Майдангермен кездесу

Майдангермен кездесу
ашық дереккөз
Майдангермен кездесу
Ел басына күн туып, ат ауыздығымен су ішкен жылдарда Отан үшін отқа түскен ерлердің есімі ұмытылмайды. Бұл күнде от пен оқтың ортасынан оралған майдангерлеріміз де саусақпен санарлықтай ғана қалды. Облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ» залы ғимаратында «Жеңістің 79-шы көктемі» атты соғыс ардагерлерімен кездесу кеші ұйымдастырылды. Аталған жиынды облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева сөз сөйлеп ашып, мұндай кездесулердің жас ұрпаққа беретін ұлағаты мен тәрбиесі мол екеніне тоқталды. Іс-шараны «Даңқ» залының меңгерушісі Құрманғазы Демешов жүргізіп отырды. Келесі сәтте сөйлеген Ұлы Отан соғысының ардагері, ақын-журналист Мүтәліп Ережепбайұлы майдан даласындағы сұрапыл жылдар жайлы толғана баяндады. «Ол кезде азаматтардың бәрі Отанды ойлады, еліміз бен жеріміздің амандығы үшін шайқасты. Көп жігіттерден айырылдық. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Ондай отты жылдар ешқашан болмасын. Еліміз аман, жастар бақытты болсын, бейбіт заман болсын», – деді. Мұнан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөйлеп, баршамызға осынау бейбіт күнді сыйлаған майдангерлердің орны бөлек екеніне тоқталды. «Соғыстың соңғы солдаттары санаулы қалды. Оларды құрметтеу, өздеріне және отбасына қолдау көрсету – міндетіміз. Майдангерлер мен тыл ардагерлері үнемі назарымызда», деген Еркінбек Бейсенбекұлы майдангерге құрмет көрсетті. Майдангерге мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарапынан да сый-сияпат жасалды. Жиынға қатысқан өзге азаматтар да сұрапыл соғыстың зардабына тоқталып, бүгінгі тыныштық пен бейбіт күннің жақсылығын кеңінен әңгімеледі.  

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар