- Advertisement -

КӨСЕГЕНІҢ КӨКЖОНЫ

81

- Advertisement -

Қазыналы қарт Қаратаудың бойында керіле созылып Көсегенің Көкжоны жатыр. Ол туралы деректер ту сонау ерте ықылым заманнан белгілі. Тіпті, нешебір аңызға бергісіз қызықты мәліметтер бар. Ол Қаратауды теріскей мен күнгейге бөліп жатқан қыраттың бөктерінде етек жайған, түгін тартсаң майы шығатын шұрайлы, қызылды- жасылды кілем тектес көк шалғыны аяққа оралатын әдемі, зер салып қараған адамның көзі тоятындай сұлу өңір. Үлкен Қаратау мен Кіші Қаратау жоталарының арасына орналасқан ені 20-30, ұзындығы 110-120 шақырым келетін шөбі шүйгін, шабындық пен егістіктері мол, сандаған мөлдір, таза бұлақтардан бастау алатын шағын өзендер көрік беретін, табиғаты бай аймақ. Оның алқаптарындағы және жер асты байлықтарын Жамбыл облысының Сарысу мен Түркістан облысының Бәйдібек, Созақ аудандары бөлісіп, тел еміп, тіршіліктің көрігін қыздырып отыр. Оның қатпар-қатпар жер қойнауында қанша қазба байлықтар жатыр!

Көктем айларында бүкіл қыраттар мен сайлар жасыл кілемге оранып, даланың лала гүлдері көз жауын алады. Қызыл кітапқа енгізілген небір өсімдіктер де осында. Олардың арасында жанға дауа дәрілік өсімдіктер де жеткілікті. Самал желге еркелей тербетілген қызыл, сары жауқазын гүлдер – тау қызғалдақтары қандай керемет… Осы Қаратау қызғалдақтарының жауқазындары ерте кезде Жібек жолымен ел кезген саудагерлер арқылы Түркияға, одан Еуропа елдеріне, әрі қарай Голландияға жеткізіліп, олар сандаған жылдар бойы күтіп, баптап, селекция арқылы қызғалдақтың ондаған (базбір мәліметтер бойынша 100-ден астам) түрін өсіріп, Грейг және Кауфман гүлдерінің арқасында мемлекеттің аты айдай әлемге белгілі болды емес пе? Қазіргі кезде қызғалдақтар голландиялықтар үшін айрықша табыс көзіне айналғаны рас. Бұл мемлекетке құт болып келген қасиетті гүлдің арғы түбі Қазақстан екенін олар еміс-еміс жеткен аңыз әңгімелерден ғана біледі.

Белгілі археолог-ғалым, тарих профессоры Мадияр Елеуов Қаратау өңірін, оның ежелгі керуен және соқпақ жолдарын, жер тарихын көп зерттеген кісі. Ол ежелгі сақтарды Жетісу, Сыр бойы және Дала сақтары деп үшке бөледі. «Олардың үшке бөлінуі тек орналасқан шекарасына ғана тән. Әйтпесе, бәрінің түбі бір. Парсы патшасы Кир соғысуға келгенде және Александр Македонскиймен (мұсылман әлемінде ол патша Зұлқарнайын делінеді) соғысарда да сақтар бір-біріне жаушы жіберіп, одақтасып отырған. Сондай шайқастардың алдында массагеттердің (сақтардың) патшайымы Тұмар (Томирис) ханым жан-жаққа жаушылар жіберіп, «Кең далада жолығып, ақылдасайық, кеңесейік» деп сәлем айтқан. Сақтардың көсемдері Көсегенің Көкжонында үш күн ақылдасып, жауды Қаратаудың теріскейінде – Талас-Шу өңірінде қарсы алайық деп пәтуа жасасқан. Тұмар ханымның одақтастарын неге Жонға шақырып, ақылдасқаны қазір белгілі. Себебі, Кир патшаның жер қайысқан қолымен суы мол, жыныс-жықпылы көп Сыр бойында шайқасу тиімсіз екеніне көзі жеткен. Өйткені, сақ жауынгерлері шашасына шаң жұқтырмас сәйгүліктерімен иен далада шайқасқанда қандай мықты жауды да жеңе алатын. Қаратаудың теріскейінде жан беріп, жан алысқан қанды шайқаста Кир патшаның әскерлері жеңіліс тауып, Кир патшаның шабылған басын қан толтырылған меске Томирис ханым батырып тұрып: «Көршілеріңе соғыс ашып, елді қан қақсатып, қанға бояп едің, Кир патша! Енді мына местегі қанды тойғаныңша іш!..» депті деген аңыз бар ел аузында. Мүмкін, шынында да солай болған шығар. Мұндай мәлімет біздің заманымыздан бұрын V ғасырда өмір сүрген грек тарихшысы, әлемде «тарих атасы» деп танылған, әйгілі «Тарих» кітабының авторы, жиһанкез Геродоттың жазбаларында да бар дейді айтушылар. Белгілі бір мәліметтерге сүйенетін болсақ, оның жоғарыда айтылған кітабының төртінші томында парсы патшасы Дарий Гистасптың және Кирдің сақтарға қарсы жорығы баяндалған екен. Онда сақтар (скифтер) елі жөнінде аса құнды мәліметтер бар делінеді.

