- Advertisement -

Техника паркі жаңарып келеді

36

- Advertisement -

Жері-суы дуалы, топырағы құнарлы, ауасы таза Жуалы ауданының аграрлық саладағы әлеуеті мен мүмкіндігінің жоғары екені бұрынғы Кеңестік кезеңнен белгілі. Салада еңбек ету арқылы ел ырысын еселеп, халықтың құрметіне бөленген жерлестеріміз де аз емес. Аграрлық саланы дамыту – ауыл еңбеккерлерінің алдында тұрған жауапты міндет.

Аудан шаруалары биылғы жиын- терін жұмыстарын толық аяқтады. Сала жұмысының қорытындысы көңіл көншітеді. Ендігі кезекте аудан шаруаларының алдында жиналған өнімді өткеру немесе кәдеге жарату және мал қыстату сияқты жауапты науқандар тұр. Ауданда егін жинау жұмыстары, оның ішінде, масақты дәнді дақылдардың орағы толығымен аяқталып, одан сәл кейінірек басталған картоп, басқа да бақша дақылдарын жинау жұмыстары да қарқынды жүргізілді.

Биыл ауа райында қуаңшылық байқалғанымен, жергілікті шаруалар мен диқандардың жыл бойы жасаған есіл еңбегі ақталды деуге толық негіз бар. Олай дейтініміз, сала мамандарының айтуынша, өнім көлемі жылдағыдан сәл аздау болғанымен, шаруалар жомарт жердің ырыздығына ырзашылықтарын білдіруде. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша, жалпы биыл жауапты науқанда ораққа түскен барлық егін алқабының көлемі 39 мың 233 гектарды құрайды. Оның ішінде күздік бидай 10 мың 107 гектар болса, жаздық арпа 28 мың 970 гектар және дәндік жүгері 156 гектар. Орташа өнімділік әр гектардан 12,7 центнерді құрап, жалпы түсім 49 мың 628 тоннаны құраған.

Ал, дәстүрлі күзгі дала жұмыстарына келсек, жиналатын дақылдардан картоп алқабының көлемі 2 мың 723 гектарға тең. Нақтырақ айтар болсақ, көкөніс 728,6 гектар және бақша дақылдары 12 гектар. Бүгінгі күнге жиналған көкөніс алқабының көлемі 321 гектарды құрап, орташа өнімділік әр гектардан 244 центнерден айналып отыр. Ал, бақша дақылдарының әр гектарынан алынған орташа өнімділікке келсек, бұл көрсеткіш гектарына 268 центнерді құрады.

Жалпы, аграрлық саланың ел дамуы мен тұрғындар тұрмысын көтерудегі маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Өйткені, ауыл шаруашылығы – асыраушы сала. Өңірдің табысы мен эконономикалық көрсеткіштерінің дені де осы саладағы өнімділікпен тікелей байланысты.

Мал басының өсуі де асыраушы саланың жұмысын ілгерілетумен бірге, өнімділік көлемінің артуына үлкен үлес қосады. Бұл ретте мал өсіруге қолайлы саналатын ауданда ет, сүт және жұмыртқа өндіру көлемі де жыл санап артып келеді. Мал басына келетін болсақ, ауданда мүйізді ірі қараның басы 56 мың 617 болса, қой-ешкі 286 мың 353, жылқы 17 мың 58, құстар 140 мың 54 басты құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылдарға қарағанда едәуір көп.

Аграрлық саланы жоғары деңгейде дамыту ісінде ауыл шаруашылығында қолданылатын заманауи жаңа техникалардың атқаратын рөлі орасан. Ауыл шаруашылығы техникаларының жұмысқа сақадай-сай болуы да саланың жұмысын одан сайын ширатып, сонымен қоса еңбек өнімділігін арттыра түсетіні дау тудырмайды. Бұл ретте Кеңестік кезеңнен қалған ескі техникаларды жаңарту аса маңызды. Өнімділікті арттыру үшін жергілікті шаруалар техника паркінің жаңартылуына да баса мән береді. Бұл бағытта өңірде біршама жұмыстар атқарылуда. Бүгінде ауданның агроқұрылымдары мен шаруашылықтарында 634 трактор, 158 комбайн, 790 ауыл шаруашылығы тіркемесі тіркелген. Барлық техника 1 мың 582 дананы құрайды.

Осы жылы ауыл шаруашылығы техникасының паркін жаңарту бағытында жаңа техникалар сатып алудың жоспары 199 болып белгіленсе, бұл жұмыстар да мүмкіндігінше межеге жақындап келеді. Бүгінгі күнге аудан шаруалары 503,2 миллион теңгеге барлығы 138 жаңа техника сатып алды. Оның 17-сі доңғалақты трактор болса, 116-сы ауыл шаруашылығы тіркемелері.

Өңірдегі ауыл шаруашылығын өркендетіп, тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру ісінде айтарлықтай жақсы нәтиже көрсетіп отырған «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігін баса айтуға тиіспіз. Осы күнге дейін аталған бағдарламаның аясында ауданға қарасты бірнеше ауылдық округ пайызы өте төмен жеңілдетілген несие қаражатына қол жеткізіп, оған төрт түлік мал сатып алып, көбейту үстінде. Бұл ауылдарда шаруашылықпен қоса, кәсіпкерлік ісі өркен жайып келеді деген сөз.

Бұл бағыттағы жұмыстардың Ақтөбе, Ақсай және Жетітөбе ауылдық округтерінде қолға алынып, жоба аясындағы жұмыстардың ауыл тұрғындарына тиімді болғанын ескерсек, ендігі кезекте «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін Қарасаз ауылдық округінің тұрғындары да көре бастады. Биыл наурыз айында аталған округте «Қарасаз-2023» аталатын ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, оның иелігіне 360 гектар егістік және 104 гектар жайылымдық жер берілген. Аталған кооператив келер жылдың өніміне егу үшін картоп, жоңышқа тұқымын және селитра сатып алды. Техникаға келетін болсақ, олар жақында «Zoomlion RN-904» маркалы тракторына тиімді бағамен қол жеткізді. Ауылдық округ әкімі аппараты мамандарының айтуынша, кооперативке мүше болуға ниетті тұрғындардан 171 өтінім қабылданып, бүгінгі күнге оның ішінен 86 тұрғын жеңілдетілген қаражатқа қол жеткізіп отырған көрінеді.

Иә, аграрлы аймақта ауыл шаруашылығындағы техника паркін жаңарту ісімен бірге, егістік алқаптарға су үнемдеу қондырғыларын ендіру бағытындағы жұмыстар да қоса атқарылуда. Биылғы жоспар – 295 гектар. Осыған сәйкес, Қызыларық ауылдық округіндегі «Дархан» шаруа қожалығы 38 гектар картоп алқабына тамшылатып суару қондырғысын іске қосса, Нұрлыкентте «Алинур» шаруа қожалығы, Қызыларықта «Алатау» және Ақсайда «Азамат» шаруа қожалықтары жаңбырлатып суару қондырғыларының тиімділігін көріп отыр. Биылғы жоспар толығымен орындалды.

Жалпы, ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіп кешенінің жұмысын дамыту ісінде заманауи ғылым мен білімге баса назар аударған жөн. Қай істе де тиімділік және сол арқылы өнімділікті арттыру мәселесі басты назарда. Бұл туралы да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылуы жайдан- жай емес.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support