен артып отырғандығын айтты.

– Тұрақты жұмыспен қамтылған, алайда сақтандыру төлемдері жасалмаған тұлғалар саны бүгінде 4 161 адамға жетіп отыр. Олардың басым көпшілігі білім саласы, ішкі істер органдары мен балабақша қызметкерлері. Бұл топтағы азаматтарға жұмыс беруші мекемелердің есеп бөлімдері дұрыс аударым жасамағандықтан, тұлғаларда «сақтандырылмаған» мәртебесі шығып тұр. Қазіргі таңда медициналық ұйымдарда халықтың барлық санаттарын жүйеге тарту мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде, – деді Ж.Оспанова.

Облыс басшысы Ербол Қарашөкеев міндетті әлеуметтік сақтандыру ісін баяулатып отырған Байзақ, Қордай, Жамбыл, Шу аудандары мен Тараз қаласының әкімдеріне, салаға жауапты әкім орынбасарларына аталған бағыттағы жұмыстарды өз бақылауларына алуды тапсырды.

– Тұрақты жұмыспен қамтылған, дегенмен сақтандыру жүйесінен тыс қалған азаматтарға түсіндіру жұмыстарын қолға алу керек. Сондай- ақ, салалар бөлінісі бойынша төмен көрсеткішке ие басқармалар жүйеден тыс қалған қызметкерлер тізімін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыс бойынша филиалына ұсыну қажет. Өз кезегінде әлеуметтік медициналық қор филиалының басшылығы міндетті әлеуметтік сақтандыру ісі бойынша мәліметтерді ай сайын облыс әкімінің аппаратына жолдап отырсын, – деді Ербол Шырақпайұлы.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support