Ата-бабаларымыз қарт Қаратаудың қатпар- қатпар қырқаларының ортасындағы Көсегенің Көкжонынан ары қарайғы оңтүстік бетті түгелдей «Күнгей» атаса, оған қарама-қарсы солтүстік тарапты «Теріскей» деп таныған. Шәмші Қалдаяқовтың «Теріскей» әні осы өңірге арналған.

«Көсегенің Көкжоны», «көсеге» деген атау неден, қалай шыққаны, оның нені меңзейтіні әлі күнге жұмбақ. Қазақта «Көсегең көгерсін!» деген жақсы тілек білдіріп, жастарға бата беретін дәстүр сақталған. Көсегенің екі мағынасы бар. Бірі – құт, береке, өмірдің жақсы, мәнді, сәнді болуын тілеу болса, екіншісі – теңіздің, айдын көлдің табанын жал-жал етіп көтеріп тұратын су түбінің шөгіндісі, яғни дөңес арал деген сөз. Сірә, көне дәуірде Сыр өзені мен Талас-Аса өзендері теңіздей шалқып жатқан тұста қарт Қаратаудың жота-дөңестері әлгілерді екі бөліп жатқан болар. Бұл аймақ ежелгі теңіздің табаны екендігіне ғылыми дәлел жетерлік. Келе-келе топан су тартылып, таудың үсті көкорай шалғынға, табиғаты әсем аймаққа айналған сияқты. Көсегенің Көкжоны (жергілікті халық оны қысқартып «жон» деп атап кеткен) деген атауды сол дәуірлерде өмір сүрген ежелгі сақтардың, түркілердің қолдануы әбден мүмкін.

Жері шұрайлы, ауасы таза, суы мөлдір «Көсегенің Көкжоны» аталатын жерұйық өңір жайлы (Майкөт, Тәкен Әлімқұлов, Сәуірбек Бақбергенов, Аян Нысаналин, Дүкенбай Досжанов, Несіпбек Айтов, Пернебай Дүйсенбин, Дулат Шалқарбаев, Өтеш Қырғызбаев және тағы да басқа қаламгерлер) қалам тербеп, сыр тартып, жырларына қосқан. Мысалы, Т.Әлімқұлов өзінің «Байырғы өңір» деген еңбегінде: «Кəріқұлақтар бұл жон туралы неше түрлі əңгіме шертеді. Соның бірі – Асан Қайғының арманы. «Əттең, Көсегенің Көкжоны-ай, саңлақтың сауырындай екенсің!» – депті. Көкжон туралы ақын-жазушылардың еңбектерінен біраз мәліметтер алуға болады. Мысалы, қазақтың классик жазушысы Тәкен Әлімқұлов көрші Бабатадан келіп, алғашқы еңбек жолын осы «Үшбас» колхозында есепші-табелшік болып бастаған. Ол туралы ол өзінің аяқталмай қалған «Жизнь в скитаниях» деген орыс тілінде жазған әдеби естелігінде келтіреді.

Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов те 1954 жылы Көкжонда жаңадан ұйымдастырылып жатқан «Түркістан» тың совхозының тыныс- тіршілігімен танысуға арнайы келіп, екі-үш күн ел-жұртпен әңгімелесе келе «Түркістан солай туған» атты көркем очерк жазғаны белгілі. Очерктегі кейіпкерлердің ұрпағы әлі де осы өңірде өсіп-өніп жатыр. Оны жергілікті тұрғындар әркез мақтаныш көреді. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» атты романында да Көсегенің Көкжоны туралы біраз мәліметтер келтірілген.

