- Advertisement -

Отандық туризмнің олқы тұсы қандай, артықшылығы неде ?

21

- Advertisement -

Әлемдік пандемиядан кейін ең көп зардап шеккен сала – туризм. Туризм тек локдауннан ғана емес, дүниежүзіндегі геосаяси кедергілер салдарынан да біршама есеңгіреп қалды. Алайда, сарапшылардың пайымдауынша, сала 2019 жылғы деңгейдің 88 пайызына дейін қалыпқа келген. Биыл бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді деген үміт бар.

Бұл кезеңде әлемнің туризм картасындағы ең көз тартатын әрі адам көп бармаған аймақ – Орталық Азия елдері болып отыр. Осы себепті де бұл аумақтағы елдердің келешекте туристік әлеуеті жоғары болатынын болжау қиын емес.

Energyprom.kz мониторинг агенттігінің ақпараты бойынша былтыр Қазақстан әлемде туристер саны бойынша 202 елдің ішінде 64-орынға жайғасыпты. Яғни, бір жыл ішінде елімізге 2 миллионға жуық резидент емес саяхатшы келген. Бұл көрсеткішті Қазақстан қонақүйлер мен өзге де адам қондыратын нысандарға келген адамдардың санымен есептейді. Өзбекстанда бұл көрсеткіш сәл басқаша есептеледі. Көрші елдің ұсынған ақпараты бойынша оларға былтыр 6,6 миллион қонақ барған. Ал, оның 5,6 миллионы туыстарына барған адамдар. Бұл тұрғыда есептейтін болсақ Қазақстанға 7,5 миллион шетел азаматы келген болып шығады. Негізінен Орталық Азияда туристер ең көп келетін елдер – Қырғызстан мен Өзбекстан. Ал, әлем бойынша көшті Франция, Польша, Мексика елдері бастап тұр. Туризм секторына айрықша назар аударатын елдердің экономикасында осы саланың кіріс үлесі әлдеқайда жоғары. Мәселен, Грузияда туризмнің экономикаға қосқан үлесі 20,8, Испанияда 13,6, Түркияда 11,5 пайызды құрайды. Ал, Қазақстанда туризмнен түсетін кіріс жалпы ішкі өнімнің 2,7 пайызын ғана құрайды.

Десек те, бұл елде туристік нысандардың аздығынан пайда болған ахуал емес. Саланы дамытуда бірқатар кедергілер бар. Олар – инфрақұрылым, қызмет көрсету сапасы және сервис. Оның үстіне саланы қаржыландыру көлемі бюджет шығынының 3,3 пайызын құрайды. Бұл 877,5 миллиард теңге.

Қазақстанда әлемдік стандарттарға сай сапалы жолдарға, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарға ғана емес туристік бренд қалыптастыруға да бөлінетін қаражат жеткіліксіз. Отандық саланың бас бренд-менеджері «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ның мәліметінше туристік әлеуетті дамыту және ілгерілету бағдарламаларын қаржыландыру көлемі басқа елдердегі осы мақсаттарға жұмсалатын шығындармен салыстырғанда өте аз. Мәселен, былтыр бұл мақсатқа 1,7 миллиард теңге бөлінген. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 39,3 пайызға аз. Былтыр Өзбекстан ел брендін дамытуға және әлемдік медиа арналардағы жарнамаға шамамен 9 миллион АҚШ долларын жұмсаған. Грузия бір ғана халықаралық ITB Berlin көрмесінде өзінің туристік қызметтерін ілгерілету үшін 37 миллион АҚШ долларын, теңгеге шаққанда 16,7 миллиард теңге төлеген. Бұл елдерге аз да болса жақындау үшін Қазақстан ең болмаса сыртқы маркетингке осыншама қаржы салуы керек.

Сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстанның ішкі туризмінің даму деңгейі – орташадан төмен. Ішкі туризм бағасының тым қымбат болуының бір себебі – бәсекелестіктің төмендігінде. Мамандардың бағалауы бойынша танымал туристік нүктелерде бизнесте аса көп кедергілер жоқ. Ішкі туризмге қарағанда ұйымдасқан көшпелі туризмнің танымалдылығы жоғары. Себебі, халық көбінесе топ болып киелі жерлерді аралауға бейім. Тағы бір назар аударатын жайт, туристік орындарға тасымалдайтын көлікке қолжетімділік төмен. Мәселен, ел ішінде ұшақ билеттерінің құны тым жоғары, пойыздарда маусым қызып тұрған шақта орын болмайды, танымал туристік маршруттарда сапалы автокөлік бола бермейді, трассаларда жанармай бекеттері жеткіліксіз, танымал бағыттарға қарай жүретін жолдардың сапасы сын көтермейді. Оның үстіне көптеген туристер туристік нысандарға қайта келуге құлықсыздық танытады. Себебі, қайта келуге ешқандай жеңілдік жасалмайды, көпшілік орындар бір жолғы маусымға ғана арналған, ойын-сауық бағдарламалары аз. Соңғы маңызды екі сипаттама – жоғарыда атап өткендей, саланы дамытуға бөлінетін қаражат аз, жарнамаға да көңіл бөлінбейді. Маркетингтік тәсілдер сараланбайды.

Туризм нарығындағы негізгі қозғаушы күш – орта және шағын бизнес өкілдері. Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі таңда олар нарықтағы ұсыныстардың басым бөлігін қанағаттандырып отыр. Мемлекет нарыққа мейлінше ықпал етеді. Алайда, ішкі туризм нарығына назар аудару қажеттігі жиі айтылатын мәселе. Бұл ретте соңғы екі жылда ішкі туризмді және туристік салада жұмыс істейтін компанияларды субсидиялау бойынша бағдарламалар пайда болды. Осы мүмкіндіктерді пайдалана білген кәсіпкерлердің туризм саласындағы тасы өрге домалайтынын болжау қиын емес. Себебі, соңғы жылдары мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына, шағын және орта бизнеске көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесінде біршама алға жылжулар байқалып келеді.

Ішкі туризмнің негізгі бағыттарына ойыссақ, көбінесе ел аумағы бойынша қазақстандықтар Алматы мен Алматы облысына, сондай-ақ Астана мен Ақмола облысына баруды жөн көреді. Оңтүстік өңірде ішкі туристер үшін танымал үш бағыт, соның ішінде үшінші мегаполис Шымкент және туристер арасында танымал Түркістан болып отыр. Айта кетерлігі, солтүстік, батыс және шығыс өңірлер туристік инфрақұрылымның дамуындағы айтарлықтай айырмашылықтарға қарамастан, ішкі туристердің баруы бойынша бір-біріне ұқсас нәтижелерді көрсетіп отыр.

Ел аумағындағы респонденттерге жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша республика көлемінде бір адамның басына емін-еркін саяхат жасау үшін 300 мың теңгеге дейін қаражат жұмсалады. Қазақстан аумағындағы ең танымал туристік орын – Щучинск-Бурабай курорттық аймағы. Қазақстандықтар арасында екінші танымал бағыт – Қапшағай су қоймасы. Танымалдылығы бойынша Қапшағай су қоймасы Абай облысындағы Алакөл көлінің жағалауынан төмен тұр. Бұл ретте Жетісу облысындағы көл жағалауы респонденттер арасында онша танымал емес және Абай облысындағы көл жағалауынан танымалдылығы жағынан да, қайтадан келу ниеті бойынша да айтарлықтай төмен. Төртінші және бесінші орындарда Түркістан қаласы мен Қарағанды облысының Балқаш көлі, соның ішінде Балқаш және Приозерск қалалары орналасқан.

Енді Жамбыл облысының туристік әлеуетіне біршама үңілсек. Өкінішке қарай, Жамбыл облысы туристік тартымдылық тұрғысынан жоғарыда аталған өңірлермен бәсекелесе алмайды. Себебі, өңірдегі туристік нысандардың негізгі бөлігі – тарихи орындар. Атап айтқанда, облыс аумағында 3 510 тарихи-мәдени ескерткіштер орналасқан. Оның 30-ы республикалық дәрежедегі нысандар. 5 ескерткіш ЮНЕСКО- ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Олар – Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас сарай кешені. Сонымен қатар, 8 ерекше қорғалатын табиғи аумақ, ал тау бөктерінде 30-дан астам шатқал орналасқан. Қазіргі уақытта облыс аумағында 221 туристерді орналастыру орындары, оның ішінде 180 қонақ үй, 1 демалыс үйі, 1 демалыс пансионаты, 9 балалар-сауықтыру лагері, 2 туристік база, 28 жалға берілетін пәтер, 525 тамақтану орны, 16 туристік ұйым, 9 балаларды сауықтыру лагері, 7 шипажай, 21 демалыс орны, 200-ден аса қолөнершілер мен 25 көлік субъектісі жұмыс атқарады.

