- Advertisement -

Мемлекеттік рәміздер – мәртебелі құндылықтар

720

- Advertisement -

Біз егемен Қазақстанның еркін ойлы азаматымыз. Өзіміздің елімізді, жерімізді сүйеміз. Туған өлкемізді қастерлейміз. Біртұтас көпұлтты мемлекетіміздің Конституциясын құрметтейміз. Заңдарын сақтаймыз. Талаптарын орындаймыз. Тәуелсіздігімізді жан-тәнімізбен қорғаймыз.

Өркениетті елдер қатарына жету жолында аянбай тер төгеміз. Бәрекелді! Осы патриоттығымыздың өзінің ең жоғары апогейін бағындыруына тағы да бір ерек ұғымдар керек. Алдымен, патриоттық дегеніміз не, осы сөзге терең бойлап көрейікші. Патриотизм – (грек, patris – отан, атамекен) – өзінің жеке және толық мүдделерін жалпы елдің мүдделеріне бағындыратын, оған адал қызмет етіп, өз Отанын қорғауды мақсат тұтатын, туған Атамекеніне деген терең сүйіспеншілік сезімі. Демек, әрбір азаматымыздың қоғамда барынша білімді, жан-жақты, саналы, білікті болуы қаншалықты маңызды болса, олардың Отанымызға деген сүйіспеншілігінің де мол әрі кіршіксіз болуы соншалықты маңызды. Кез келген елдің дамуы олардың адамдарының Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншіліктеріне тікелей байланысты. Біздер де Қазақстанның азаматы ретінде осы позицияны ұстануымыз тиіс. Сүйікті Отанымызға деген сүйіспеншілігіміз ең әуелі оның мемлекеттік нышандарын көздің қарашығындай дәріптей білуімізден басталмақ. Нағыз патриоттық осы.

Мемлекеттік нышандар – біздің ұлттық мақтанышымыз. Мемлекеттік нышандарды қадірлеу – отансүйгіштіктің белгісі, мемлекеттік нышандарды құрметтеу – мемлекетімізді құрметтеу деген сөз. Мемлекеттік нышандар, негізінен – Ту, Елтаңба және Әнұран. Бұлар – Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін жер-жаһанға танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Халқымыздың жасампаз рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арманын, өр мақсатын білдіретін құнды белгілер.

Ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан қазағымыздың шежірелі тарихында ата-бабаларымыз өз байрағын қашан да алғы шепте марқая, мақтана тік көтере ұстап, майдан даласында, шайқас алаңында жанын қиса да туын төмен түсірмеген. Міне, осындай мемлекеттік нышанға деген құрметті өзімізден кейінгілерге үлгі ете отырып, жас ұрпаққа насихаттау, олардың отансүйгіштік сезімін жоғарылату баршамыздың Отан алдындағы борышымыз болуы тиіс.

Қазіргі мемлекеттік рәміздерімізді білмейтін адам болмауы керек. Отбасынан басталып, мектепке дейінгі мекемелерде, мектепте, арнаулы орта және жоғары білім ордаларында берілетін оқу-тәрбие процестері әрбір баланың өз мемлекетінің атрибуттарын барынша бойына сіңдіріп, отаншыл сезіммен өсуіне тікелей бағытталған. Соның нәтижесінде мемлекеттік рәміздерді насихаттау ісі педагогикалық білім беру жүйесінде және білім беру тәжірибесінде айтарлықтай табыстарға қол жеткізуде. Мемлекеттік рәміздерді меңгеру мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде, барлық білім ұяларында ғана емес, қоршаған орта мен қоғам мүшелерінің қарым-қатынасы аясында да тәрбиелік жұмыстың басты бір бөлігіне айналды, сондай-ақ, жалпы білім беру мектептері мен ҰБТ бойынша да міндетті түрдегі арнайы пән ретінде енгізілген. Осы талаптың арқасында бүгінгі жастар өз мемлекетінің рәміздерін ата-аналарына қарағанда жақсы біледі десек қателеспейміз.

Білсем, оқып-үйренсем дегенге мемлекеттік нышандар жайлы қызықты мағлұматтар да жеткілікті. Әр рәміздің артында үлкен тарих, зор мағына жатыр.

Мемлекеттік нышандар – біздің ұлттық мақтанышымыз. Мемлекеттік нышандарды қадірлеу – отансүйгіштіктің белгісі, мемлекеттік нышандарды құрметтеу – мемлекетімізді құрметтеу деген сөз.