Қаратау – тұнып тұрған тарих. 2018 жылы 1 маусымда жолым түсіп, Жаңатас қаласындағы «Қаратау» кен басқармасының бастығы Мұратқали Сәрсеновтің кабинетінде болдым. Кабинетте Қаратау өңірінің сан түрлі тастарының жиынтығы бар екен. Соларды қызыға қарап тұрғанымда қасыма келген Мұратқали мырза:

– Мына тасқа зер салыңызшы, Сәке, – деп менің назарымды қолындағы шағын көкшіл тасқа аударды. Тастың бетінде әлде көбелек немесе өрмекші ме, жабысып тасқа айналып, таспен бітісіп кеткенін байқадым.

– Қонаққа келген академик Ғаппар Ерғалиевқа көрсеткенімде ол таңғалғанын жасырмай: «Жер шарының пайда болғанына 4,5 миллиард жыл болды деп жүр қазіргі ғалымдар. Мүмкін, онысы, рас болар. Осы аймақ көне заманның көзін көрді. Тіл бітсе, тарихтың талай құпиясы ашылар ма еді. Таудың тастарына көз салып көріңдер. Әрбірі құпияны ішіне бүгіп жатыр. Әріден әңгіме қозғамай-ақ қоялық, кешегі жоңғар шапқыншылығы кезінде осы жерлерде қиян-кескі соғыстар болған. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді», деген өлең жолдары да бар емес пе? Отызыншы жылдардағы аштықта да бұл мекен қазақ халқының зұлматтан аман қалуына көп септігін тигізді», – деп еді белгілі ғалым. Зерттелмей жатқан жұмбақ дүниелер әлі қаншама?! Мына тас Қаратау өңірінің біз білетін тарихын одан әрі кеңейте түсті. Бұл мыңдаған ғасырлық тіршіліктің куәсі ғой. Қаратаудың қойнауы тарих көмбесі, зерттей түсу керек, зерделей түсу керек екен».

Иә, бұл өңірде кімнің ізі қалмаған?! Ұлы Отан соғысы қайнап тұрған отты жылдары қазақтың әйгілі палуаны Қажымұқан Мұңайтпасов Оңтүстіктегі Темірланнан арбаға отырып, Қаратау бойындағы, Көкжондағы ауылдарды аралап, өнер көрсетіпті. Одан жинаған қаржыны мемлекетке өткізіп, әскери ұшақ жасатып, майданға жіберіпті.

1948 жылы Құмкентке археологиялық экспедицияны басқарып келген ғұлама ғалым- академик Әлкей Марғұлан Саудакент пен Үшбаста болып, ескі қалашықтарды көріп, «өмір жеткізсе, арнайы келіп, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізем…» деп кетіпті. Әрине, бұл осы жұмбаққа толы өңірдің бір ғана шағын біз білетін эпизодтары. Ал, білмейтініміз қаншама?!

Тарихы терең Көкжонда ХХ жүзжылдықта колхоздастыру кезеңінде Сарысу ауданы бойынша бар болғаны екі-ақ орта мектеп болған. Оның бірі – аудан орталығы Саудакентте болса, екіншісі Көкжондағы Үшбаста болған. Соңғысының жанында интернат болып, сол аймақтағы ауылдардың балалары білім алған. Олардың арасынан Р.Ерсейітов, А.Сәрсенбаев, И.Жақанов және тағы да басқа азаматтар мектептен кейін жоғары білім алып, ұзақ жылдар ел басқарған, өнер саласында қажырлы еңбек еткен. Жон аймағындағы халықты бірлікке шақырып, колхоздар ұйымдастыруға жергілікті абыройлы азамат Жұмағұл Ақатов көп жылдар бойы еңбек сіңірді, есімі халық есінде қалды. Қазір сол өңірде «Ақат бұлағы» деген суы мол, мөлдір, суы таза көз бар.

Еліміздің тарихында есімдері қалған алғашқы тау- кен инженерінің бірі, Алматыдағы политехникалық институтының ұйымдастырушысы әрі алғашқы ректоры Әшір Бүркітбаев, Түркістан қаласы атқару комитеті бастығының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер басқармасының бастығы болған Ағабек Байдуллаев осы жондағы Қаратас, Үшбас ауылдарының тумасы. Өкініштісі, екеуі де 1937-1938 жылдары «халық жауы» деген жаламен атылып кеткен.