Жамбыл облысы әкімдігі туризм басқармасының басшысы Біржан Күзембековтың айтуынша, өңірде туризм саласында қызмет көрсетіп отырған туристік бизнес субъектілеріне 4 позиция бойынша мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Атап айтқанда, туристік бизнес өкілдері туристік қызмет объектілерінің құрылысын жүргізсе, олардың шығындарының 10 пайызы өтеледі. Туристік бизнес субъектілері туристерді тасымалдауға арналған туристік автобустар сатып алатын болса, сол шығындарының 25 пайызы қайтарылады. Республикалық автомобиль жолдары бойында жол бойындағы сервис объектілерінің құрылысы жүргізілетін болса, ол объектілердің сметалық құнының 10 пайызы туристік бизнес субъектілеріне қайтарылады. Туристер үшін тартымды аумақтарда және оларға алып баратын жолдарда орналасқан дәретханаларды күтіп-ұстауға кететін бизнес өкілдері шығындарының бір бөлігі айына 83 300 теңге көлемінде субсидияланады.

– Туристік инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша «Жамбыл облысының туристік нысандарын түгендеу және зерттеу» аналитикалық жұмыстары жүргізіліп, облыс аумағында орналасқан 65 туристік нысандар бойынша ақау актілері әзірленді. «Баласағұн» қалашығына, «Таскөл», «Көксай resort» және «Алмалы» туристік орталықтарына алып баратын автомобиль жолдары мен соңғы екеуіне газ құбырын жүргізу бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Облыстың туризм саласы бойынша 2027 жылға дейін іске асырылатын, жалпы соммасы 9 миллиард 555 миллион теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олар – «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің 3 кезеңі, «Koksai resort» туристік демалыс аймағы, «Aksai resort» этно-туристік демалыс орталығы, «Таскөл» демалыс орталығы, «Алмалы resort» туристік демалыс орталығы, «Зербұлақ» аквапаркі. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 106 уақытша және 95 тұрақты, барлығы 201 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде, – дейді басқарма басшысы.

Басқарма берген мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылы облыстың туристік әлеуетін жарнамалау мақсатында 8 имидждік іс-шаралар өткізілді. Жыл басынан «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер көрмесі, «Жанды саябақтар» жобасы, «Көктем көркі – қызғалдақ» іс-шарасы, Тараз-Түркістан-Тараз бағыты бойынша «Taraz City bus» экскурсиялық бағдарламасы жүзеге асырылды. Туристерді ақпараттандыру мақсатында туристер көп шоғырланатын орындар – «Март» сауда орталығы мен «Әулие Ата» әуежайында туристерге толық ақпарат беретін, анықтамалық қызметтің барлық ресурстары шоғырланған, бірегей туристік ақпараттық терминалдар орналастырылды. Ресми мәліметке сәйкес, 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ішкі туризм бойынша облысқа келген резиденттер саны 107 079 адамды, шет елдерінен келген туристер саны 2 454 адамды құраған. Салыстырмалы түрде саралайтын болсақ, жаңа туристік нысандар ашып, сервисті күшейтпесек, жарнамаға баса назар аударып, нақты стратегия құрмасақ өңірдегі туризмнің аясы тарихи нысандармен шектеліп қала береді. Бұл тұрғыда белді бекем буып кірісіп жатқан инвестициялық жобалар көңілге сенім ұялатады. Қалай болғанда да, дамыған мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, табысты елге айналамыз десек туризмді дамыту тетіктерін билік басындағылар қаттырақ басу керек сияқты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support