Қазақстан да 1991 жылы өз егемендігін жариялаған кезде оны ең әуелі тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декларациясын қабылдау арқылы бекітті. Содан кейін күн тәртібінде ең бірінші болып мемлекеттік рәміздерді қабылдау мәселесі тұрды. Алғашқы міндеттердің бірі ретінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарын әзірлеу жұмыстары қолға алынды. 1992 жылдың басында Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік нышандарын дайындау жөніндегі жұмыс тобы құрылып, жаңа рәміздерге байқау жарияланды. Оған қатысушылардың алдына күрделі әрі жауапты міндеттер қойылды. Мемлекеттік рәміздер, әсіресе тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес келуі тиіс болды. Байқауға шығармашылық саланың көптеген өкілдері, талантты қылқалам шеберлері, сазгерлер мен ақындар қатысты. Мемлекеттік тудың конкурсына Қазақстан, ТМД, Түркия, Германия, Монғолия елдерінен 600 адам қатысып, 1200 жоба ұсынылған. Олардың арасында шаңырақ пен ай, көк бөрі мен үш жолақ, жұлдызшалар бейнеленген қою көк түсті алуан түрлі нұсқалар болған. Сондай-ақ, конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты.

Мемлекеттік нышандар атаулары туралы термин сөздердің қазақ тілінде дұрыс қолданылуына да баса назар аударылды. Соның нәтижесінде «елтаңба», «әнұран», «рәміз» деген сөздер тілдік қолданысқа енді.

Сөйтіп тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба тәуелсіздігіміздің жариялануының дәл 130-шы күні, яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Бұл күн мемлекеттік рәміздердің туған күні ретінде еліміздің тарихында мәңгі қалды. Осы 31 жылдан бері Қазақстан байрағы қазір әлемнің басқа да тәуелсіз мемлекеттерімен бірге БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб пәтерінде желбіреп тұр. Ел Әнұраны олимпиада ойындарында Қазақстан спортшыларының құрметіне шырқалады. Елтаңбамыз ұлттық теңгенің басып шығарылған банкнотында бейнеленген. Мемлекеттік рәміздеріміз алғашқы қазақстандық ғарышкерлермен бірге ғарышта да самғады.

Ал, 2005 жылы еліміздің халықтық жаңа Гимні қабылданды. Бабалардың ғасырлар бойғы арманы – «Менің Қазақстаным» деген құдіретті әуен елімізді ұлы болашаққа асқақтатып алып барады. Осының бәрі – Қазақстанның жаңа тарихының қастерлі беттері. Оның қасиеттілігі сол, Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба және Гимннен бастау алады. Оларды жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңселі азаматтары қалыптасады. Біз Тәуелсіз Қазақстанның азаматтары бұл күндері бүкіл еліміз болып Гимнімізді шырқаймыз. Туымыз бен Елтаңбамызды мақтан етеміз.

Мемлекеттік рәміздердің ерекше бір нышаны – мемлекеттің Туы туралы танымал тарихшы, профессор Бүркітбай Аяғанның дерегін мысалға келтірейік. «Қазақтың көк байрағының тарихы Түркі қағанаты, Хазар қағанаты, Селжұқ қағанаты, Ақсақ Темір мемлекеті және Қазақ хандықтарының тарихымен сабақтас. «Көк» сөзінің көне түркі тіліндегі бір мағынасы «шығыс», «шығыстық» деген ұғымға сәйкес келеді. Қазақстан Республикасының Туындағы күн бейнесі – ежелден белгілі тарихтық нышан, тіршіліктің негізі мен жарық сәулесін білдіреді. Қазақтың тарихи тамыры сақ, үйсін, ғұн және басқа тайпалармен байланысты. Тәңіршілдікті ұстанған ежелгі түріктер көк аспанға, күнге, ауаға, жерге табынған. Сондықтан Тудың көк түсі халықтардың өзара тарихи сабақтастығын аңғартады. Бүркіт бейнесі билік пен күштің белгісі ретінде танымал. Сондықтан, бұл геральдикалық нышан әлемде көптеген елдердің мемлекеттік эмблемасы ретінде көрініс тапқан», – деп жазды ол «Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің қалыптасу тарихы» атты альбом-кітабында. Осы жерде, байқаудан іріктелініп, комиссияның қырағы таңдауынан өтіп, ресми қабылдануға ие болған Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туының авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков екенін атап өткеніміз абзал. Ежелгі Тараз жерінде дүниеге келген даңқты суретшіні жерлестері де мақтан етеді.

Несін жасырамыз, қайбір жылы жоқ жерден мемлекеттік рәміздерді аяқасты ету сияқты келеңсіз жайлар орын алды. Бір тәуірі, ондай оқиғаларды ұлтын сүйетін азаматтарымыз дер кезінде байқап, оған тиісті мекемелердің назарын шұғыл аудартты. Әлгіндей телі мен тентектік көрсеткендерге заңнамаға сәйкес шара қолданылды.

