Қолөнерді кәсіпке айналдырған азамат

Қолөнерді кәсіпке айналдырған азамат
ашық дереккөз
Қолөнерді кәсіпке айналдырған азамат
«Өнерлінің қолы алтын» деген сөздің астарында шебер қай кезде де істің көзін, табыстың өзін табатынын аңғартар ұғым жатыр. Небір таршылық замандарда да өнерлі адамдар тығырықтан шығар жол тауып, жан баққанын әдеби шығармалардан оқыдық. «Өнерлі адам қор болмас, дос-жаранға зар болмас», дегенде де халық осыны меңзесе керек. Т.Рысқұлов ауданындағы Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Жансерік Болат та ісмерлік өнерін кәсіп көзіне айналдырып отыр. Ол «Қожай ат әбзелдері» атты жеке кәсіпкерлігін ашып, ер, тоқым, жүген, қамшы секілді тұлпар ұстағанға қажетті бұйымдарды өндіріп келеді. Жансерік Сұлтанұлы қазір 26 жаста. Бала күнінен жылқыға жақын өскен ол әкесінен ат әбзелдерін жасауды үйренеді. Өзі де көкпарға аса қызығушылықпен қарап, сәйгүліктің сырын ұғып өскен. – Көкпарға қызығушылығым, әкемнен көрген өнегем ат әбзелдерімен жұмыс жасауыма себепші болды. Мектеп оқушысы болып жүргенімде ат әбзелдерін жасап, аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, түрлі жүлделерді олжаладым. Терімен жұмыс жасауды үйреткен ұстазым – Нұрболат Шаңбаев. Сол кісінің еңбегінің, көмегінің арқасында қазіргі таңда осы кәсіппен айналысып отырмын. Қасымдағы көмекшім – өз інім. Бізге еліміздің барлық өңірлерінен, көршілес қырғыз елінен тапсырыстар түседі. Ат әбзелдеріне деген сұраныс жоғары. Кейде тапсырыстардың көптігінен үлгермейтін кездер де болады. Алдағы уақытта кәсібімізді бұдан әрі дамытып, кеңейтсек деген жоспарымыз бар. Жаратқан бұйыртса, алдағы уақытта кәсібімізді кеңейтсек, осы іске қызығушылығы бар, өнерлі балаларды шәкірт ретінде тәрбиелеп, оларды жұмыспен қамтамасыз етуді қолға аламыз деп ойлап отырмыз, – дейді кәсіпкер. Жылқы жануарына жақын болғандықтан, өзінің де жанына серік еткен тұлпары бар. Есімін «Сенімді ақтау» мағынасымен «Justify» деп атапты. Кейде онымен бірге серуендеп, сырласатын көрінеді. Ағылшын тұқымдас бұл тұлпарының жасы төртте. Қазір оны арнайы көкпарға дайындап жүр. Сондықтан, оның жем-шөбіне, күтіміне баппен қарап, қажетті дәрумендерін уақтылы беріп отыруды ұмытпайды. – Әдетте біздің халық жылқыны жесең – ас, ішсең – сусын, мінсең – көлік, сырқаттансаң – ем деп жатады ғой, тілін шын ұққанға ол сенімді сырлас, серік те бола алады. Мұң шақсаң көзіне жас алады, сырыңды ақтарсаң басын шұлғып, пікіріңді қолдайды. Әсілінде, жылқы – малдың асылы ғой. Сондықтан да оған ауыр жүк артып, оңды-солды жұмсай бермей, күтіміне көңіл бөлу керек. Үстіне салатын ер-тоқымын, жабынды жабдықтарын жанына батпайтындай, ауырлық түсірмейтіндей ыңғайлы етіп жасаған дұрыс, – дейді Жансерік Сұлтанұлы. Бір қызығы – Жансеріктің оқып, меңгерген мамандығы – «Мұнай және газды қайта өңдеу». Алайда, өзінің қызығушылығымен қазір ат әбзелдерін дайындайтын кәсіпкер. Әкесі мал шаруашылығымен айналысқанымен қолынан іс келетін талантты болғандықтан да шығар, балаларының бәрі шебер. Үлкен қызы да қолөнер пәнінен дәріс беретін мұғалім. Кіші ұлы Дизайн және Технология университетінде оқып жүр. Ал, Жансерік ата-әжесінің қолында өскендіктен де болар, шаруаға бейіл, іске тиянақты. Сонысымен де табысты кәсіпкерге айналып отыр.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар