- Advertisement -

Кәсіп тұрмақ, кәсіпорын ашуға мүмкіндік бар

72

- Advertisement -

Қазіргі таңда елімізде бизнесті қолдау мен оны дамыту аясында көптеген шағын несиелер мен субсидияланатын біршама жеңілдіктер қарастырылғаны белгілі. Олардың ішінде «Бизнестің жол картасы-2025», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Кәсіпкерлікті дамытудың жол картасы» және тағы басқа да бағдарламаларды айтуға болады. Сонымен қатар, «ҚазАгро» Ұлттық холдингі арқылы да беріліп жатыр. Алайда, бизнесті дамыту үшін тек қаражатты берумен ғана шектелетін болса ол қаржының тиімділігі мен тигізетін әсері де тиісті деңгейде болмайтыны тағы белгілі.

Сондықтан, кәсіпкерлікті дамыту үшін тек қаржылық көмектен басқа қаржылық сауаттылық пен бизнес жүргізудің қыр-сырларын, кәсіптің нәсібін көрсетіп, үйрететін әрекеттерді көбейту қажеттілігі туындауда. Осы бағытты іске асыру мақсатында ел Үкіметінің 2003 жылғы №775 қаулысымен құрылған «Qazinnovations» aкциoнepлiк қоғамы да бизнесті дамыту бағытында біршама жұмыс атқаруда. Акциoнepлiк қоғамның негізгі мақсаты мен міндеттері кәсіпкерлікті дамытып қана қоймай, жас кәсіпкерлерді үйретіп, тиісті білім мен дағдыларды қалыптастыру арқылы нарықтың соққыларына шыдас беретін бәсекеге қабілетті кәсіпті қалыптастыру мен дамыту.

Ол үшін өздерінің мемлекет тұрғысынан қаржыландыруға лайықты кәсіп иелеріне арнайы конкурстар ұйымдастырып отырады. Солардың бірі ретінде үлкен сомадағы гранттық қаржыландыру курстарынан өткен және арнайы сертификаттары бар кәсіп иелеріне арнайы гранттық қаржыландыру конкурстарына қатысу мүмкіндігін қарастырған. Бір сөзбен айтқанда, сертификаты бар кәсіпкерлер өз кезегінде бірінші кезеңде 20 миллион теңгелік байқауларға қатысып ұтып ала алады, екінші кезеңде 80 миллион теңгеге дейін қаржыландыру мүмкіндігіне шыға алатын конкурстарға қатыса алады.

Аталған қаражат жас кәсіпкердің өзіміздің елімізде ауқымды кәсіпорын құруға және инновациялық тұрғыда жаңаша кәсіптің көзін ашып, құрастыруға мүмкіндік береді. Жалпылай айтқанда, «Qazinnovations» aкциoнepлiк қоғамы технологияларды коммерцияландыруға бағытталған.

Осы мекеменің гранттық конкурстарына қатысу үшін «акселерациялық/инкубациялық» оқытудан өту міндеттеледі. Яғни, осы компаниянаның арнайы сертификаты болуы шарт, демек ол кәсіби тұрғыда шыңдалған, бизнестің қыр-сырын теориялық және тәжірибелік тұрғыда білетін кәсіп иелері болуы керек.

2023 жылы аталған мекеменің гранттық конкурстарына қатысу мүмкіндігін беретін сертификатты алу үшін «акселерациялық/инкубациялық» оқу курстарын жүргізу құқығын Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының оқытушылары ұтып алды.

Грант аясында кәсіпкерліктің алғышарттарын оқытудың 2 кезеңі жоспарланған. Бірінші кезеңде облысымыздың кәсібін жаңадан бастап жүрген кәсіпкерлеріміз қатысса, екінші кезеңде облыс жастарын, колледж және университет студенттерін оқыту. Сабақ барысында нарықтық экономика жағдайында бизнес-жоспар кәсіпкерліктің әртүрлі саласында қолданылатын іс-әрекет құралдарын таныстыру арқылы бизнестің алғышарттарын және дұрыс жасалған бизнес-жоспар арқылы кәсіпкерліктің өсуіне, нарықтағы позицияларына байланысты инвестициялар мен несие ресурстарын тартуға өз септігін тигізетін дағдылар берілді. Облыс кәсіпкерлерін, студенттерін бизнес-жоспар жасауға үйреттік және инновациялық жобаларын жасауға көмектесіп, нәтижесінде олар «Qazinnovations» aкциoнepлiк қоғамының сертификатымен марапатталды. Осы сертификатпен біздің кәсіпкерлеріміз, облысымыздың жастары «Qazinnovations» aкциoнepлiк қоғамынан 20 миллион теңгелік грантына таласа алады.

Бүгінде бизнес ашу үлкен жауапкершілік пен тәуекелді де қажет етеді. Оның жүруі, ақшаның айналымда болуы, бизнестің дамуы тағы бар. Ендеше, бизнесті қалай дамытуға болады? 2017 жылдан бері жалпы ішкі өнім санын арттыру мақсатында шағын, орта кәсіптің дамуына біраз жеңілдіктер жасалып жатыр. Осы орайда, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы бизнесті дамытудың 10 нақты қадамы жайлы өздерінің ресми сайтына жариялаған еді. Атап айтқанда:

– шағын несиелеудің көкжиегін кеңейту;

– халықты жаппай кәсіпкерлік негіздеріне оқыту;

– ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту;

– бәсекеге қабілетті бизнесті ұзақ мерзімді мемлекеттік тапсырыстар есебінен қолдау;

– шағын және орта кәсіпкерліктің экспортқа бағдарлануы – экономика өсімінің негізгі драйвері;

– кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы индустриялық және инвестициялық шешімдер қабылдауға негіз болады;

– «үкімет бизнес үшін» сервисін құру;

– мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларын қайта реттеу;

– қылмыстық және әкімшілік заңнаманы одан әрі ізгілендіру;

– барлық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқару органдарын ведомстволық және еншілес құрылымдарында нарық қағидаттарының сақталуына байланысты ревизия жасау.

Бизнесті дамытудың 10 нақты қадамын ескере отырып, Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институты «Экономика және бизнес» факультеті жас кәсіпкерлерді қолдауда өз үлесін қосуда. Атап айтар болсақ, былтыр сәуір айында «Әрекет-2023» атты республикалық жастар стартап жобалар байқауы өтті. Байқауға еліміздің облыстарынан жаңа идеяға толы колледж бен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Іс-шараға 50-ден аса инновациялық жоба қатысқан республикалық байқауымыз жастарымыздың ой-өрісінің кең екендігін көрсете отырып, креативті ойларымен бөлісті. Осыған тікелей атсалысқан облысымыздың белді кәсіпкерлері қаржылай қолдау көрсеткендігін де айта кеткен жөн. Олардың арасында «Атлас-Эстейт» құрылыс компаниясының директоры өз қаражаты есебінен 400 000 теңге, «Садыхан» компаниясы 200 000 теңге қаржылай көмек көрсетті. Бұл қаражаттар жүлделі орын алған студенттерге берілді.

Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген оймен биыл «Әрекет-2024» республикалық байқауының ауқымын былтырғыдан да кеңейтіп, салалар мен бағыттар бойынша жобаларды іріктеу арқылы жүлдегерлерді анықтау жоспарлануда. Мүмкіндікті пайдалана отырып, облыс жастарын осындай республикалық байқауға қатысу арқылы өздерінің бақтарын сынап көруге шақырамыз.

 

Риза АСЕМОВА,

Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институты «Экономика және бизнес» факультетінің оқу-ісі жөніндегі деканының орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support