Шетелдік сайқымазақ актер Саша Барон Коэннің де біздің мемлекетімізді әлемге паш етем деп керісінше ыңғайсыз күйге қалғаны есімізде. «Борат-2» фильмін қолдауды ұйымдастырған оның жанкүйерлерінің Австралия жағажайында қазақ туымен жалаңаш билеген видеосы бүкіл қазақстандықтардың ашуына тиді. Фильмге Қазақстан туын пайдаланып, жарнама жасалуы халық наразылығын тудырды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жағажайда жалаңаш күйде туымызға құрметсіздік жасаған шетел азаматтарының өрескел әрекетін қатаң айыптап, тиісті мәлімдеме жасады. Бұдан бөлек, бүкіл қазақстандықтар жер-жерде және түрлі әлеуметтік желілерде «Мен туымды мақтан етемін!» атты суретті көрнекіліктер жариялап, флешмобтар мен акциялар ұйымдастырды. Осыдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарауды қолға алды. Мемлекет басшысы қолданыстағы заңнамада туды пайдалануға қатысты шектеулер барын мәлімдеп, пәтер балконына немесе үй қабырғасына ту ілуге рұқсат беруді де ұсынды.

«Қолданыстағы заңнамада Туымызды пайдалануға қатысты шектеулер бар. Мысалы, пәтерлердің балконына немесе үйлердің қабырғасына Ту ілуге тыйым салынған. Заңнамалық және нормативтік актілерді, ең алдымен, Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter-дегі парақшасында. Президенттің бастамасымен редакцияланған нормативтік құжатта ҚР Мемлекеттік туын жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда, оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда патриоттық сезімдерін, қазақстандық бірегейлігін білдіру үшін, ел азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана алатын болды. Жеке тұлғаларға осы қағидаларға енгізілген өзгерістерге сәйкес, ҚР Мемлекеттік туын бір қабатты немесе көпқабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулет ерекшеліктеріне қарамастан пайдалану мүмкіндігі берілді. Енді жеке тұлғалар ғимараттарда орналастырылатын Мемлекеттік туды қараңғы уақытта жарық құралдарын қолданбай-ақ пайдалана алады. Жалпы алғанда, жоғарыда көрсетілген өзгертулер Мемлекеттік тудың қолданылу аясын едәуір кеңейтті, оның қоғамдағы патриотизм рухын нығайтуға бағытталған символдық капиталын жаңаша ұғынуға мүмкіндік берді.

Биылғы жылдың 5 маусымында елордадағы «Атамекен» этно-мемориал кешеніндегі Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев қастерлі нышандарымызды құрметтеу әрбір азаматтың перзенттік парызы екеніне назар аударта: «Біз асыл құндылықтарымызды аяқасты етуге жол бермейміз. Биыл мемлекеттік рәміздерді қорлаған адамдарды жазалау шаралары күшейтілді. Түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Отаншылдық мемлекеттік рәміздерді қастерлеуден басталады. Біз ұлттық нышандарымызды ұлықтау арқылы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетеміз. Оларды отансүйгіштік, жасампаздық рухта тәрбиелейміз» – деп, мемлекеттік рәміздердің егемендік пен елдіктің ең басты белгісі екенін атап өтті.

– Көк Байрағымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз – күллі халқымызға қастерлі нышандар. Біз үшін тәуелсіздік – ең қымбат құндылық, ал туымыздың асқақ желбірегені – аса биік мәртебе. Батыр бабаларымыз сын сағатта әрдайым бір тудың астында жиналған. Бөрілі байрақ күллі түркі жұртын біріктірген. Абылай ханның ақ туы бүкіл қазақтың басын қосқан. Алаш туы арыстарымыздың жігерін жанып, намысын қайраған. Біз бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып келеміз. Байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Оны ғарышкерлеріміз көк жүзіне көтерді. Альпинистеріміз әлемнің ең биік шыңдарына орнатты. Спортшылар жеңіс тұғырынан желбіретіп, Әнұранымызды шырқатты. Күллі әлем Қазақ елін көк Байрағына қарап танитын болды, – деді Мемлекет басшысы.

Біз болашақта бұдан да бай, қуатты елде өмір сүретінімізге сенімдіміз. Ел таңбасы мөрлеп басылған бәріміздің жүрегіміз Отан деп соғады, ашық мөлдір аспанымызда Тәуелсіздік туының мәңгі желбіреуін қалайды. «Менің Қазақстаным» атты ұлы Гимн әрбір қазақстандықты бірлік пен татулыққа үндейді.

 

 Үміт БИТЕНОВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support