Депутаттар жұмысы жайлы есеп берді

Депутаттар жұмысы жайлы есеп берді
ашық дереккөз
Депутаттар жұмысы жайлы есеп берді
«Amanat» партиясының облыстық филиалында партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері Керімқұл Бегалиев пен Андрей Савченко партияның сайлауалды бағдарламасының міндеттеріне сәйкес атқарған жұмыстары жайлы есеп берді. Әуелі Керімқұл Бегалиев сегізінші шақырылымның депутаты болған уақыттан бергі кезеңде партияның бес жылға арналған сайлауалды бағдарламасында өзіне жүктелген міндеттерді қалай жүзеге асырып жатқанына тоқталды. Айтуынша, халық қалаулысы партияның «Жер аманаты» жобасы аясында заңсыз берілген немесе пайдаланылмаған жерлер мен жайылымдарды мемлекет меншігіне қайтару мәселесіне байланысты өткен 4 айда ондаған іс-шараға қатысып, бірқатар жайылымдық жерлердің мемлекетке қайтарылуына ықпал еткен. Мәселен, Жуалы ауданы, Жетітөбе ауылдық округінің бір топ шаруалары депутатқа өз өтініштерімен қайырылып, мал жайылымдары тарылып бара жатқандықтан, жайылымдық жер мәселесін шешіп беруді сұраған. Осыған байланысты облыстық және аудандық депутаттардың араласуымен басқа жер иелерімен келісім жасалып, нәтижесінде іс оң шешімін тапқан. Мұндай жағдай ауданның Билікөл ауылында да орын алып, мұндағы 45 шаруа қожалығының иесі де жасалған ортақ келісім арқылы жайылым жерлерді бірге пайдаланатын болып шешті. – Партияның сайлауалды бағдарламасының 2025 жылға дейін елді мекендер аумағында 600 мың ағаш отырғызу қажет деген тармағы бойынша зерделеу жұмысын жүргіздім. Яғни, тиісті мекемелерге барып, қанша ағаш отырғызғандарын анықтап, жақында өткен фракция отырысында осы мәселені талқыладық. Бізге берілген ақпарат бойынша биыл 32 мың ағаш отырғызылған екен. Жыл сайын осынша ағаш отырғызып жатырмыз дейді мекеме мамандары. Шындығында осынша ағаш отырғызылатыны рас болса, Жамбыл жері ендігі жайқалған жасыл орманға айналатын уақыт болды емес пе?! Сондықтан біз отырғызылған ағашты емес, бір жылдан кейін өнгенін санауымыз керек. Өйткені, отырғызылған тал қараусыз қалады да, көбісі өспей қурап қалып жатады. Ал, оларға бөлінген қыруар бюджет қаражаты желге ұшып жатыр. Абаттандыру жұмыстарында да осындай жағдай көптеп кездеседі. «Amanat» партиясы алдағы уақытта осы жағына назар аударатын болады. Депутат ретінде өткен айларда облыс әкіміне, облыстық денсаулық сақтау басқармасына сауалнама жолдадым. Осыдан екі ай бұрын «Қазақстан теміржолы» акционерлік қоғамының Жамбыл бөлімшесіне Жуалы ауданындағы теміржолдың астынан өтетін көпір туралы сауал жолдаған болатынмын. Қазір көліктің көбеюіне байланысты сол ескі көпірді екі жолақты етіп кеңейту туралы сұрадым. Өйткені, қазір сол көпірде кептеліс жиі орын алуда. Жақында Жуалы ауданының орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылындағы бейнебақылау қондырғыларына зерделеу жүргізгенде, орнатылған 14 қондырғының ешқайсысы жұмыс істемей тұрғанын білдім. Бұл келеңсіздік жайлы да тиісті мекемеге депутаттық сауалнама жолдадым. Олар бейнебақылау қондырғыларын жарты айдың ішінде іске қосатынына сендірді. Бұл іс те партия депутаттарының жіті назарында болады. Кейбір құрылыс мердігерлерінің сапасыз жұмысы туралы да мәселе көтеріп, олардың жауапсыз әрекеттерін әшкерелеп келеміз, – деді Керімқұл Мамырұлы. Облыстық мәслихаттың депутаты Андрей Савченко өңірде тұрғындардың спортпен тұрақты шұғылдануына жағдай жасау мәселесінің оң шешілуіне партияның баса мән беретініне, биыл облыста 15 спорт кешені, келесі жылы осындай 7 нысан пайдалануға берілуі жоспарланып отырғанына, ондағы құрылыс сапасына бақылауды күшейту қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ, депутат ретінде сайлаушылардың қала көшелерін жарықтандыру, асфальт төсеу, тұрғындарды ыстық сумен жыл бойы қамтамасыз ету, қаладағы қоқысқа қатысты сұрақтарымен бетпе-бет кездесетінін, алда бұл мәселелер назарында болатынын айтты. Сондай-ақ, депутаттар бұқаралық ақпарат құралдарының тарапынан қойылған түрлі сұрақтарға жауап берді.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Ұқсас жаңалықтар