Көсегенің жонында менің кіндік қаным тамған Үшбас деген шағын ғана ауыл бар. Үшбас атауы ауылдың күншығыс жағын қоршап тұрған үш таудан алынған. Бастөбе, Ортатөбе, Аяқтөбе деген әр тау-төбенің өз жеке аттары бар. Бұл көптеген көз жасындай мөлдір, таза, мол сулы Бәйімбет, Қаракөз, Майбұлақ, Тасбұлақ, Шырымбет, Әулиебұлақ бұлақтарынан басталып, Созақ өңіріндегі емдік қасиеті мол Қызылкөл көліне құятын Үшбас өзенінің соңы. Шілденің ыстығында өзен суы азайғанымен, көктемде, қыста мол түскен қардың еріген суына жаңбыр-жауын қосылып, буырқанған тау өзеніне айналатын, тіпті ағысы ат өткізбейтін тентек мінезі бар. Кей кісілер кезінде өзен жағасы қалың тоғай болған дейді. Болса болған шығар, қазір де солардың жұрнағы ретінде әр тұстан өзен бойынан көкжелек ағаштарды кездестіруге болады.

Қорғантөбе, Қарауылтөбе, Қоңыртөбе, Қамыр әулие, Аққырқаның, ескі зираттар мен қорымдардың сырын кім біледі? Неге анау бір таулы қыратты Аюсоққан, екіншісін – Бүркітті, үшіншісін – Арыстанды, төртіншісін – Бұзаушоқы, әнебір суы мол, шөбі шүйгін жалпақ сазды Бәйімбет сазы, басқа бір күнгей беттегі сазды Үркімбай сазы деп атаған? Қаратау сілемдеріндегі Бүркітті мен Итауыз деп аталатын қақпа арасында қалмақ шапқыншылары мен қазақтар арасында кескілескен үлкен ұрыс болыпты деген аңыз әңгіме, сірә, бекерден-бекер айтылмаған болар… Ол жерде жоңғарлар қырғынға ұшырап, жеңілістің ащы дәмін татып, тарыдай шашылып, тоз-тоз болып кетіпті. Ол жер қазір «Қалмаққырған» деп атануы осы тарихи оқиғаның куәсі секілді. Осы аймақтың бір биік шоқысына «Бұл өңірде ХVІІІ ғасырдағы ел басына күн туған қилы заманда қазақ халқының тағдыры шешілген тарихи қазақ-қалмақ шайқасы болған. Егемен елдігімізді қорғаған баһадүр бабалардың рухына мәңгілік тағзым!» деп жазылған көрнекті белгі қойылса артық болмас еді-ау деп ойлайсың.

Бұл өңір тарихи орындарға бай. Мысалы, қазіргі Көкжондағы Арыстанды ауылының маңында Ш.Уәлиханов атындағы тұрақ бар. Ол Арыстанды өзенінiң оң жағалауында орналасқан. Уәлиханов атындағы тұрақ – отандық археологияда байырғы адамдардың өмiрiнен, шаруашылығы мен тұрмысынан мол мағлұмат беретiн бiрегей ескерткiш болып саналады. Ол тұрақта әр жылдары қазақтандықтармен бірге Жапон, Германия, Ресей Федерациясының археолог-тарихшылары зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Жоғарыда аталған Үшбас ауылы төңірегіндегі Қорғантөбе, Қамыр әулие, Қарауылтөбе, Ақжар Х-ХІ ғасырлардан қалған қорған-қамалдар, ежелден келе жатқан тарихи орындар.Үшбас ауылының қасындағы Қорғантөбе қамалы ежелгі заманның естелігі.

Ал, Бастөбенің ең биік жерінде 20х25 метрдей тегіс алаң бар. Жан-жағында ежелгі күйген кірпіштер сынығы шашылып жатыр. Кезінде, ертедегі жаугершілік заманда бұл жерде қарауыл ғимараты болған дейді айтушылыр. Ақжарда да жауын-шашын ескі дәуірдің куәсі – күйген кірпіштер мен сынған құмыралардың қалдығын «жалаңаштап» барады. Қаншама қалашық топырақ басып, құм астында жатыр? Қамыр әулие мазар-кесенесі Үшбас ауылынан 1,5-2 шақырымдай жердегі ескі бейіттер ортасында дара тұр. Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданында ислам діні негізіндегі шығыстың бүкіл білімімен сусындаған көрнекті тұлға Марал ишан Қамыр ана жанында жерленген. Қамыр ана туралы мәліметтер жоқтың қасы. Ел сөзіне құлақ салсақ, Қамыр ананың баласы мен күйеуі жау қолынан өліп, өзі жалғыз қалғанда Алладан жәрдем тілеп, зар жылап, «өлетін жерімді әулие қыл, басыма халық зияраттап келсін. Болмаса, қасыма әулие кісі жатсын. Дұғасыз қалмайын», деп күндіз-түні жылап, дұға ете берген. Марал ишанға Қамыр ананың қасына жерленуі жайында берілген аянның бір сыры да, Жылауық ана деп те аталатыны содан. Көкжондағы Қамыр әулие екеуі арасында, біздің ойымызша, еш байланыс жоқ деп топшалаймыз. Сырт көрінісінде ерекше сәулет жоқтың қасы. Қабырғалары күйдірілген төрт бұрышты қызыл кірпіштерден төрт құлақты етіп қаланған. Айтушылар бұл ІІІ ғасырдың туындысы дейді.

…Таяуда ауылға барғанымда, сөзден-сөз шығып, Қамыр әулиенің қасиеті туралы әңгіме өрбіді. Сонда, ауылдағы мектептің директоры Мақсат Үмбетұлы: «Қамыр бабаның ерекше қасиетін мен өз көзіммен көрдім. Әнеу бір жылы мал ауылдағы қойларымызға белгісіз бір ауру жабысып, күніне 10-12 қозы өле бастады. Мал дәрігерлердің көмегіне жүгіндік, дәрі-дәрмектер ектік. Бірақ, ауру дес бермеді, өлім-жітім жалғаса берді. Соны білген көршіміз Күміскүл әже «малдарыңды Үшбастағы Қамыр әулиеге апарып түнетіп көріңдер. Себеп болып, індеттен арылар. Менің келін болып түскен жас кезімде ауыл-аймақ адамдары сөйтіп, малдарын сан түрлі аурудан арашалап қалатын. Қамыр әулие атаның қасиетін сол кезден білемін. Тәуекел деп малдарыңды сонда апарып, төңірегіне жайып, түнетіп қайтқандарың жөн болар…», деп ақылын айтты. Содан, ниет қылып малдарымызды екі-үш жүк таситын үлкен автомашинаға тиеп, Қамыр әулиеата маңына апарып, түнеттік. Таңертең қарасақ, ауырып жүрген екі қозымыз өліп қалыпты. Ауылға кері қайтып келгеннен кейін байқадық, малдарымыздың арасында қауіпті ауру тыйылды. Міне, содан кейін Қамыр әулиенің қасиетіне сенетін болдым», деп өз әңгімесін аяқтады. Ауылдағы кәріқұлақ адамдардың айтуынша, бала көтере алмай жүрген біраз әйелдер, ниет қылып Қамыр әулие басына келіп, Құран оқып, түнеп шыққаннан соң балалы болғаны жайлы біраз мәліметтерді келтіреді. Кім білсін, сірә, Қамыр атаның әулиелік қасиеті шынында да бар болар…

Қамыр әулие кесенесі осы күнге дейін Жамбыл облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері ретінде мемлекеттік тізімге енбегені қызық. Өлкетанушылар арасында да ол туралы еш мәлімет жоқ.

Қазақ даласы сырға, тарихқа, аңызға, шежіреге, сұлулыққа толы екені белгілі. Әр өңірінің тасқа түскен немесе ауыздан-ауызға аңыз болып көшкен тағдыры мен тарихы бар.

Қорыта айтқанда, Жамбыл облысының Туризм басқармасы, Сарысу ауданының басшылары біз көтеріп отырған мәселеге бейжай қарамай, назарында ұстап, туристерді тартатын ішкі туризм бағдарламасына қасиетті Қаратау бойындағы шұрайлы аймақ, тарихы терең – Көкжон өңірін енгізгені артық болмас еді. Туған жерге тағзым осындай қасиетті орындарды қадірлеп, қастерлеуден басталады.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support