- Advertisement -

Тіс бүлінді дегенше…

152

- Advertisement -

Екі күннен бері мазамды алған азу тісім, бүгін тіпті жанды қинай түсті. Содан бір танысымның ақылымен оның бір таныс дәрігеріне барып көрінбек болып қабылдау бөліміне хабарластым:
– Әллоу, бұл Күректіс Тістібаевтың тіс емханасы ма?
– Иә, сізге қандай жұмыспен? Қандай шағымыңыз бар?
Өзі тіс емханасы болған соң тістен басқа қандай шағым болуы мүмкін. Ауырған тіске қосылып, мынаның сөзі де…
– Мен пиццаға тапсырыс берейін деп едім.
– Қайдағы пицца? Бұл – тіс емханасы.
«Сол есіңе енді түсті ме» деп қоям ішімнен.
– Мен де сол тіс мәселесімен…
– А, онда сізді тіркеп қоям…
Оның қай уақытта тіркейтінін кім білсін? Ал тіс болса шыдатпай барады. Апыл-ғұпыл киіндім де, тіс емханасына бет алдым. Кезекке тұрмақшы болып едім, «кім соңғы» деудің өзіне кезекке тұру керек секілді, құжынаған адам. Содан бағы барлардың соңы боп, бағы тайғандардың алды боп кезекке тұрдым-ау әйтеуір.
– Сізден кейін мен, – дедім қолындағы үрпек жүнді итін еркелетіп отырған бір кісіге.
– Тісіңіз бе? – деді әлгі кісі астыңғы ернін жыбырлатып қана.
– Иә, – деуге ғана жақтың шамасы келді.
– Ал мен мынаған тіс салдыруға келдім, – деді де, әлгі ерсі қылығын қайталай.
– Итке ме? – дедім, жағыма жан біткендей, даусым оқыс шығып кетті.
– Иә, міне биыл уже онға толады, тісінің бәрі түскен. Әрі Күректіс Азубайұлы – қаладағы ең мықты тіс дәрігері.
Итін қайдам, өзінің отыз екі тісінің отыз екісі алтын екен, әлгі ернін жыбырлатып, біресе ыржиып отырғаны соны көрсетудің қамы екен ғой.
О, Тоба, біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы.
Ақыры не керек, кезегім келіп, дәрігерге де кірдім-ау. Көп сөзге келмей Күрекең тісімді қарай жөнелді:
– Не жеп едіңіз?
– Ет.
– Сол ғана ма?
– Анда-санда конфет…
Дәрігер бөлмені басына көтере күліп жіберді де, бірнәрсе жаза бастады.
– Кассаға 2000 теңге төлеп, түбіртегін әкеп беріңіз.
Тар кассада тағы да кербез көршімнен соң кезекке тұрдым:
– Қанша болды? – деді қолымдағы шимай-шатпаққа қарап көршім.
– 2000
– Доллар ма?
– Құдай сақтасын, 2000 теңге!
– Ал біздің Кутяның алтын тістерінің бағасының өзі 1000 долларға жуықтады.
Менің сол кездегі күйімді көрсеңіз. Ал мынаның итінің тісі… күйіп кеткір-ай, ә! Сондағы кіжінісімнен тісімнің ауырғаны да қойып кетті. Кезегімді алтын тісін ломбардқа өткізбек болған бір кісіге бердім де, атып далаға шықпақшы болғам… Қолпылдаған етігім, еден жуушы жаңа ғана жуып кеткен кафельдің бетімен сырғанай жөнелді. Сырғанап келіп, есік алдында аяғым аспаннан келді. Енді түргеле беріп едім, ашылған есіктің жақтауы жағыма тарс ете қалды. Мең-зең болған басымды көтеріп едім, түйенің жарты етіндей әлдекім төніп келеді екен. Сәлден соң гүрілдеген дауыспен:
– Сәл былай жатсай, жолға жатпай, – деді. Кісімісің дер емес, үстімнен таптап өтіп бара жатыр. Түйенің табанындай аяғына киген жылтыраған туфлидің астында әлдене жылтылдайды. О, Тоба, мынау менің тісім ғой.
– Тоқта, – дедім сол сәтте бойыма батылдық еніп. Менен қарсылық күтпеген әлгі неме орнында қатты да қалды. Ал мен жартысы сынған тісімді алдым да, далаға қарай безе жөнелдім.
Солай бір аурудан құтылып қуанышты жүр едім, енді екі-үш күннен бері ішім мазалай бастады. Емделу керек. Бірақ, бәрін көрген көз де, бәрін сезген жүрек те еш нәрсеге дауалар емес. Не істесем екен?

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support