- Advertisement -

Әлем жаңалықтары

88

- Advertisement -

Бейжіңде халықаралық конференция басталды

Бейжіңде халықаралық Қытай-Бейжің аудиовизуалдық конференциясы басталды. «Интеллектуалдық хабар тарату, аудиовизуалдық құралдардың келешегі» деп аталған іс-шараға әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ден аса ірі бірлестік қатысып жатыр.

Олардың арасында «Хабар» агенттігінің делегациясы бар. Төрт күндік басқосу аудиовизуалдық контент, технология, қауіпсіздік, инвестиция сияқты мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасуды мақсат етеді. Түрлі тақырыптық көрмелер өткізу жоспарланған. Жалпы, жиынға осы дыбыстық-бейнелік сала бірлестіктерімен бірге БАҚ, ғылыми институттар, мемлекеттік органдардың мыңдаған өкілі қатысып жатыр.

Жаһандану процесі мен Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жобасын ескерсек, бұл ұйымдастырылып отырған конференция өте маңызды. Жиын аймақта осы саланы бірлесіп дамытуға септігін тигізеді. Себебі, басқосу түрлі мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Қытай елі осы салада көп жетістікке жеткен. Сондықтан бұл Орталық Азия елдері үшін өте тиімді болмақ.

 

Ауғанстанға көмекке 1,3 миллиард доллар қажет

Ауғанстанға шұғыл гуманитарлық көмек көрсету үшін 1,3 миллиард доллар қажет. Бұл туралы БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелер жөніндегі басқармасы мәлімдеді.

Ұйым қаржы тапшылығынан елде көп бағдарламаларды қысқартуға мәжбүр болған. Салдарынан көп жылдар бойы қарулы қақтығыстан зардап шеккен елде гуманитарлық дағдарыс шиеленісе түскен. Құрылым осы себепті халықаралық қауымдастықты күзге дейін гуманитарлық көмек көрсетуге қажетті қаржыны тездетіп жинауға шақырып отыр. Ресми дерекке сүйенсек, 40 миллион тұрғыны бар Ауғанстанда халықтың жартысы кедейшілікке душар болған.

 

Хиросима қасіретін еске алу рәсімі өтті

Хиросима қаласында атом бомбасының жарылуынан қаза тапқандарды еске алу рәсімі өтті. Жыл сайын «Бейбітшілік саябағында» өткізілетін рәсімді қала мэрі Кадзуми Мацуи ашты.

Оған әлемнің түкпір-түкпірінен 55 мыңға жуық адам келген. Ел алдында сөз алған Хиросима мэрі әлемдегі барлық ядролық қаруды жоюға шақырды. Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 240 мың тұрғын қаза тауып, 163 мыңы зардап шекті. Қалада радиация тудырған ауру-сырқаулардың барлық түрі, оның ішінде лейкемия, катаракта және пластикалық анемия көптеп тіркелді. Бүгінде Хиросимада қатерлі ісікке шалдыққан науқас саны Жапонияның басқа өңірлерімен салыстырғанда он есе көп.

 

Рұқсат етілетін мерзім үш есе ұзарады

Ел үкіметі Қырғызстан азаматтарының Қазақстанда болуына рұқсат етілетін мерзімді 90 күнге дейін үш есе арттыруды жоспарлап отыр.

Сәйкесінше, Ашық НҚА порталында жарияланған қаулы жобасы күшіне енгеннен кейін Қырғыз республикасының азаматтары Қазақстан шекарасын кесіп өткеннен кейін 90 күнге дейін елде бола алады. Қазіргі таңда бұл мерзім 30 күнмен шектеледі. Ал, 180 күндік кезең ішінде Қазақстанда болған күндерінің жалпы саны 90 күннен аспауы тиіс.

Қаулы жобасының түсіндірме жазбасында бұл өзгеріс Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін енгізілетіні жазылған. Ол 2024 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ғана қолданыста болады.

 

Дүниежүзілік мұхиттар рекордтық деңгейде жылыды

Өте жылы мұхиттар көміртекті аз сіңіреді. Сонымен қатар, жоғары температураға байланысты теңіз деңгейі тез көтеріліп, балықтар салқын жерлерге ауысады, бұл өз кезегінде тамақтану тізбегін бұзады.

Дүниежүзілік мұхит бетінің орташа температурасы өткен аптада рекордтық ең жоғары көрсеткішке жетті – 20,96°C. Бұл 2016 жылы орнатылған рекордты жаңартты және ғалымдардың айтуынша, бұл рекорд та жаңаруы мүмкін, өйткені, максималды температура әдетте тамызда емес, наурызда болады.

Өткен аптада Жерорта теңізінің бетінде ең жоғары температура тіркелді – 28,71°C. Флорида-Кис архипелагындағы судың температурасы ыстық ваннадағы температураға ұқсас болды, 38°C-тан асып, әлемдік рекордты жаңартқан болуы мүмкін.

Сарапшылар бұның салдары планетаға үлкен апаттар әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Мұхиттардың ысуы теңіз фаунасына да әсер етеді. Рекордтық жоғары температура маржандарға да қауіп төндіреді, себебі Флорида жағалауындағы рифтер ыстықтан күңгірттенуі мүмкін.

 

«Алтын адам» Лувр музейіндегі көрмеге қойылады

Францияда Қазақстанның ұлттық көрмесін ұйымдастыру 2026 жылға жоспарланған. Луврдағы қазақ өнерінің көрмесінде «Алтын адам» тарихи жәдігері қойылмақ.

«Алтын адам» – Қазақстанның ең құнды жәдігері, елдігіміздің символы. Бұған дейін аталған жәдігерді халықаралық деңгейде ұлттық брендке айналдыру мақсатында «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық жобасы әлемнің 12 мемлекетінде жүзеге асты.

Еске сала кетейік, биыл ақпанда Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Луврда қазақ өнерінің көрмесі өтетінін мәлімдеді. «Қос мемлекет басшыларының кездесуінде 2025-2026 жылдары Францияда қазақ мәдениетінің күндерін өткізу туралы шешім қабылданды», – деген еді министр.

 

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support