Ағын су мәселесі өзекті

Ағын су мәселесі өзекті
ашық дереккөз
Ағын су мәселесі өзекті
Облысымызға жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаты, «Республика» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров өңір ахуалымен танысуды Байзақ ауданы, Қостөбе ауылындағы «Медеу» каналының құрылысын көруден бастады. Депутатпен «Республика» саяси партиясының белді өкілі Қуаныш Шоңбай, аталған партиядан сайланған облыстық мәслихаттың депутаты Нұрсұлтан Темірхан бірге жүрді. Биыл толық жөндеуден өтіп жатқан бұл канал 1470 гектар алқапты суарады. Мұнан соң депутат Дихан ауылындағы «Сатыбалды» каналында болды. Халық қалаулысын канал жұмысымен Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков таныстырып, бірқатар мәселелерге тоқталды. «Бізде ағын су мәселесі күрделі болып тұр. Қажетті ылғалдың жоқтығынан 2350 гектар қант қызылшасының 400 гектары өнбей қалды. Осы «Сатыбалды» каналы сапалы жөнделсе, 1 мың гектардан астам алқапқа кедергісіз су жетер еді» деді. Депутат Айдарбек Қожаназаров ағын су еліміз бойынша өте өзекті болып тұрғанын, оны өте үнемді пайдалану керектігін айта келіп, Үкімет назарына су шаруашылығы министрлігі немесе агенттігі жеке құрылуы қажеттігін ұсынып депутаттық сауал жолдағанын айтты. Одан әрі Айдарбек Асанұлы: «Мен сіздерді тыңдап, қарапайым еңбек адамдарымен сөйлесіп, жергілікті жердегі мәселені өз көзіммен көргелі келдім», – деді. Бұдан кейін халық қалаулысы бастаған қонақтар 250 гектар алқапқа қызылша өсіріп отырған «Шарипов» шаруа қожалығына да атбасын бұрды. Аталған алқапқа жаңбырлату тәсілі қолданылуда. Гектарына 900 центнер тәтті түбір жинауға мүмкіндік бар. Жалпы, Байзақ ауданы бойынша жаңбырлатып суару тәсілі 750 гектар алқапты қамтиды. Мәжіліс депутаты жиналған шаруа қожалық өкілдерімен еркін әңгімелесіп, ойларын тыңдады. «Ағын су тапшылығы жылдан жылға арта береді. Қырғыз елінен де су мөлшерін жеткілікті ала алмай отырмыз. Егістікке жаңбырлатып және тамшылатып суару әдісін кеңінен қолдану қажет. Заманауи жетістіктерге мән берген өте дұрыс. Егер 5 миллиард теңгеге бірнеше канал жөнделіп, кемі екі ауданға ағын суды еркін жеткізетін болса, Үкіметтен қаржы бөлдіруге дайынбыз. Ол өзін ақтайтын қаражат. Оны құзырлы орындарға түсіндіреміз. Осы ауданда 750 гектар алқап ғана жаңбырлату тәсілімен су ішеді. Бұл аз. Бұл жағдай майда шаруашылықтардың іріленуін қажет етеді. Өндірілген өнімді экспорттау мәселесі де дер кезінде шешімін тауып отыру керек. Шаруаларға қолдау көрсету жалғаса бергені абзал», деді депутат. Сонымен қатар, Айдарбек Қожаназаров сапарын Жамбыл ауданы, «Қызыл диқан» шаруа қожалығында жалғастырды. Мұнда Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы «Бізде де ағын су тапшылығы мәселе. Су қоймаларымызда сақталған аз ғана тіршілік нәрін барлық шаруашылықтарға тең бөліп беріп отырмыз. Ауданымыздағы 22 мың гектар суармалы алқап биыл 27 мың гектарға артты. Жас азаматтардың егін егуге ынтасы зор. Оларға қолдау керек» десе, аталған аудан әкімінің орынбасары Ербол Жиенқұлов ұңғыма қазуға бөлінетін субсидия көлемін арттыруды ұсынды. Мәжіліс депутаты бұл талап-тілектерді тегіс тыңдап, Парламент