- Advertisement -

Ұйқысыздық дерт пе?

163

- Advertisement -

Сырқат жанның ұйқысы жақсарса, жағдайы оңалады дегенді көп естиміз. Атақты Генри Лонгфелло «Түнде демалу құқығы күндіз күш жұмсауға, істі аяқтауға мүмкіндік береді» деген екен. Расында ағзаның күш жинауы үшін ұйқы өте қажет.
Дегенмен, көп ұйықтаған да жақсы емес. Уайымшыл адам ұйқышыл келетіні мәлім. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) бір хадисінде «Үмбетім үшін ең қатты уайымдайтын нәрсе – қарын шығару, артық тамақ жеу, көп ұйқы және түйсік-танымның таяздығы» деген. Абайша айтсақ, «қарыны тоқтық, уайымы жоқтық, аздырар адам баласын».
Жалпы, қазақ ұйқыны дұшпан санаған. Тіпті, фольклордағы аңыз-ертегілерде де осыны айтқан. Мысалы: «Дәу қырық күн, қырық түн ұйқы көрмей, тамақ ішпей, ел шауып, неше түрлі зұлымдық істеп, сарайына әбден әлсіреп келеді. Ол сарайына келген соң, қырық күн ұйықтап әбден әлденіп, қайтадан жорыққа шығып отырады екен» деп басталатын «Жалғыз көзді дәу» ертегісінде дәудің қалың ұйқысы өзінің түбіне жететіні айтылады.
Ғалымдар ұйқысыздық та, ұйқышылдық та дертке шалдықтыратынын айтады. Қалай десек те, шым-шымдап шыңырауға тартатын ұйқының бір тылсым күші бар. Сонау бір жылдары бүкіл дүниежүзі ғалымдарын таңғалдырған түркістандық Назира Рүстембекованың 16 жыл қалың ұйқыда жатып, ағылшын, орыс тілінде еркін сөйлеуді үйреніп оянуы ұйқының біз білмейтін беймәлім жақтары көп екенін дәлелдегендей.
Мұндай оқиғалар әлемде көп. Мәселен, вьетнамдық Нгуен Ван Кха 50 жылдық ғұмырының 27 жылында ұйықтамаған екен. Ол Еуропаға барып, Қытайға келіп емделсе де, ұйқысыздықтан арыла алмаған.
Вьетнамдық Ман Тхи да ұйқысыздықтың зардабын көп тартқан. Оның түнімен көз шырымын алмайтынын, кітап оқып, теледидар көріп, уақыт өткізу үшін тағы басқа жұмыстармен айналысатынын әйелі Ман Тхидың өзі үш жылдан кейін ғана барып біліпті. Ал ағылшындық фермер Юстас Бернетт 56 жыл ұйықтамаған. Ол да кітапқұмар екен. Түні бойы кроссворд бен сканворд шешіп, радио тыңдайды. Дәрігерлер оған әртүрлі дәрілер бергенімен, бұл әрекеттің бәрі нәтижесіз болып шыққан.
Әлемде ұйқысыздардың көшбасында тибеттік монах Дава тұр. Ол 90 жыл көз ілмеген екен. Соңғы рет 11 жасында ұйқысын бір қандырған Дава екі рет болған дүниежүзілік соғыс кезінде ұйықтамапты. Монахтың ұйқысыздығын зерттеген дәрігер-мамандар оның бойында ерекшелік барын байқаған. Тибеттік монах көз ілмегенімен, зерттеу қорытындысы оның өмірінің жартысына жуығы ұйқымен өткенін көрсеткен.
Немістерде «Тәтті ұйқы – тамақтан кем емес» деген сөз бар. Ал күрдтер «Ұйқы қорғасыннан ауыр, қанттан тәтті» дейді.

Камила Борашова,
журналист.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support