мінберінде мәселені ашық көтеруге уәде берді. Мұнан соң депутат «Қуат» және «Жамбыл» каналдарының жөндеу жұмыстарына назар аударды. «Қуат» каналының Аса ауылындағы 1235 гектарға су жеткізуге мүмкіндігі бар. Жамбыл ауданында кейбір үздік шаруа қожалықтар қант қызылшасының әр гектарынан 1 мың центнер өнім алғалы отыр. Әсіресе, «Жамбыл» каналына бөлінген 700 миллион қаражаттың жауапсыз жұмсалғаны байқалады. Тазаланды деген каналдың түбі қамысқа толып кеткен. Сондықтан, бұл каналдың жұмысы қабылданбай, тапсырыс берушілер мердігерлермен бір мәмілеге келе алмай отыр. Ал, Аса ауылының тұрғыны Балаби Мейірханов 30 гектар алқабы сусыз қалғанын жеткізді. Депутат көзімен көрген барлық мәселелердің назарында болатынын айтты. Халық қалаулысының сапары Жуалы ауданындағы «Теріс Ащыбұлақ» су қоймасында жалғасты. Аталған су қоймасының басшысы Қайрат Шымыров жиналған судың көлемі түрлі себептерге байланысты едәуір төмендеп кеткенін, алайда келесі жылы жиналатын су көлемі артады деген болжам бар деді. «Көксай» каналына жүргізілген жұмыстар барысымен Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Рахымғазы Күниязов таныстырды. Мұнда 14 шақырым канал қазылып, ел игілігіне қызмет етіп отыр. «Ендігі каналдың бетондалмаған тұстары бетондалса, соған қаржы бөлінсе деген ойымыз бар», деді аудан әкімінің орынбасары. Депутат 100 гектар жерге картоп өсіріп отырған «Злиха» шаруа қожалығында болып, шаруалардың мәселелеріне назар салды. Аталған қожалықтың механигі Нұрлан Лесов картоптың гектарына 30 тонна өнім алатындарын, ол егіншілік пен ғылымды ұштастырғанда, жаңаша сортты таңдай білгенде мүмкін болатынын айтты. Ал, «Ақсай» су шаруашылығы мекемесі директорының орынбасары, аудандық мәслихаттың депутаты Мұхамеджан Әсемов Мәжіліс депутатының алдында бірнеше мәселе көтерді. «Бізде су саласындағы мамандар мен жұмысшылардың жалақысы 70-80 мың теңге. Бұл қаражатқа ешкім қызықпайды. Онан соң жердің технологиясын сақтауды қойдық. Егін шаруашылығын ғылыммен ұштастыру мүлдем ақсап тұр. Жерасты суын үнемді пайдалану өте өзекті. Жерасты суын бейберекет пайдалансақ, біз аз жылда ауыз су мәселесіне тап боламыз», – деді. Ауданның жанармай бойынша операторы Нұржігіт Бегалиев 6,5 мың тонна жанармай сақтайтын орын бар екенін айтып, жанармайдың боялып келгеніне алаңдаушылық білдірді. Бұдан соң депутат «З.Мешелова» сыр зауытында болды. Мұндағы жұмыс барысын таныстырды. Оның айтуынша, осында тәулігіне 20 тонна өнім Болгариядан сатып әкелінген жаңа технологиялармен өндірілуде. Жиын соңында Айдарбек Қожаназаров БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. «Біз бүгін үш ауданды араладық. Барлығында ағын су мәселесі өзекті. Жуалылықтар су мамандарының айлығы аз екенін, жанармайдың боялып келетінін, жерасты судың ретсіз пайдаланылып жатқанын көтерді. Біз бұл мәселелерді назарда ұстап, Мәжіліс мінберінде кезең-кезеңімен қозғайтын боламыз. Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы мәселелерін көзбен көрдік. Ол алдағы жұмысымызға серпін береді. Облыста жаңа технологияны пайдалануға жақсы бетбұрыс бар», деді депутат.  

Есет ДОСАЛЫ.

Байзақ , Жамбыл, Жуалы аудандары.

Ұқсас жаңалықтар